Қоғам

Балалар сырғанақты сағынып қалыпты

Балалар сырғанақты сағынып қалыпты

Өскеменнің Комсомол аралында көптен күткен қысқы сырғанақ ашылды. Мұздан қалашық салып, қардан төбешік үюге биылғы жайлы қыс мүмкіндік бермесе де, облыс басшылығының тапсырмасымен өскемендіктерге конькимен кедергісіз сырғанауға болатын мұз айдыны пайдалануға берілді.
Бұл жерде қыс түсе салысымен, қаланың жасы да, кәрісі де жыл сайын сырғанақ теуіп, атқа мініп, мәре-сәре болып жататын. Қарсыз басталған биылғы желтоқсан қала тұрғындарын қыс қызықтарынан айырып тастағандай. Әйтпесе, жол жиегіндегі шағын алаңқайға бала-шаға шүпірлеп, түннің бір уағына дейін улап-шулап жататын. Сахна құрылып, шағын концерттер мен спорттық бағдарламалар, Жаңа жыл сияқты бұқаралық мерекелер осы жерде өтетін.
Биыл қыс басталғаннан бері Комсомол аралы тым-тырыс. Қар жаумағаннан кейін бұл маңайға ешкім аттап басқан жоқ. Іргедегі ауылдардан аттарын баптап әкеліп, жалға беретін жігіттер де байқалмайды. Буын бұрқыратып кәуәп пісіріп, тоңғандарға ыстық шай ұсынып, демалыс қызығын қыздырып жататын кәсіпкерлер де көрінбейді.
Облыс басшысы осыған орай жауапты орындарға тапсырма беріп, өскемендіктердің қыс мезгіліндегі дәстүрлі демалыс орнына қайта жан бітірді. 10-қаңтарда көптен күткен мұз айдыны ашылды. Өскемен қалалық әкімдігінің жергілікті өзін-өзі басқару кеңесі аралға мұз айдынын қатырып, конькиді жалға беру орнын ашты. Бір қуанарлық жайт, жалға берілер конькилер биылдан бастап жаңаланған екен. Былтырғы тозығы жеткен, ойдан-қырдан құралған аяқ киімдер биыл көзден таса. Сөреде су жаңа 65 жұп коньки көзге шағылысып тұр. Сырғанақ тебуге келген қалалықтар аяқтарына дәл келетінін іздеп те қиналмайды, мұнда 27-ден бастап, 47-ші өлшемге дейін бар екен.
Сырғанақтың салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Темірбек Қасымжанов қатысып, мұз айдынының лентасын қиды. Қыс басталғаннан бері облыс орталығында барлығы 25 хоккей қорабы іске қосылып, балалар қысқы каникулдарын барынша мағыналы өткізген дәл сол күні Өскемендегі №32-орта мектептің ауласындағы мұз айдыны да іске қосылды. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Лариса Поломошнованың айтуынша, алдағы апталарда сырғанақтардың барлығын қалпына келтіріп, пайдалануға беру жұмыстары жүргізіледі. Комсомол аралы мен «Алтай» стадионы қазірдің өзінде сырғанақсүйер өскемендіктерді қабылдап жатыр.
Комсомол аралында конькиді 1 сағатқа жалға алудың бағасы 500 теңге екен. Сырғанаққа көбінесе мектеп оқушылары, көпбалалы отбасылардың балалары келетінін ескерек, бұл – біршама қымбат баға. Бір үйден үш бала келетін болса, орта табысты отбасы үшін бұл айтарлықтай қомақты шығын. Мұз айдынына екі баласын әкелген қала тұрғыны Мұратбек Есеновтің айтуынша, автобусқа төлейтін жол шығынын қосқанда, балалар үшін баға сәл қымбаттау.
– Балалар үшін – 300, ересектер үшін – 500 теңге болса да, жарар еді, олар мектептен келген соң күн сайын барғысы келеді. Сырғанаққа құлшынып тұрған екі балаға күнделікті 1500 теңгедей ақша кетеді, – дейді ол.
Мұз айдыны енді көктемге дейін қызмет көрсететін болады. Дүйсенбіден басқа күндердің барлығында сырғанақ алаңы түнгі 22.00-ге дейін ашық.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button