Бала тәрбиесі-үлкен бір ғылым

«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген ұрпақ емес пе? Ал жақсы тәрбие ең алдымен балабақшада басталары сөзсіз. Әр үйдің бөбектері үшін балабақшадағы тәрбие отбасындағы ата-ана берген тәлім-тәрбиені жалғастырып, жандандыра түседі.
Еліміз тәуелсіздік алған жылы ашылған ең алғашқы қазақ балабақшасы – «Қарлығаштың» мектепке даярлық топтарында биылғы оқу жылынан бастап жаңа «Әліппе» тәжірибеден өткізіліп жатыр. «Шикула и К» баспасынан шыққан бұл оқулық топтағы отыздан астам баланың барлығына берілді. Балабақша меңгерушісі Қарғаш Жолжақсықызының айтуынша, бұрын балалар ілім-білімді тек мұғалімнің жетегімен қайталап, жаттап үйренетін болса, жаңа «Әліппеде» балалардың ойлануына, суретке қарап сөз, сөйлем құрап үйренуіне, өзі үшін жаңалық ашуына, яғни өз бетінше жұмыс істеуіне мүмкіндік берілген.
-Бұл «Әліппе» баланың қабілетін танытып, алға жылжуына, шығармашылық дамуына жол ашуымен ерекшеленеді. Мәселен, бұрын оқуды бірінші сыныптан үйренетін болса, қазір мектепке даярлық тобындағы балалар сөз, сөйлемдерді оқи алады. Әріп, дыбыстың не екендігін біліп, сызбаға қарап сөз, сөйлем құрай алады. Балаларды ерте жастан білімге баулу күні ертең жаңартылған білім мазмұнына сай оқытып жатқан мектеп табалдырығын аттаған кезде білім сынағына дайын болуға көмектеседі,-дейді балабақша басшысы.

Республика бойынша 2019 жылы он екі жылдық білімге қадам басатын әр өңірдегі балдырғандарға «Шикула и К», «Алматы кітап», «Арман ТВ», «Атамұра» баспаларынан шыққан «Әліппенің» төрт нұсқасы ұсынылып отыр. Бұл «Әліппелердің» қайсысы баланы «білім еліне» лайықты жетелейтіні бір жылдан кейін белгілі болады.
Нағыз қазақ-домбыра
Халқымыздың баға жетпес құнды қасиеттерін жастайынан санасына сіңіріп өскен бала есейгенде ұлтжанды, халқының намысын қорғайтын азамат болары сөзсіз.
-Балабақша жаңадан ашылған жылдары балаларға ұлттық тәрбие беру туралы арнайы бағдарлама жасауға ден қойдық. Бір күні ойда-жоқта қолыма домбырамды алып, балаларға арналған бір әнді, кезегімен күйді күмбірлете шерте бастап едім, жаңа ғана ешкімге дес бермей асыр сала ойнап жүрген отыз бала қаумалап қасыма жиналып, тып-тыныш бола қалды. Екі шекті қара домбыраның қасиетіне қайран қалдым, – деп еске алады Қарғаш Жолжақсықызы. – Сол уақыттан бері домбыра үйірмесін ашып, ән-күйге, өнерге құштар балдырғандарымызға өздеріне түсінікті тілмен домбыраның тарихы, құрылысы, қадір-қасиеті жайында айтамыз. Саусақтары икемделе бастағанда бес-алты жасынан бастап қарапайым ән-күйлерді үйренеді. Қазір оларға қасиетті домбыра аспабының қыр-сырын үйретіп жүрген – музыка мектебінің бірінші санатты мұғалімі Қымбат Ерғалиева. Ал А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің түлегі Манат Бекжігітова балабақша ашылғалы бері бүлдіршіндерді ән өнеріне баулып жүр. Бір білетінім, домбыра ұстаған баланың бойында имандылық болады.

«Мен – жеке тұлға»
Бұл авторлық бағдарламаның берері көп. Ұжымның қатысуымен осыдан 15 жыл бұрын жасалған бағдарламаның бүгінде сала министрлігі ұсынып отырған критериалды бағалау жүйесінен еш айырмасы жоқ. Стандартқа сай бұл типтік бағдарлама бүгінде еліміздің барлық өңірлерінің білім саласына енгізіліп жатыр. Өз әдіс-тәжірибелерімен бөлісу мақсатында «Қарлығаш» балабақшасында аймақтың өзге қала-аудандарындағы балабақшалардың меңгерушілері мен тәрбиеші-ұстаздарына арналған семинарлар жылына бірнеше рет өткізіліп тұрады.
Бүгінде балалардың дағдысына қарай басқа да түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Қазірден бастап музыкалық сауат ашу сабағы өтеді. Әрі қарай балғындар бейімділігіне қарай би немесе ән үйірмесіне қатысады. Баланың алғырлығы мен зеректігін дамытуда «Ағылшынша сөйлейміз», «Шебер қолдар», «Көңілді театр», «Балауса әуен», «Ойна да ойлан» үйірмелерінің де маңызы зор. Ұжымдағы ұстаздар бүлдіршіндерді төрт жылдан бері «Үштұғырлы тіл» бағдарламасы бойынша оқытып келеді.
Тәрбие мен білімнің іргетасы өз ісіне шынайы берілген, нағыз ұстаздар мен тәрбиешілер топтасқан ортада қаланғандықтан, осы балабақшадан түлеп ұшқан балалар мектепте де жоғары көрсеткіштерге жетіп, «Алтын белгіге» бітіретіндері көп.
Латын әліпбиін балалар тез игереді
-Балалар жалпы кез келген тілді, өнерді тез меңгереді. Елбасымыздың латын әліпбиіне көшу туралы тапсырмасы өте құптарлық. Әлемдік деңгейдегі әліпбиді қолдану – мәртебе,-дейді Қарғаш Жолжақсықызы.- Латын әліпбиіне кезең-кезеңмен біртіндеп көшу балаларға ауырлық етпейді. Өйткені, қазіргі «үштұғырлы тіл» идеясына сай, кез келген балабақшаның баласы 3-4 жасынан бастап ағылшын тіліндегі қарапайым сөздерді, тақпақтарды жаттап үйренеді. Әріптердің жазылуына да көздері үйренген. 5-6 жасынан ағылшынша ауызекі сөйлесіп, өзі туралы әңгімелей алады, есімдіктерді біледі.
Қарғаш Атыманова, «Қарлығаш» балабақшасының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты:
-Тәрбие – қалып тәрізді, егер қалып қисық, олпы-солпы болса, сол қалыпқа салынған зат та оңды болмайды. Бала тәрбиесі де дәл сол сияқты. Бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана қалай исең солай өсетін бала-шыбық бой көтеріп, бәйтерекке айналады. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын білімді, жан-жақты дамыған, дені сау, рухани бай, жерін, ата-анасын құрметтейтін саналы азамат болып өсуі үшін бойымыздағы бар асыл қасиеттерімізді, білімімізді беруден аянбаймыз. Қазақтың әр баласы өте қабілетті де дарынды. Сондықтан еліміздің жарқын болашағы үшін тыным таппай еңбектенуге тиіспіз.
Вырезка: «Қарлығаш» балабақшасында апробациядан өтіп жатқан жаңа «Әліппе»-ні құрастырушы Мәдина Абаева – Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, өз заманында «Әліппе» оқулығын құрастырған, елуден астам ғылыми-әдістемелік еңбектің авторы, қазақ тілінің терминологиялық сөздіктерін жасауға қатысқан ғалым Ғали Бегаливтің шөбересі. Ал «Әліппе-нің» суреттерін салған – әйгілі суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің шөберелері – Сәуір мен Дәуір Қастеевтер екен.
Айжанат Бақытқызы