Бақтияр бас жүлдені жеңіп алды

Берікхан Тайжігіт, Үржар ауданы
Жуырда Таскескен топырағынан түлеп ұшқан жас балуан Бақтияр Тұраров грек-рим күресінен Әлем, Еуропа және Олимпиада чемпионы болған даңқты балуан Шәміл Серіковті еске алуға арналған еуразиялық турнирде топ жарды.
Бүгінгі күні Алматы облысында жаттығып жүрген Бақтияр осыған дейін де бірталай биік белесті бағындырған. Ол – Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының чемпионы, сондай-ақ Қазақстанның үш дүркін чемпионы. Талантты спортшыға күрес өнерінің әліппесін үйретіп, қыр-сырына баулыған алғашқы бапкері Айдын Бесжанов болса, кейін оны Олимпиадалық резерв даярлайтын республикалық мектеп-интернатта Мадияр Тұрғанбеков баулыды.
Еуразиялық турнирдің марапаттау рәсімінде жерлесімізге алтын медальді белгілі балуан Нұрбақыт Теңізбаев тақты. Сәйкестік дейміз бе? Бақтияр Тұраров белгілі балуан Нұрбақыт Теңізбаевтың турнирінде төрт рет жеңіс тұғырына көтерілген-ді.
Жалпы, өзі де кезінде спортшы болған Жұматай ағамыздың Бақтияр, Данияр атты егіз ұлы бірнеше жылдан бері грек-рим күресімен айналысып, әжептәуір жетістіктерге жетіп жүр. Бүгінге дейін олар республика көлемінде өткен бірнеше турнирдің жеңімпазы атанған. Дәлірек айтсақ, Бақтияр мен Данияр Тұраровтар боз кілемде белдесіп жүрген 7-8 жылда 70-тен астам турнирге қатысып, жүзден астам медальды қанжығалапты. Тағы бір сәйкестік дейміз бе? Әйгілі Шәміл Серіков те Олимпиада ойындарында дәл Бақтиярдай 57 келі салмақта атой салған еді.
Тұраровтарды спортшылар әулеті деуге болады. Мәселен, Бақтияр мен Даниярдың апайы Салтанат Тұрарова да үстел теннисінен Үржар ауданының бес дүркін чемпионы, волейболдан университеттің құрама командасының мүшесі. Бүгінгі күні Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің магистранты.
Бүгінгі күні Бақтияр мен Данияр Тұраровтар Алматыдағы республикалық спорт колледжінде оқып жүр. Екі жастың алға қойған мақсаттары биік. Еліміздің көк туын әлемдік ареналарда желбіретсек дейді.
– Елімізде спортқа деген көзқарас дұрыс. Ендеше талантты балалар жерде қалмайды. Оларға барлық жағдай жасалған, өздерінің қарым-қабілетін байқатуға толық мүмкіндік бар. Қазіргі күні жаттықтырып жүрген Мұратбек Қасымханов, Владимир Середин, Нұрсұлтан Октябр, Айбек Қорабаев, Бекжан Мырзалиевтей бапкерлерге алғыс айтқым келеді. Олардың еңбегі алабөтен, – дейді балуандардың әкесі Жұматай Тұраров,