Білім

Балалардың қауіпсіздігі қатаң сақталады

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Биыл мектепке бес мыңға жуық бірінші сынып оқушылары барады. Қала мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы туралы конференцияда Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов айтып берді.

Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қаладағы мектептер жаңа оқу жылын қашықтан бастайды. Бүгінгі күні аз қамтылған отбасылардың оқушыларын уақытша компьютермен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жұмыс аяқталуда.

– Мектептерге 900 компьютер таратылды, енді жергілікті бюджеттен тағы 666 және республикалық бюджеттен 5337 компьютер сатып алынады деп жоспарлануда. Интернетпен қамтамасыз ету мәселесі де шешіліп жатыр. «Қазақтелеком» Восход, Холодный ключ және Ұшақтар кенттерінде интернетті күшейту бойынша жұмыс жүргізуде, – деді Ермак Сәлімов.

1-4 сыныптардың 11 мыңнан астам оқушылары кезекші топтарда дәстүрлі форматта оқу жылын бастайды. Мектептерде барлық қажетті санитарлық шаралар сақталатын болады. Шағын ауыл мектептерінің оқушылары да дезинфекциялық режимді сақтай отырып,  дәстүрлі режимде оқиды. Балабақша тәрбиеленушілері кезекші топтарға ата-аналарының қалауы бойынша қатысып қана қоймай, ата-аналарымен қашықтан да оқи алады.

– Мен барлық мектеп директорларына және білім бөлімінің басшысына мектептер мен балабақшалар ашылған кезде балалардың денсаулығын сақтауды,  қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырамын, – деді қала әкімі.

Айта кету керек, биыл мұғалімнің мәртебесі туралы заң қабылданып, мұғалімдердің жалақысы 25% -ға өсті. Дәптерлерді тексеру, магистратура және жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беру үшін мұғалім қосымша ақы алатын болады. Сонымен қатар мұғалімдер енді қажет емес есептер дайындаумен айналыспайды.  Мұның бәрі мұғалімдерге оқу процесінің сапасын жақсартуға және бәсекеге қабілетті азаматтарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді.

Наргиза Омарқанова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button