Балалар суициді сегіз есеге артқан
Баланы ғаламтордың жағымсыз әсерінен қалай құтқаруға болады, жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқына не себепші, оқушы қыздардың діни атрибутика киюі несімен қауіпті? Қоғамды алаңдатып отырған осы келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында еліміздің барлық өңірінде «XXI ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» тақырыбында республикалық ата-аналар конференциясы өтті. Осыған орай Өскемендегі Ахмет Байтұрсынов атындағы №20 орта мектебіне жиналған ата-аналардың қарасы көп болды.
Ата-ананың қолдауы аудай қажет
– Мемлекетіміз балалардың денсаулығын қамтамасыз етуге, олардың тәрбиесі мен білім алуына зор күш жұмсап, отбасы проблемаларын жіті назарда ұстайды. Ел мүддесі үшін өскелең ұрпақтың еңбек және зияткерлік әлеуетін дамыту міндеті – мемлекеттік саясаттың ең маңызды міндеттерінің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпақтың адамгершілік қағидаларды ұстанатын, саналы таңдау жасай алатын және ел игілігіне бағытталған дербес шешімдер қабылдай алатын жан-жақты тұлға болып тәрбиеленуі тиіс екендігін айтудан жалыққан емес. Қазіргі заманғы ата-аналар отбасында баланың дамуы мен тәрбиесі үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, мұғалімдермен, мектеп әкімшілігімен өзара әрекет етуі тиіс, – деді мектеп директоры Базарбек Садықов.
Әлемдік статистика көрсетіп отырғандай, соңғы отыз жылда 10-14 жас аралығындағы балалар суициді сегіз есеге артқан. Мектеп психологы Маржан Серікбаеваның айтуынша, өкінішке қарай былтыр өңірімізде сегіз суицидтік жағдай орын алған. Сондықтан әр ата-ана баласын эмоционалды қолдауды назардан тыс қалдырмауы керек. Жасөспірімнің күн тәртібін сақтауын қадағалап, араласатын достарын біліп отыру қажет. Мамандардың айтуынша, өзіне қол жұмсауға итермелейтін факторлар – отбасының шайқалуы, күтпеген сәтсіздік, физикалық немесе моральдық зорлық-зомбылық, жазықсыз балағат, ортаның қудалауы сияқты жағдайлар. Достары көп, ата-анасымен қарым-қатынасы жақсы бала ешқашан мұндай оқыс жағдайға бармайды, дейді мамандар.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Жанетта Амангелдіқызы ата-аналар балаларға бірыңғай ұлттық тестілеуге дейінгі уақытта барынша қолдау көрсету қажеттігін айтты.
– Қазір өзім дәріс оқитын биология, дефектология мамандығына оқып жүрген алғашқы курс студенттерінің сексен пайызы «осы оқуға анамның айтқанымен түстім» дейді. Болашақ мамандығын өзі таңдамаған соң, қызығып оқымағаннан кейін ертең олардан қандай маман шығады? Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармасында айтылғандай, әлде балаңыздың білімсіз дәрігер, талантсыз музыкант болғанын қалайсыз ба? Сондықтан, мамандық таңдауда
баланың бейімділігі, қызығушылығы, қарым-қабілеті ескеріліп, таңдауды өзі жасағаны жөн.
Кей ата-аналардың «ҰБТ-дан жоғары балл алсаң телефон, қымбат киім әперем» дейтін әрекеті де дұрыс емес екендігін айта кеткен жөн. Білім саласына қазір жылда өзгерістер енеді. Жаңартылған оқу мазмұнының да өзіндік талаптары бар. Жоғары балл алам деп жүрген бала орташа балл да жинай алмай, ішкі күйзеліске түсуі мүмкін. Сондықтан ата-аналар жоғарғы сыныпта оқитын балаларына ҰБТ-ның нәтижесімен өмір тоқтап қалмайтындығын түсіндіріп, айтып отыруы керек. ҰБТ дәл мұрнымыздың ұшына келгенде қимылдамай, жоғарғы сынып оқушылары жаңа оқу жылынан бастап жүйелі түрде әзірленгені тиімді.
Ғаламтор несімен қауіпті?
Ғаламтор бір жаңынан көмекші болса, екінші жағынан жасөспірімнің жеке кеңістігіне үлкен қауіп төндіретін ақпараттық қоқыс әкелетін «жау» болуы да мүмкін. Зорлық-зомбылық, есірткі, тыйым салынған идеологиялық ұғымдар туралы ақпарат тарататын сайттар баланың психикалық дамуына кері әсер ететіндігі сөзсіз. Түрлі форумдар, құмар ойындар, әлеуметтік желілер, зиянды тақырып сайттарымен қатар, интернетте алаяқтар да көп. Сондықтан ғаламторда қандай да бір адамға өзі, отбасы туралы ақпарат бермеуі керек екендігін балалар білуі тиіс.
– Ата-аналардың «әйтеуір, тыныш отырса болды» деген желеумен, баласына смартфон, планшет ұстата салуы салдарынан бүгінде компьютерлік тәуелділік алты жасар балалар арасында да бар. Десек те, 12-15 жастағы жасөспірімдер арасында жиі кездесетін бұл тәуелділік 16-17 жасқа қарай шешілуі қиын мәселеге айналуы да мүмкін, – дейді білікті психолог Маржан Серікбаева.
Мамандар айтып өткендей, компьютерге тәуелділіктің алдын алу үшін баланы түрлі үйірмелерге, спорт секцияларына беріп, бос уақытын тиімді ұйымдастыру керек. Ерте жастан бастап үйдегі міндеттерге де баулыған жөн.
Орамал тағуға тыйым салынған
Жиын барысында жасөспірімдерде деструктивті діни ағымдардан сақтандыру шаралары жайлы да кеңінен сөз болды. Еліміздің білім жүйесі ата-ананың діни нанымына қарамастан, әр баланың орта білім алуына жағдай жасауды қамтамасыз етуге бағытталған. Білім беріп қана қоймай, оларды өнерге, спортқа және зияткерлік дамуға баулу арқылы тұлғалық дамуын көздейді.
– Еліміздегі мектептер зайырлы сипатта. Сол себепті 2016 жылы Білім және ғылым, Әділет, Дін істері және азаматтық қоғам министрліктері қыз балаларға діни атрибутика киюге заңмен тыйым салды. Арнайы бұйрықпен мектеп формасы үшін бірыңғай қағидалар енгізілді. Заң нормалары еліміздегі барлық конфессиялар мен этнос өкілдері үшін бірдей. Демек, діни экстремизмнің алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай мектеп формасынан ауытқымаған жөн, – деді А.Байтұрсынов орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Анар Иманғалиева. – Бірыңғай мектеп формасы – бұл кең таралған халықаралық тәжірибе. Діни атрибутика оқушының діни ұстанымын ерекшелейтіндіктен, оқушылардың бөлінуіне, дінаралық алауыздық туындауына себепші болуы мүмкін. Деструктивті ұйымдар баланың тұлға болып қалыптасуына кедергі келтіреді. Жалпы, ислам кәмелетке толмаған қыз балаларды хиджаб киюге міндеттемейді. Діни міндеттер кәмелеттік жасқа толғаннан кейін және «балиғат» ұғымына сай болғанда ғана жүктеледі.
Отбасы және балалықты қолдау орталығының өкілі Гүлжаз Арғынбекқызы айтып өткендей, әрбір ата-ананың мінез-құлқы, өмір сүру салты – бала үшін үлгі. Сондықтан құрғақ ақыл айта бергеннен гөрі, ата-ананың өзі балаға жақсы үлгі-өнеге көрсеткені абзал. Отбасы және балалықты қолдау орталығында әлеуметтік педагогтар мен психологтар жұмыс істейді. Жасөспірімнің мінез-құлқында өзгеріс байқалса, ата-анасы психологтың көмегіне жүгінгені дұрыс. Орталық тегін қызмет көрсетеді. Анонимді телефон желісі тәулік бойы жұмыс істейді.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ