Балаларға лагерь жетпей жатыр
Бүгінде Семей қаласында 41 416 мектеп жасындағы оқушы бар. Бірақ осылардың ішінде тек 2 мыңы ғана қала сыртындағы жаздық лагерьлерде демала алады екен. Оның өзінде де небәрі үш лагерь ғана жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, «Түрксібке 50 жыл» лагері бір маусымда 320 бала қабылдаса, «Радуга» 120 баланы, «Жас қанат» лагері 80 баланы қабылдай алады.
Бір маусым дегеніміз – екі апталық демалыс. Сонда есепке алсақ, Семейдегі әрбір 20 баланың біреуі ғана жазда лагерьде демалады екен. Үш лагерь, әрине, жеткіліксіз. Ал осы үш лагерьдің материалдық-техникалық жағдайы төмендеп кеткен.
-Қала сыртындағы, мектеп жанындағы және күндіз келіп демалатын лагерьлерде спорттық, сауықтыру, экологиялық және тілдік бағыттар берумен ерекшеленеді, – дейді қалалық білім бөлімінің бастығы Наталия Фесенко, – лагерьлерде баланың дүниетанымына қатысты түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Биыл балаларды сауықтыруға, демалтуға көп көңіл бөлініп жатыр. 2018 жылы балалар демалысы үшін бюджеттен 28 млн. 625 мың теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 млн. 201 мың теңгеге артық. Ал тұрмысы төмен отбасылардың балаларына 11 млн 950 мың теңге қарастырылды. Лагерьлерді жөндеуге 13 млн. 455 мың теңге берілсе, оның ішінде ыстық тамақ үшін 300 мың теңге бөлінді.
Наталия Фесенконың айтуынша, қала сыртындағы жаздық лагерьлерге деген қажеттілік күн сайын артып отыр. Себебі маусым айында басталатын лагерь жолдамасының ақылы түрін оқушылар сонау сәуірден бастап, кезекке тұрып сатып алып қояды. Себебі лагерьлерде демалыс жақсы ұйымдастырылады. Қазір шағын орталықтар мен балабақшалар сияқты балалардың жазғы лагерьлерін де жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде салып беруге болады.
-Бірақ әзірше ешбір кәсіпкер лагерь салып бергісі келмей отыр, – деді қалалық білім бөлімінің бастығы. – себебі бұл кәсіп түрі жыл бойы емес, тек жазғы маусымда ғана қолға алынатындықтан, пайда жағына да қарап отырса керек. Жаңа айттым ғой, биыл балалардың демалысы үшін 28,625 миллион теңге бөлінді. Осының 15,4 миллион теңгесі қала сыртындағы жазғы лагерьлердің әрлеу-жөндеу, құрылыс жұмыстарына деп белгіленген еді. Бірақ бұл қаражат жетпей жатыр. Тек соңғы екі жылда ғана лагерьлерге там-тұмдап көңіл бөліне бастағандықтан, біз ескіріп кеткен шатырларды, терезелерді ауыстырып, балалар ойнайтын алаңқайларды жасақтай бастадық.
Мәселен, «Түрксібке 50 жыл» лагеріндегі барлық корпустардың шатырларын жөндеп шықса, «Жас қанатта» бассейнді жөндеп, асхананы қалыпқа келтірген. Әрине, бұлардың барлығы сонау кеңес кезінен қалған лагерьлер. Жаңадан салғанға бюджеттен қаржы жетпейді. «Түрксібке 50 жыл» және «Радуга» лагерлерінде шомылатын жер жоқ, суға түсуге мүмкіндік тек «Жас қанатта». Ересек оқушылар үшін еңбек лагерін қалпына келтірмек болыпты. Бірақ оған да әзірше қаражат жоқ.
Бір айтарлығы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай, Семей өңірінің оқушылары Қазақстан мен облысымыздың барлық тарихи, қасиетті жерлерін аралап жүр екен. Сондай-ақ «қауіптті топтағы» балалардың да демалысы назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда кәмелетке толмағандар бойынша полицияда есепте 23 оқушы, мектепішілік есепте 35 оқушы тұр. Бұл балалардың тәрбиесі, психологиясы ескеріліп, қоғамдық жұмыстарға шақырылады. Психологиялық тренингтер ұйымдастырылып, алдын алу шаралары жүргізіледі.
-Тұрмысы төмен отбасыларының балалары да басты назарымызда,-дейді Наталия Фесенко,-биыл жазғы және мектеп жанындағы лагерьлерде көпбалалы және жағдайы жоқ жанұялардан 5900 бала демалуда. Оның ішінде 522 бала асырап алған отбасылардан, ал 195 тәрбиеленуші №8 және №5 мектеп-интернаттардан қамтылып отыр. «Түрксібке 50 жыл» лагері мен Назарбаев зияткерлік мектебінің жазғы лагерьлерінде балалар тек демалып қана қоймай, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгереді. Тілдік бейімдегі лагерлерде екі мың оқушы демалмақ. Сондай-ақ Семейдегі облыстық биологиялық орталықта 600 оқушы демалып, табиғат пен экология саласына ден қоюда. Спорттық шараларды ұнататындарға «Радуга» лагерінің есігі айқара ашық.
Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қала маңындағы «Жас қанат» және «Радуга» лагерьлерін аралап көрген еді. Бұлардағы ескірген диван, стол-орындықтар мен ойын алаңдарын жақсарта түсу қажет екен. Қала басшысы балалардың жазғы лагерьлерінің техникалық базасын жаңартып, материалдық жағынан қамтуымыз керек деп нықтап айтты. Жаңадан лагерь салу мүмкін емес. Сондықтан да зауыттар мен кәсіпорындардың 1980 жылдары салынған ескі лагерьлерін жаңартып іске қосу керек. Кем дегенде жазда 15 мың бала сауығып, демалуы қажет болса, қазір небәрі 4 мың бала ғана қамтылып отыр.
-Балалардың ересек жастағылары жазда бос жүрмей, еңбек етуге ұмтылады,-деді қалалық білім бөлімің бастығы, – қаланы көгалдандыру, абаттандыру бригадаларында 15 мың жасөспірім жұмыс істеуге ниет білдірді. 1800 бала жөндеу-құрылыс жұмыстарына атсалысып жатыр. 938 бала мектептердегі еңбек отрядтарының құрамында жүр. Ал ауыл балалары әке-шешелеріне көмектесіп, егін алқаптарында жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, бала демаламын, не еңбек етемін, тіл үйренемін, яки денсаулығымды түзеймін десе, біз барлық мүмкіндікті жасауға тиіспіз.
Раушан Нұғманбекова
Семей.