Білім

«БАЛА ҮНІНЕ» ҚҰЛАҚ АСАМЫЗ

Жаңа педагогикалық инновациялық технологияларды балаларды оқыту және тәрбиелеу барысында қолдану бүгінде ұтымды әрі тиімді әдіс  ретінде саналады. 

Сондықтан да биылдан бері білім беру  саласына енгізіліп жатқан жаңартылған оқу бағдарламасының негізгі мақсаты – баланың жас ерекшелігіне сай әлеуеттік мүмкіндіктерін барынша дамытуға, функционалдық тұрғыдан сауатты, кез келген өмірлік жағдайларда меңгерген білім, білік, дағдыларын тиімді қолдануға қабілетті бірегей тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Бұл үдеріске өзгерістер енгізу мектепке дейінгі білім мен тәрбиелеу үрдісін үздіксіз бір жүйеге келтіруге мүмкіндіктер береді.

Мектепке дейінгі кезеңде баланың танымдық    дағдылары, қызығушылықтары, зият қырлары қалыптасады. Сондықтан бала дамуының бастапқы кезеңінде жүйелі алынған білімі оның болашағына зор ықпал етеді. Жаңартылған бағдарламалардың түйінді идеялары: 4К моделі, «Бала үні», ойын, бақылау, «Тұтас бала» бейнесі. Яғни, бұл түйінді идеялардың түпкі мағынасы – оқу-тәрбие үрдісін заманауи бағытқа бұру. Жaңapтылғaн білім берудiң тиімділігі –балаға «шиыршық»  қағидатында білім беру, яғни  балаға үйлесімді, қолайлы білім  ортасын құра отырып, cыни тұрғыдан oйлау, зepттеy жұмыстарын жүргізy, тәжірибе жасау, бақылау, саралау, АКТ-ны қолдану және баламен жеке, топтық, ұжымдық жұмыс түрлерін жасай бiлy бoлып тaбылaды. Педагог білімнің 20%-ын  ғана беріп, қалған 80%-ын бала өз ізденімпаздығымен меңгеруі тиіс. Оқу қызметін бір сарынмен өткізбей, жұптық, топтық  тапсырмалар беру арқылы қызықтыру. Топтық жұмыста және ынтымақтастықта бала басқа пікір болатынын түсінеді, өз ұстамын қорғауға және дәлелдеуге, басқаның пікірін тыңдауға үйренеді. Сонымен қатар балаларды топқа  бөле отырып, саралау әдісі арқылы даму деңгейлеріне қарай тапсырмалар беруге болады. Бұл кезде бала еш қиындықсыз өз даму деңгейіне сай білім алады.

Дәстүрлі оқуда балалар бағалау жүйесіне қатыспайтын. Ал  осы жаңартылған білім беру үдерісінде балалар өзін-өзі,  құрдастарын бағалауды үйренеді,   өз ойымен бөліседі. Жаңартылған бағдарламаның түйінді идеяларының бірі –  «Бала үніне»  көңіл бөлу. Балаларға өз ойын ашық айтуға мүмкіндік берілуі тиіс, бұл олардың есею және білімін жетілдіру жолында аса маңызды. Әр баланы бақылай отырып, оның жан дүниесіне үніліп, оның бойындағы жасырын қабілеттерін байқауға болады. Осы қабілетті ары қарай дамыта отырып, шығармашыл тұлға тәрбиелеуге мүмкіндік береді. «Бала үнін» ескеру  балалардың келешекте демократиялық әлемнің толыққанды  азаматтары болып қалыптасуы үшін ғана емес, балалар қазірдің өзінде қоғам азаматтары ретінде өз ойын еркін айту құқығын осы кезден пайдалана білуге дағдылануы үшін қажет. Осы түйінді идеяларды негізге  ала отырып  ұйымдастырылған оқу – тәрбие үрдісі еркін қарым-қатынасқа түсіп, командамен жұмыс істей алатын,  өз ойын еркін жеткізе алатын,  өмірінде кездесетін проблемаларға креативтілік танытып, шығармашылықпен шеше алатын тұлғаны қалыптастыруға септігін тигізеді. Баланы үнемі қолпаштап, қолдау көрсетіп отырсақ, баланың бойында өзіне деген сенімділігі артады. Баланың өз бетімен әрекет етуіне ықпал ете отырып, заман талабына сай құзыретті тұлға тәрбиелеп шығару әрқайсымыз үшін жауапкершілігі мол міндет.

Райхан Әбілғазина, «Педагогикалық шеберлік орталығы» Өскемен филиалының аға менеджері,

Айгерім Адылбекова, «Күршім ауылының балалар бақшасы»КМҚК әдіскері

Осы айдарда

Back to top button