Экономика

БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖЫРЫМЕН АСТАНАҒА ДЕЙІН БАРЫПТЫ

  БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖЫРЫМЕН АСТАНАҒА ДЕЙІН БАРЫПТЫ

Біздің өңірдің жұртшылығына жақсы таныс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын терможаңғырту дейтін бағдарламамен Серебрянка қаласында ең алғашқы тұрғын үй жөндеуден өтті. Сонау кеңес заманынан келе жатқан екі қабатты ескі үйдің бір жаздың ішінде түлеп, түрленіп шыға келуі шаһардағы басқалардың қызығушылығын туғызып, ықыластарын аудартып отыр.

Осының өзіне Панфилов көшесіндегі 5-ші үйдің адамдары күн-түн демей жүгіріп жүріп әрең қол жеткізген. Ішіндегі еті тірілері өтініштерін «арқалап» Астанаға дейін барып, Президенттің қабылдауына көпшілік атынан жазылған хатты тапсырыпты. Егер тұрғындардың өздері ширақ қимылдамаса, ағаштан салынған ескі нысан әлі күнге тозып тұра берер еді. Себебі, бағдарламаға қатысу кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін бақ дейді мамандар. Сондықтан болар бастапқыда үй орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмағандықтан терможаңғырту жүргізуден бас тартылыпты. Одан кейін ғимараттың ескілігі көлденең шығып, жан-жақты тексерулер (орналасқан жердің жағдайы, іргетасы мен қаңқасының мықтылығы) жүргізу, көптеген құжаттар дайындау қажеттігі туындаған. Қалалық әкімдік бұл түйткілдердің бәрін шешіп беруге көмектесетінін айтып, кепілхат жолдаған. Сөйтіп, бір жарым жылға созылған қаптаған қағаз шаруалар тындырылған соң бағдарлама арқылы 5 млн. теңге қаржы бөлініп, жергілікті мердігер мекеме – «Сәулет» ЖШС іске кіріседі.

– Біз бағдарлама туралы ести сала оның қаншалықты тиімді болатынын есептедік. Байқап қарасақ, тозығы жеткен үйді тұрғындар өз күшімізбен жөндеу үшін қомақты қаржы қажет екен, біз секілді зейнеткерлерде ондай сома қайдан болсын. Ақыры бәріміз ақылдаса келе бағдарламаның көмегіне жүгінуді жөн көрдік, – деген зейнеткер Любовь Еремкина жөндеуге жұмсалған қазына қаржысын қайтару үшін ай сайын 4 500 теңге мөлшерінде ақша төлейтіндерін жеткізді.

Терможаңғырту 8 пәтерлі ағаш үйдің төбесінен бастап жертөлесіне дейін жүргізіліпті. Қабырғасы жылу ұстайтын материалмен, пленкамен және ең сыртынан металл сайдингпен қапталған. Подъездердің есіктері темірден, терезелері пластиктен орнатылған. Жылумен, сумен қамту жүйелері толық жаңартылып, жергілікті биліктің күшімен тартылған орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылыпты. Тамшы ағатын ескі шатырдың орнына металл жабын төсеген.

– Негізінен бағдарлама арқылы көп пәтерлі үш тұрғын үйге жөндеу жүргізуге өтініш бергенбіз. Бірақ біреуі ғана мақұлданып, қалған екеуі келесі жылдарға қалдырылды, – дейді Серебрянка қаласының әкімі Сергей Гордиенко.
Бағдарламаның соңына біржолата түсіп ақордаға дейін барған бесінші үйдің белсенділері шынымен-ақ белсенді екен. Үйлерінің іші-сыртын жарқыратып жөндеткізіп, тап-тұйнақтай қылған олар есік алдындағы ауланы саябаққа айналдырып қойған. Балалар ойнайтын алаңқай, үлкендер шүйіркелесіп отыратын орын, жазда жайқалып өсетін гүлзарлар, бәрі, бәрі түлеп сала берген тұрғын үймен әдемі үйлесім тауып, құдды бір шөлейттегі шөкімдей оазис секілді көрінеді көзге. Олай дейтін себебіміз, Панфилов көшесі негізінен қаланың ескі ауданында орналасқан. Мұндағы үйлер мен ғимараттар ертеректе ірге тепкендіктен кескін-келбетіне терең «әжім» түсіп, «қартайып» қалған. Ал терможаңғырту бағдарламасы болса, осындай тозығы жеткен үйлердің екінші тынысын ашып, жаңартып, жасартады. Мұны шаһар жұрты да бек түсініп отыр.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button