Білім

Балалары  да аналарының жолын қуды

Новохайрузовка ауылындағы Тілек пен Айбарша Абылғалиевтардың шаңырағын мұндағы жұрт ұстаздар әулеті деп таниды. Себебі үйдегі отанасы Айбарша Жәрдемқызы – Новохайрузовка орта мектебінде 40 жылға таяу еңбек етіп, талай шәкіртті қияға түлетіп, үлкен өмірге ұшырған ұлағатты ұстаз. Бүгінгі таңда Айбарша Абылғалиеваның ұл-қыздары  мен келіндері де аналарының жолын қуып, ұстаздық қызметте жемісті еңбек етіп жүр.

Айбарша Жәрдемқызы Абылғалиева 1957 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жанқала ауданына қарасты бұрынғы Киров ауылында дүниеге келген. Он жылдық білімді өзі туып-өскен ауданындағы атақты қазақтың күйші қызы Дина Нүрпейісова атындағы орта мектебінен бітірген соң, сол тұстағы еліміздің  астанасы Алматыға келіп, мұндағы қыздар мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түсіп, «география және биология пәні мұғалімі» мамандығын игеріп шығады.

– Біздің отбасы  үлкен еді, – дейді сөз басында Айбарша Жәрдемқызы.  – Үйде он бала өстік. Ең үлкені мен болдым. Қазір сол онымыздың тоғызы тірі. Өкінішке қарай, үйдегі ең кенжеміз кішкентай кезінде қайтыс болды. Ата-анамыз еңбек адамдары болды. Әкеміз, марқұм Жәрдем Дәлденұлы ауылда совхоз директоры болып  еңбек етті, анамыз Ажар Мажетова әкемізбен бірге совхозда есепші болып жұмыс істеді. Анамыз қазір, Құдайға шүкір, көзі тірі, сексеннің үшінен асты. Сол Батыс Қазақстанда ұл-қыздарының қолында тұрады. Әлі күнге дейін қолынан ине-жібін тастамай іс тігеді, өте ісмер жан. Бізді де сонау балалық шағымыздан бастап қазақы қолөнерге баулыды. Қазір өзіміз де жұмыстан  қолымыз қалт етсе, немерелерге деп көрпе-жастық, бөстек-көрпешелерімізді тігіп отырамыз. Батыс өңірі негізі қазақи қаймағы бұзылмаған аймақтардың бірі ғой, сол себепті біз бала кезімізден ұлттық салт-дәстүрімізден алшақтамай, оларды керісінше бойымызға сіңіріп, қазақи тәрбиеде өстік. Кейіннен отбасыда алған бұл тәрбием осында келгенде өзіме үлкен көмегін тигізді.

1980 жылы Айбарша Жәрдемқызы өзінің құдай қосқан өмірлік серігі, бұрынғы Чернова, қазіргі Аққайнар ауылының тумасы Тілек Абылғалиевқа тұрмысқа шығады. Ол кезде екеуі де әлі Алматыда институтта оқып жүрген кездері еді. Отағасы  – Тілек ағамыз сол тұстағы Алматының мал дәрігерлік институында оқыпты. 1983 жылы жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін жас отбасы Черноваға қайтып келіп, осында 1985 жылға дейін тұрады.

– 1985 жылы біз отбасымызбен Новохайрузовкаға көштік. Бұнда көшкен себебіміз, жолдасым өз мамандығы бойынша осында қызметке ауысты. Екі жылдан кейін мен жергілікті мектепке қазақ тілі пәні мұғалімі болып жұмысқа кірдім. Ол уақытта мектеп директоры П.Полькин дейтін азамат болатын. Содан бері 2015 жылға дейін, зейнеткерлікке шыққанша үздіксіз еңбек еттім. 2000 жылдан бастап он жыл бойында директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болдым. Ол кезде шаңырағымызда үш баламыз дүниеге кеп қойған кездері. Үлкеніміздің есімі – Ұлан, онан кейінгі қызымыз Маржан, кенжеміз – Нұрлан. Қазір олардың барлығы есейіп, ержетті. Өздері бір-бір отбасын құрып, балалы-шағалы болды, – дейді жоғары санатты ардагер ұстаз.

Иә, Айбарша Жәрдемқызының үш баласы да аналарының жолын қуып, өмірлерін шәкірт тәрбиелеп-оқыту жолына арнады. Ағайынды Ұлан мен Нұрлан Қадыштар  қазір Новохайрузовка орта мектебінде еңбек етеді. Ұлан алғашқы әскери дайындық пен георграфия пәндерінен сабақ береді. Жоғары санатты мұғалім. Нұрлан балаларды еңбекке баулиды, яки технология (еңбек) пәнін оқытады. Екеуінің ұстаздықтағы еңбек жолдары да әжептәуір. А.Абылғалиеваның келіндері де – мұғалім. Ұланның жұбайы Лаура – бастауыш сынып, ал Нұрланның әйелі Татьяна – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері. Олар да – білікті мамандар, жоғары санатты ұстаздар. Ал Абылғалиевтар әулетінің қыздары Маржан –Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы.

– Ұлдарым мен қызымның ұстаздық жолды таңдауларына менің өзімнің осы мамандық иесі ретінде ықпалым тиді деп есептеймін. Себебі олар көздерін ашқаннан бері аналарының мұғалім болғандығын көріп өсті. Кейіннен өздері есейіп, ержеткен соң, мектеп бітірер кез келгенде мұғалімдік кәсіпті таңдайтындықтарын айтты. Үлкен ұлымыз мектеп бітірген жылдары Кеңес Одағы тарқап жатқан аласапыран бір уақыт еді. Сол бір тоқырау заманда балалар қоғамда адаспай, өз орнын таба білді. Мен олардың осы мамандықты таңдағандарына өте қуанамын. Жалпы, мұғалім болған адам тәрбиелі, зиялы, адамгершілік, ар, ұят деген қасиеттерді білетін, одан аттамайтын жан болады ғой. Құдайға шүкір, балаларымыз үмітімізді ақтады. Келіндерім де бір төбе. Үйде де, қызметте де іске келгенде алдына жан салмай еңбек етеді. Ұл-қыздарымнан алты немере сүйіп отырмыз. Барлығы да – қазір мектеп оқушылары. Үлкен ұлдың екі баласынан болашақта ұстазға тән  кейбір қасиеттерді байқаймын. Үлкенге сыпайылық, кішіге ізет көрсетуді әлден біледі. Мектептерінде де сабақтарын жақсы оқиды, спортпен айналысады, үйде де әке-шешелерінің қолғабысы. Қалған немерелерім де жан-жақты. Мәселен, Нұржанның қызы Аружан қазір 5 сыныпты бітірді. Музыка мектебіне барады, одан бөлек, сурет салады. Түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүр. Бәрін айт та бірін айт, немерелерімнің ешбірін бөліп-жармаймыз, атасы екеуіміз барлығын да жақсы көреміз. Олардың ертең өмірде дұрыс адам болып өсуіне дұрыс тәрбие беріп келеміз деп ойлаймын, – дейді А.Абылғалиева.

Біз мұғалімдікті сүйіп таңдадық

– Айбарша апай, айтыңызшы, неге ұстаздық жолды таңдадыңыз? Бұл сіздің арман еткен, жүрек қалауыңызбен таңдаған мамандығыңыз болды ма? – деп  кейіпкерімізден ең негізгі сұраққа жауап алғымыз келді.

– Иә, мен мұғалім болуды бала кезден армандадым. Себебін айтайын. Сол кездегі біздің ұрпақ, ұлдар жағы  әскерге барып, Отан алдындағы борышын адал атқаратын сарбаз болғылары келсе, қыз балалар мұғалім болуды қалайтын. Өйткені қоғамдағы идеология мықты болатын. Ұстаздардың мәртебесі жоғары еді. Олар ел ішіндегі ең зиялы, ең құрметті де абыройлы мамандық иелері болатын. Біз мектепте мұғалімді құрметтеп өстік. Алдын кесіп өтпейтінбіз. Сол себепті өсе келе, мектепті аяқтағанда мен біржолата мұғалім боламын деп шештім. Адам мамандық пен жар таңдауда қателеспеуі керек. Мен екеуінен де қателескем жоқ. Сол үшін өзімді бақытты жанмын деп есептеймін. Ұстаздықты таңдағаныма өмірде бір сәтке болса да өкінген емеспін. Өзімнің мамандығыма жанымды беріп жұмыс істедім. Қазір де зейнетке шыққан соң әлі мектепте география пәнінен сабақ беремін. 8 сынып жетекшісімін.  Біздің үлкен отбасында мен ғана емес, бауырларым мен сіңлілерім де ұстаздық жолды таңдады. Мәселен, бауырым Абылай Молдашев – жоғары санатты тарих пәні мұғалімі. Гүлбарша мен Айзада дейтін екі сіңлім де – ұстаз. Олардың бірі жоғары санатты математика пәні мұғалімі болса, екіншісі колледжде тәрбие ісінің меңгерушісі, психолог болып қызмет етеді.

– Жалпы, ұстаз болу үшін адам өзіне қандай қасиеттерді серік етуі керек?

– Әуелі, адам ұстаздықты таңдап, сол жолда биік жетістіктерге жету үшін ол сол мамандыққа жаны құмартып, жүрегі қалап тұру керек. Екінші, ұстаздықты таңдаған екенсің, онда аянбай еңбек ет. Өзгеге емес, ең бірінші өзіңе деген талап пен тәртіпті күшейте біл. Өз мамандығыңның асқан шебері бол. Кәсіби деңгейде жоғары бол. Өзіңді сыйлай біл. Ең бастысы, алдыңдағы шәкіртті сыйла, оны жақсы көр. Бізді осылай тәрбиеледі. Бізге мектепте де, институтта да сапалы білім берді. Институт бітіріп келген жас ұстаздардың өзі теориялық білім қоржындары мол болатын. Сонан кейін барып жинаған білімдерін тәжірибемен әдемі астастыра білетін. Баяғыда біздің жас кезімізде, мұғалімдікті енді ғана бастағанда, ертеден қара кешке дейін мектептен шықпай, күні-түні ізденіс үстінде жүретінбіз. Сөйтіп барып қана ұстазда алға деген ұмтылыс, баланы оқытамын деген ниет болады. Қазіргі жас ұстаздарға да айтарым осы, күйбең тірліктің жетегінде жүріп қалмаңдар, үнемі өз пәндеріңіз бойынша білім-біліктеріңізді шыңдап отырыңыздар.

Шәкірттерге артық ауыртпалық салуға болмайды

Ұлағатты ұстаз қазіргі білім беру жүйесіндегі кейбір олқылықтарға көзін жұмып қарай алмайтындығын қынжыла айтады. Айбарша Жәрдемқызының айтуынша, қазіргі білім беру саласында оқулықтардың сапасы көңілін  көншітпейді.

– Түсінесіз бе, балаға артық ауыртпалық салуға болмайды. Сапалы білім нәрімен сусындату үшін баланың жас мөлшері, білім  деңгейі ескерілуі қажет. Соған сәйкес, оқулықтағы тапсырма да ыңғайластырылуы керек. Кейде қазіргі оқулықтарды қарап отырып,  шынымен де ішім ашиды. Жүйе, бірізділік деген тәртіп жоғалған секілді. Балаға деген талап та баяғыдай емес. Мұғалімге мұғалім, шәкіртке шәкірт ретінде қарау керек. Түптеп келгенде, бәрі де тәрбиеге келіп тіреледі. Ұстаздардың қадірі мен мәртебесі қай уақытта болмасын жоғары болуы керек.  Әлі де түсініксіз тұстары көп. Болашақта осылардың бәрі бір жүйеге келіп, дұрыс жолға түссе екен деп үміттенемін, – дейді ұлағатты ұстаз Айбарша Абылғалиева.

Новохайрузовкадағы ұстаздар әлеті, міне, осындай. «Алты алаштың баласы қосылса, төрдегі орын ұстаздікі» деген еді Мағжан ақын. Ұлттық салт-дәстүрін ұмытпайтын, тілі мен ділін, тарихын қастерлеп өсетін білімді ұрпақты тәрбиелейтін осындай ұстаздар әулеттері көбейе берсін!

Тимур Смағұлов

Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button