Әлеумет

«БАЛАБАҚШАДА» БҮЛДІРШІНДЕРГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

Бүгінгі сәби – ертеңгі ұлт кадры. Ұлтқа қатысты мәселенің ең басында бала тәрбиесі, ұрпақ тәрбиесі мәселесі, мүддесі тұратыны аян. Қазіргі балалардың қызығатын дүниесі көп. Күршімдік өнерпаз, ақын Оралбек Бұлжановтың «Балабақшада» атты кітабы сол өсіп келе жатқан жас ұрпақтың талғамына татитын, өзгерген санасына сай келетін, ой салатын, бүгінгі заманның бет-бейнесін бейнелеген туынды.

Сыртқы мұқабасынан бастап ішіндегі суреттері, әріптеріне дейін балаларға бейімдей, әдемі етіліп басылған кітаптың беттеріндегі әр туындыны Оралбек Рәбілұлы бүлдіршіндердің ортасында жүріп шығарыпты.

– Бала өмірінде, бала тәрбиесінде кітаптың орны бөлек екенін бәрі біледі. Абай айтқандай «Артық білім – кітапта». Осы шығармамда балалардың кітапқа деген қызығушылығын оятып қана қоймай, оны бүлдіршіндерді тәрбиелеудің басты бір құралы ретінде пайдалануды мақсат еттім. Биыл балалар жылы аясында шығып отырған  бұл кітап, 10-15 жылғы еңбегімнің жемісі. 2006 жылы балабақшаға  музыка жетекшісі  болып  орналастым. Сол кезде тәрбиешілер ашық сабақ, ертеңгіліктер  жүргізгенде мәліметтер, әртүрлі тақырыпқа арналған өлең, тақпақтар табу қиын болды. Интернет  желісіндегі  байланыс  әлсіз. Сол кездердегі  қажеттіліктен осы кітапта  жинақталған өлеңдерім дүниеге келді, – дейді күршімдік Оралбек Рәбілұлы.

Кітаптың ерекшелігі сонда, балаларға арналған туындының алғашқы парағы «Балабақша гимні» ән-өлеңімен басталып, ішіндегі өлең, жырлардың көпшілігі  балабақшада өтетін түрлі мерекелерге арналады. Сонымен қатар кітапта балаларға арналған шағын әңгімелер, ертегілер, аударма өлеңдер (нотасымен), әртүрлі тақырыптарды  қамтитын тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, қисынды сөздік және төрт түлік пен аңдарға, жәндіктерге  арналған өлең  жинақтар топтастырылған.

Өткен қараша айында Өскемендегі Пушкин атындағы облыстық кітапханада осы «Балабақшада» кітабының тұсаукесері өтті. Балалар жылына орай ұйымдастырылған шараға Өскемендегі балабақшалардың тәрбиешілері, әдіскерлері, меңгерушілері және «Шығыс балдырған»  балабақшасының бүлдіршіндері, «Жас талант» оқушылар театрының тәрбиеленушілері, Степное негізгі мектебінің оқушылары, кітапхана қызметкерлері, кітап авторы Оралбек Рәбілұлының туыстары, жолдастары және басқа да көрермендер қатысты.

Мерекелік шара балабақша тәрбиеленушілері орындаған Оралбек Бұлжановтың «Күз келді» әнімен ашылды. Кездесуді жүргізген Гүлнұр Зұлқаршынқызы автордың өмірі жайында баяндап, балалар әдебиетіне қалам тербеуге түрткі болған жайттар жөнінде сұрақтар қойып, көрермендер алдында шағын сұхбат жүргізді. Оралбек Рәбілұлы кітапты талдап, көрермендерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Балалар  жылына орай шыққан «Балабақшада» атты бұл кітап мектеп жасына дейінгі балдырғандарға ғана емес, сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларына да тамаша базарлық екенін айта кеткен абзал. Сол сияқты балабақша тәрбиешілері мен музыка жетекшілеріне де таптырмас оқу-тәрбие құралы.

Шағын сұхбаттан кейін «Жас талант» оқушылар театры сахна төріне көтеріліп, Оралбек Бұлжановтың «Аю және бал аралар» атты қойылымын сомдады.

Автор туралы тағы да толықтыра кетейік. Оралбек  Бұлжановтың есімі 2014 жылы «Шәкіріт жүрегіне жол тапқан ұстаз» Білім беру жүйесінің үздік қызметкерлері жинағына енгізіліп, ол 2018 жылы «Өнерге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған. Осы уақытқа дейін Оралбек балаларға арнап 20 ән, үлкендерге арнап 20 ән шығарып, шығармаларының бәріне авторлық құқығын алған. Бұрнағы жылы Қарағанды қаласында өткен «Бүлдіршінге жыр арна» республикалық конкурсында автор бірінші орынды иеленген.

Кеш барысында Оралбек Рәбілұлының өзі де домбырамен, гитарамен ән айтып, көрермен қошеметіне бөленді. Кездесу қонақтары ағайынды Бұлжановтардың   төлқұжаты болып кеткен «Анашым құдіретіңе табынаман» әнін тыңдап, өнерлі әулетке қошемет көрсетіп, ризашылықтарын білдірді.  Кеш соңында Оралбек өзінің «Балабақша гимні» әнін сырнайда орындап берді.

Жамал Ермен

Осы айдарда

Back to top button