Білім

Бала жанының бағбаны

Ұстаз болу жай ғана бір кәсіптің етегінен ұстау емес, оған үлкен жүрекпен келу керек секілді. Себебі мұғалім сабақ беріп қана қоймайды, алдына келген тал-шыбықтай жас өренді үлкен өмірге қанаттандырып, тәрбиелейді.

Сабағын бір сарындылыққа ұрындырмай, оқушыны ынта-ықыласпен тыңдата білу ұстаздың ізденімпаздығымен, жаңашылдығымен байланысты екені белгілі.

Тарбағатай ауданында беделіне кірбің түсірмей, өз кәсібін адал ұстанымда атқарып жүрген ұстаздар жетерлік. Солардың қатарында Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектептің шебер-педагог санатындағы тарих пәні мұғалімі, тарих магистрі Қуаныш Қабидолдинды айрықша атап айтуға болар. Ұстаздардың төл мерекесіне орайлас болған соң жерлесіміз жайлы аз-кем ой қозғағанды жөн санадық.

Қуаныштың бір ерекшелігі – аудандағы өтіп жататын барша рухани, мәдени іс-шаралардың, басқосулардың үнемі бел ортасында жүретіндігі. Сабағын беріп, жұмысы бітісімен үйіне қайтып кетіп, басы артық жұмысқа өзімді шаршатып қайтем десе де, оған ешкім ренжімейтіні белгілі. Алайда Қуаныш Қабидолдин – бір сарында, бір сүрлеумен ғана жүріп үйренбеген мұғалім. Айналасындағы қоғамдық құбылыстарға самарқау қарап отыра алмайды. Туған аудан, туған жердің бір шегесі болсын түзу қағылса екен деп, игі істердің қасынан табылады. Ауданда әр салада олқы тұстар болса, оны мінберлерден бүкпесіз баяндап, азаматтық үнін жеткізеді. Жеке бастың емес, көптің қамын ойлайды.

Мектеп қабырғасында тарих пәнін оқытуымен қатар, үнемі ізденіс үстінде жүріп, тарихи-танымдық мақалалар жазатыны тағы бар. Солардың ішінде бөле-жара айтуға болатыны – «Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің Тарбағатай жеріне келуі» атты мақаласы. Тау тұлғаның тарихи сәттерін сипаттаған материал оқырманның қызығушылығын тудырды. Осы мақаласы «Тарихқа толы Тарбағатай» деген көптомдық альманахқа енді. 2021 жылдың желтоқсан айында меценат, руханият жанашыры Дулат Тастекейдің қолдауымен ұйымдастырылған «Assyltas» қоғамдық қорының Алматыда өткен жылдық қорытындысында республиканың түкпір-түкпірінен өз саласында үздік болғандар марапатталған еді. Біздің жерлесіміз Қуаныш Қабидолдин сол кезде «Үздік мақала авторы» атанып, арнайы шақырылып, алғыс хат және қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Бұдан өзге, ұстаздың «Тарбағатай-Барқытбел: тарихыңды тани жүр» атты кітап пен көптеген жинақтарға мақалалары жарияланған. Тарбағатай ауданының алғашқы білім ордасы саналатын Абай атындағы орта мектебінің 90 жылдығына арналған «Сан қыранды самғатқан алтынт ұя» атты кітабының құрастырушы редакторы. «Ұстаз шәкіртімен әйгілі» дегендей, оқушылары аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық пән сайыстарында жүлдегер атанып жүр. Мәселен, Қабанбай батырдың 330 жылдығына орай, Өскеменде «Уа, Қабанбай, көзелім» деген тақырыппен балалар мен жасөспірімдер арасында өткен республикалық байқауда Қуаныш Қабидолдинның шәкірті, Абай орта мектебінің оқушысы Иманғали Тілеубекұлы «Қабанбай туралы жырды жатқа оқу» бағыты бойынша II дәрежелі дипломмен марапатталыпты. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге де болады.

Сонымен қатар кейіпкеріміз – өлкетану пәніне арналған «Тарбағатай тарихы» деген бағдарламаның да авторы. Аудандық тарих пәні мұғалімдері шығармашылық тобының алқа мүшесі. Былайша айтқанда, қай кезде болмасын қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретін жан-жақты ұстаз.

Биылғы жылы 17-19 шілдеде Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығына арналған «Батыр бабалар жолымен: Сырдария – Жетісу – Шығыс» атты республикалық тарихи-танымдық экспедиция алты мың шақырым жол жүріп, қаншама тарихтың тұңғиығына үңілді, деректер жинады. Сол экспедиция құрамында мүйізі қарағайдай тарихшы ғалымдармен бірге Қуаныш Қабидолдин де болды. Көптеген танымдық, құнды деректер жинаған ұстаз осының бәрін мектеп қабырғасында оқушылардың бойына дарытып жүр. Тағы бір атап айтарлығы, Қуаныш Қабидолдин қазақтың қайсар мінезді қызы, Желтоқсан көтерілісінің құрбаны Сәбира Мұхамеджанова туралы көп жазды, зерттеді. Нәтижесінде биыл жазда Сәбира Мұхамеджанова туралы магистрлік диссертация қорғаған. Бұл да тарихқа қосылған сүбелі үлес, маңдай тер екені даусыз.

Ұстаздық ету – бала жанының бағбаны болу деген сөз. Тек тарих пәнінен сабақ беріп қана қоймай, өзінің пайым-пікірімен оқушылардың тарихи санасының іргетасын қалауға елеулі еңбек сіңіріп жүрген Қуаныш ұстазға еңбегің жана берсін дейміз.

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ.   

Осы айдарда

Back to top button