Спорт

Балалар тай жарыстырып жүр

Байырғы баба ғұрыптан бері жылқыға жақын болмысымыздан айырылған емеспіз. Технология төрге озған бүгінгі жаһандық ғасырда да жылқының жалына жабысып өсіп келе жатқан жас ұрпақ бар. Солардың бір тобы – Зайсан ауданы, Қаратал ауылында асау тай мініп жарысып жүр.

Атамзаманнан бергі ас пен тойда да тай жарысы тысқары қалған емес. Бүгінгі таңда да дәстүрлі үрдіс жаңғырып, әр өңірде «Алтын тай» бәйгесі жыл сайын өтіп келеді. Бұл – байырғы үрдістің үзілмегенінің дәлелі. Ал біз тілге тиек етіп отырған Қаратал ауылының қарадомалақтары қақаған қыста да тай жарыстырып жүр. Олардың ат жалын тартып мініп азамат болуларына ауыл мектебінің ұжымы мен ата-аналар қолдау көрсеткен.

– Бұл тек әдепкі ойын ғана емес, баланы жастайынан қоғамдық өмірге, еңбекке тартып, шаруашылық жағдайымен ерте танысуға мүмкіндік береді. Бала жылқы малын танып, шыдамдылыққа үйренеді. Тайға мінген баланың омыртқасы мен арқасы түзеледі. Координациясы жақсарады. Шағын моторикасы дамиды. Ал далада бой жазып, тайға мініп, таза ауада серуендеудің пайдасы айтпаса да түсінікті. Қаратал орта мектебінде  ата-аналардың қолдауымен «Тай жарысы» жобасы жалғасуда. Бұған демеушілік танытып,  ата-аналар да қолдау көрсетуде. Жобаның жетекшісі – мектептің ата-анасы Б.Ишимбаев. Жобаға 20 оқушы қатысты. Ауыл шетінде тай жарысына арнайы жол дайындалған. Семинар аясында болған тай жарысында шабандоздар марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Осылай ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудегі игі бастамалар жалғасын табуда, – деп жазды Зайсан ауданы әкімдігі әлеуметтік желідеге парақшасында.

Әрине, әлеуметтік желідегі жұрт та бұл бастаманы құба құп көруі заңдылық. Өйткені жылқы десе, бүйрегі бүлк етпейтін қазақ жоқ шығар. Соның бір дәлелі әлеуметтік желідегі жұрт тай жарыстырған балаларға сәттілік тілеп, қызу қолдау көрсетті.

– Өте құнды бастама! Бес жасынан тайға мініп, ат үстінде ойнайтын қазақтың сайып-қыран жігіттері жоғалып кеткелі қашан?! Өткеніміз оралғандай үлкен тебіреністе болдық. Ерлік! Батылдық! Қазақы өнердің ұшқыны жалындап, өскелең ұрпақтың бойынан ерекше рухты байқадық. Жарайсыңдар! – деп жазды аудан тұрғыны Гүлжанат Аманбаева.

Осылайша ауылдың балалары баба дәстүрді жаңғыртып, асау тай мініп жарысып жүр. Қыс бойы қара жарысқа қатысып ысылған тайлары жаздағы аламан бәйгеге бабы келіп дайын тұратын болмақ. Міне, бұл – ұлттық ат спортына қосылып жатқан үлкен үлес.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button