Мәдениет

Балалар үйіне «Қаламқас» келді

Балалар үйіне «Қаламқас» келді


Елбасының «Рухани жаңғыру» Жолдауы аясында қолға алынған «Туған жер» бағдарламасы бойынша Абай ауданының «Қаламқас» халықтық ән-би ансамблінің өнерпаздары Өскемендегі «Үміт» балалар үйіне келіп, концерттік бағдарламасын ұсынды.

Концертті тамашалауға жиналған өнер жанашырлары бұл күні осыдан 45 жыл бұрын ұлылар

елінде құрылған аталмыш ұжымның өнерпаздарына риза болды. «Қаламқастың» Бақыт Шағатаева, Тамара Көзбаева сынды саңлақтарымен бірге өнер көрсеткен Таңнұр Жақсыбеков, Еркеназ Мәнненова, Ақбота Кәрменова, Еркін Жолжігіт, Жанат Хайсина мен әншілер квинтеті көрермендердің ерекше қошеметіне бөленді. Сахнада шырқалған музыкалық шығармалар арасында «Жақсы адамдар», «Қазағым-ай», «Сырғалым», «Ұлы дала», «Қос жеңге», «Астана вальсі», «Қаламқастың әні» сияқты әндер көпшілік қауымның көңілін бір серпілтіп тастады.

Мерекелік шара барысында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Елдар Оразалы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының төрт томдығын тарту етті. Бұдан бөлек, қайырымдылық көмек ретінде 100 мың теңгені табыстаған Елдар Оразалы келер жылдың мамыр-маусым айларында балаларды Абай ауданындағы «Еңлік-Кебек» кесенесі, «Қоңыр әулие» үңгірі сынды басқа да киелі жерлерді тамашалап қайтуға шақырды.

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру үшін ең алдымен біздің елдің ертеңі – балаларымыз туған жердің тарихын біліп өсуі тиіс. Сонда ғана дамыған отыз елдің қатарына еніп, болашақта өз елін басқа мемлекеттерге таныта алатын патриот жастарды тәрбиелеп шығара аламыз, – дейді Елдар Оразалы.

Концерт соңында «Үміт» балалар үйі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Салықбаева абайлық өнерпаздарға алғысын білдіріп, оларға шығармашылық табыс тіледі.

– Биыл Елбасының «Туған жер» бағдарламасы аясында біздің балалар Зайсан, Зырян, Глубокое аудандарына барып, ол жақтың табиғатын тамашалап қайтты. Енді келесі жылы Абай ауданына баруды жоспарлап отырмыз, – дейді Гүлжан Салықбаева.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button