Білім

Бала тәрбиесінде отбасының орны бөлек

«Отан отбасынан басталады». Өйткені, бала болмысынан байқалатын мейірімділік пен оның өзгелермен қарым-қатынасы сол шағын Отан – отбасынан алған тәрбиеге тікелей байланысты. Өйткені, отбасында ғана бала ата-анасы мен жақындарынан салауатты өмір салтын ұстануды, өзгелерге жақсылық жасау мен ата дәстүрі мен Отан-анасын сүюді үйренеді.

Бала тәрбиесінде отбасының орны бөлекӨскеменде ел көлемінде алғаш рет өзгеше сипатта өткен ата-аналар қоғамдарының форумы негізінен осындай қағидаттарға бағытталды. Қаладағы №3 көпбейінді мектеп-гимназияда бастау алған форум аясында ата-аналармен бала тәрбиесіндегі өзекті дүниелерден ақпарат беретін бірнеше тақырыпта дөңгелек үстелдер, психологиялық тренингтер мен шеберлік кластары, тіпті, түрлі байқаулар да өткізілді.

Түске дейін осындай бағдарламалар шеңберіндегі шаралардан көп жәйттерді түйсінген ата-аналар ШҚМУ-дың 5-ші оқу ғимаратында осы бір өзекті мәселе бойынша облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВПЕН кездесіп, көкейдегі сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.

Оқушыларды балмен және сүтпен қамту
енді қатаң бақылауда болады

Ата-аналармен кездесуін отбасылық құндылықтар, бала мен ананы қорғау, әкелердің рөлі турасындағы әңгімемен бастаған өңір басшысы бұлардың бәрі мемлекеттің басым бағыттарының бірінен саналатынын айтып, келешек иелерінің білімді болып өсуі үшін жыл сайын бөлінетін қаражат пен игіліктерден де нақты ақпарат беріп өтті. Ол қаржылар өңір мектептерін заманауи құрал-жабдықтармен, атап айтқанда, түрлі пәндерге арналған және мультимедиялық кабинеттер алуға жұмсалып келеді.

– Өздеріңіз білесіздер, соңғы 3-4 жыл көлемінде балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді, көп мектептер жанынан шағын орталықтар ашылуда. Дегенмен, бұл әлі де болса аздық етіп отырғаны байқалады. Ал балаларды балмен, сүтпен қамтамасыз ету өте жақсы басталғанымен, нақты қадағалаудың босаңсуына байланысты бұл тұста біраз кемшіліктер орын алды. Ендігі жерде ондай олқылықтарға жол берілмеуі тиіс, – деген аймақ басшысы бұл көкейкесті мәселені ілкімді шешу үшін аудан әкімдері мен білім бөлімдерінің басшылары өз өңірлеріндегі шаруа қожалықтарының басшыларымен келісіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде олардың мектеп оқушыларын сүтпен тегін қамтамасыз етуіне ықпал етуін қарастыруы керектігін көлденең тартты.

Бүгінде тағы бір жаппай қолға алынбай отырған шаруа – оқушылардың жазғы каникул кезіндегі демалысын ұтымды ұйымдастыру. Бұл жерде әл-әзірге іс тындырмай отырған аудандардың қатарында Аягөз, Абай, Бесқарағай және Бородулиха аудандары келеді. Оларда ешқандай жазғы лагерьлер жұмыс істемеуде. Қазіргі уақытта облыс басшысы тарапынан бұл аудандардың әкімдеріне аталған мәселе бойынша нақты тапсырмалар берілген екен.

Өңірдің білім саласындағы түйткілді мәселелерді сөз еткен аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жиынға қатысушылар мен интерактивті байланыс бойынша қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Өскемен шаһары атынан жолданған өтініш-арызда қаладағы мектептерде оқитын аз қамтылған отбасыларының балалары түгелдей тегін тамақпен қамтылмай отырғаны туралы сөз етіліпті. Өңір басшысының талап етуімен бұл мәселенің себептерін қалалық білім бөлімінің бастығы А.Кузнецов жеткізіп, қазір есепте 3300 бала бар екенін, ал еленбей қалған балалардың ата-атаналары көмек сұрап, өздеріне хабарласуы керектігін баяндады.

Тағы бір қойылған сұрақ неліктен оқушыларға мектеп ішінде ұялы телефон ұстауға рұқсат етілмейтіні туралы болған. Бұған өңір басшысы: «Мектепте балаларға ұялы телефонмен сөйлесуге болмайтыны дұрыс, өйткені, олар сабақ кезінде телефонмен ойнамай, білімге ден қоюы керек. Бұл – тәртіп» деп жауап қайтарса, Глубокое ауданы, Верх-Березовка ауылындағы мектепте әлі күнге дейін спорт залы жоқ екенін жеткізген адамға бұл жағдай жауапсыз құрылысшылардың кесірінен орын алып отырғанын, биыл спорт залы салынып бітетінін айтты.

Аймақта өркен жайып келе жатқан Курчатов қаласының жұртшылығын қалада колледж сынды орта арнаулы білім беретін мекеме мен балалардың демалысын ұйымдастыратын мәдени орталықтар ашылса деген мәселелер толғандырады екен. Оған:

– Курчатов шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында барынша қолға алынуға тиіс қала. Онда соңғы 30 жыл көлемінде бірде-бір құрылыс жүргізілмеген. Біз аталған қаладағы төрт үйді қалпына келтіреміз, өткен жылы алғашқы балабақша пайдалануға берілген, енді мектеп құрылысын қолға алу жоспарланып отыр. Бұл шаруалар алдағы уақытта да жүргізіле бермек, – деген жауап қайтарды аймақ басшысы.

Қаладағы қазақ мектептерінің саны артады

Әңгіме барысы өңірдегі қазақ мектептеріне ойысқан тұста облыс Әкімі білім ордалары көбейтіле беретінін тілге тиек етіп, келешекте Өскемендегі сегіз қазақ мектебі тағы да екі мектеппен толығатынын, атап айтқанда, қаланың Сол жағалауындағы 19-шы ықшам ауданда бір мың орындық қазақ мектебінің құрылысы басталғанын және салынып жатқан драма театрының жанынан НАЗАРБАЕВ зияткерлік мектебі салынып бітісімен қазіргі Президент мектебі қазақ мектебіне берілетінін, сөйтіп, Сол жағалауда төрт қазақ мектебі болатынын жеткізіп, біраз бала саны аз мектептерді барынша тиімді пайдалану керек болатынын атап өтіп, бұл мәселеде Өскемен, Риддер және Зырян қалаларының білім бөлімдері ойлануы керектігін баса айтып өтті. Осы жерде оңтайландыру арқылы жаңа мекенге көшкен №3 мектептің бұрынғы ғимараты қазірде балалардың шығармашылық үйіне айналдырылып, оқушылардың игілігіне қызмет ете бастағаны соның айқын мысалы деуге болады.

Форумға қатысушыларды міне-міне келіп қалған «Ақ жол» атты мектеп бітірушілер балын мейрамханалар мен дәмханаларда өткізу дұрыс па? деген сауал толғандырады екен. Бұл өңір басшысының пікірінше, ондай кешті мүмкіндігінше мектеп қабырғасында өткізген жөн екен. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де форумға қатысушылардың көкейіндегі мәселе болып шықты. Бердібек САПАРБАЕВ ондай балаларды қашықтан оқыту бойынша нақты жұмыс жасалып жатқанын, «Мейірім» акциясы шеңберінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жасалып отырған көмектер туралы баяндап, облыстық білім басқармасының бұл тұрғыда әлі де көп мәселені шешуіне тура келетінін де көлденең тартты.

Сөз кезегін алған риддерліктердің сауалы он екі жылдық білім беруге көшу кезінде қандай да бір шаралар қолға алына ма дегенге сайды. Әкім аталған мәселе бойынша салалық министрлікке ұсыныстар жіберілгенін, ал нақты жағдайлар әзірге қанатқақты мектептерде ғана жасалып отырғанын баяндады.

Көп жерде бас ауыртып отырған шағын комплектілі мектептердің жағдайы шемонайхалықтарды да айналып өтпеген екен.

– Бұл мәселе өзекті екенін түсінерсіздер. Екі-үш, тіпті, төрт сынып бір жерде оқығаннан қандай нәтиже күтуге болады? Одан мектептер жанынан интернаттар ашып, сонымен қатар, балаларды тасымалдап оқыту ғана шығара алады деп ойлаймын. Жалпы, «Ауылдық тұрғын мекендерді дамыту перспективалары» атты бағдарламаға сәйкес, ауылдар өркендеп, соған орай мектептер де салына бермек, – деп жауап берген аймақ басшысы семейліктердің «Семей қаласында дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептер салына ма?» деген сауалына бүгінде 300 орындық мектеп-интернат үшін арнайы жер телімі бөлініп берілгенін айтып өтті.

Нақ жиын үстінде ғана 30-ға тарта сұрақтар қойылса, олардың кейбірі білімнен тыс сауалдар болғанын да айтқан жөн. Мәселен, қала іргесіндегі Меновное ауылының тұрғынын жолдардың сын көтермейтінін және арада қатынайтын автобустардың өте сирек жүретіні қынжылтса, кейбір ата-аналарды балаларын оқудан тыс кезде көп шараларға қатыстыратыны алаңдатады екен. Бұл мәселелер жайында негіздей сөз саптаған Әкім:

– Бала сенбіліктер мен түрлі спорттық шараларға қатысқаннан жаман болмасы хақ. Осылай ету арқылы біз балаларды түрлі келеңсіз қадамдарға ұрынудан сақтап, олардың көппен бірге еңбек етуге баулынатынын естен шығарып алатын сияқтымыз. Мұның бәрі баланың келешегі үшін қажет емес пе? – деді.

Емен-жарқын әңгімелесу бедерінде өткен кездесуде көптеген адамдар осындай шараны өткізуге бас болған Бердібек САПАРБАЕВҚА алғыстарын білдіріп, өздерінің жақсылықты сәттерімен де бөлісті. Шараның көптен күткен дүние болғанына бұл кездесуге жалпы жұртшылықтан жүзден аса сұрақтар келіп түсуі дәлел болғандай еді. Әрине, аймақ басшысы бірер сағаттық кездесуде олардың барлығына жауап бере алмағандықтан, қалған сауалдарға облыстық білім басқармасының сайтынан нақты жауаптар алуға болады екен.

Сонымен аймағымызда тұңғыш рет өткізілген ата-аналар форумы ардақты ата-аналарды марапаттау сәтіне де келіп жетті. Облыс Әкімі бұл күні алқаланған бір топ жандарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыстады. Олар: «Үздік отбасы» аталымы бойынша І дәрежелі дипломға ие болған күршімдік Нұрсадықовтар, жармалық Мәмбетниязовтар мен ұландық Жанымхандар (ІІ дәрежелі) және өскемендік Мусиновтар мен риддерлік Сафроновтар және бородулихалық Ақановтар отбасылары болса, абайлық Т.Ерболин, өскемендік Р.Асхабов пен Е.Курдюков, тарбағатайлық Б.Құнафин, зайсандық С.Уәлиев пен үржарлық С.Сәулеханов әртүрлі дәрежедегі «Үздік әке» дипломдарын иемденді. Ал «Үздік қамқоршы» және «Үздік патронат-тәрбиеші» атағына Ж.Атабаева, Г.Колоткина, Б.Қасымова, А.Нұрайханов, Ж.Желдібаева мен Жарма ауданынан келген Боранбаевтар әулеті ие болды.

Ел көлемінде біздің облысымызда алғаш рет өткен ерекше форум соңында облыстық ата-аналар кеңесі құрылып, форумға қатысушылардың үндеуі қабылданды.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button