Бакнинь провинциясымен бауырластығымыз арта түседі
Қуаныш РАХМЕТОЛЛАҰЛЫ
Шығыс Қазақстан облысы мен Вьетнам елінің арасында алыс-беріс артып, барыс-келіс жиілей түспек. Әсіресе туризм, шағын және орта бизнес, сауда-саттық, жеңіл өнеркәсіп салаларындағы байланысты нығайту екі жаққа да тиімді. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаевтың Въетнам Социалистік Республикасы өкілдерімен болған кездесуінде айтылды.
Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Фам Тхай Ньы Май ханым бастаған Бакнинь провинциясының делегаттары біздің өңірге тұңғыш рет келіп отыр.
Аймақ басшысы кейінгі жылдары Вьетнам мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуында тың серпіліс байқалатынын, сондай-ақ халықаралық аренада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Ал Қазақстандағы түсті металлургияның орталығы саналатын Шығыс өңірі алпауыт өндірістік кәсіпорындарымен ғана емес, алға басқан ауыл шаруашылығымен де, тамаша табиғатын табысқа айналдырар туристік әлеуетімен де алыс-жақын шетелдерге жақсы таныс. Мәселен, «Өскемен Титан-магний комбинатында» өндірілген титан шикізаты әлемдік нарықта, оның ішінде аэроғарыш саласында жоғары сұранысқа ие екенін айта кету керек. Ал күнбағыс өсімдігін өсіру және өңдеу бойынша Шығыс Қазақстан облысы республикада алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Сол сияқты бал өндіруден де көш бастайды. Еліміздегі өндірілетін балдың 70 пайызы Кенді Алтайда жиналады.
– Шығыс Қазақстанның табиғаты әсем, туристік әлеуеті жоғары. Бұл орайда қысқа мерзім ішінде туризмді табысты салалардың біріне айналдырған Вьетнамның тәжірибесі біз үшін қызықты. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге болады. Сондай-ақ шағын және орта бизнес, жеңіл өнеркәсіп салаларында да тәжірибе алмасу өте маңызды. Вьетнамда тоқыма өнеркәсібі, киім-кешек, аяқ киім тігу жақсы дамыған. Біздің аймақта да осындай өндірістерді бірлесіп қолға алуға болады. Егер инвесторлар ықылас танытса, бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Өнімді өңдеп, оны экспортқа шығару үшін индустриялық аймақтар құру мүмкіндігін қарастыруға болады. Біз инвесторларға заңнамамызды, қандай артықшылықтар мен жеңілдіктер берілетінін түсіндіруге әзірміз, – деді облыс әкімі Ермек Көшербаев.
Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Фам Тхай Ньы Май меймандос Шығыс жұртының көңіліне ризашылығын білдіріп, екі тараптың арасындағы достық қарым-қатынас одан әрі беки түсетініне сенім білдірді.
– Мен Шығыс Қазақстанға келгеніме өте қуаныштымын. Жылы қабылдап, құшақ жая қарсы алып жатқандарыңызға көп рақмет. Былтырғы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вьетнамға сапары екі ел арасындағы сауда тауар айналымының одан әрі жақсара түсуіне ықпал етті. 2023 жылы біздің мемлекеттер арасындағы сауда көлемі шамамен 1 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Бүгінде екі елдің бір-біріне деген қызығушылығы артып келеді. Қазір бізден Алматы мен Астанаға үш әуе рейсі ашылған. Көптеген туристер Қазақстанды көргісі келеді. Мен осында айтылған бастамалар мен ұсыныстарды қолдаймын. Ынтымақтастық туралы шартпен жұмыс істеу керек. Біздің елге келіңіздер, кәсіпорындардың жұмысын көріп танысыңыздар, – деді Вьетнам Социалистік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі.
Кездесу соңында екі тарап іскерлік, сауда-экономикалық, индустриялық-инновациялық, инвестициялық байланыстарды одан ары нығайтуға уағдаласты.