Бағдарлама төрт бағыт бойынша іске асырылады

Ауданның білім саласы кейінгі жылдары айтарлықтай табыстарға жетіп келеді. Білім басқармасының рейтингісі бойынша өрендерді заманға сай сапалы оқыту, педагогтарының біліктілігі жағынан облыстағы үздік аудандық білім беру жүйесі – Үржарда.
Сонымен қатар өңір мектептері материалдық-техникалық базасының мықтылығы жөнінен алдыңғы қатарда. Өңірдің білім жүйесі мектепте дейінгі білім беруде және қосымша сабақтар өткізуде де алда келеді. Цифрландыру ісі де аудан мектептерінде табысты жүргізілуде. Осының бәрі облыс деңгейінде ескеріліп, биылғы үшінші тоқсанда аудандық білім бөлімі бірінші орынды иеленді. Бұл ретте бөлім басшысы Сәуле Жүнісованың сіңірген еңбегі ерекше.
Осы орайда Сәуле Орынбайқызымен кездесіп, білім беру жүйесіндегі іс-шаралар мен озық үрдістерді еңгізудегі ерекшеліктерді тілге тиек еттік.
– Қазіргі кезде Үкімет «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына айрықша назар аударуда. Бұған мысал – ІТ-сыныптарының көптеп ашылуы. Бізде бағдарлама төрт бағыт бойынша жүруде. Бірінші – ауыл мектептерін кеңжолақты интернетпен қамту. Екінші – білім саласына цифрлық технологияны ендіру, үшінші – мектептер жұмысының сапасын арттыру, төртінші – ІТ мамандарын даярлау, – дейді бөлім басшысы.
Цифрландыру бойынша бағдарламалау негіздерін 2-ші сыныптан енгізу, ақпараттық коммуникациялық технология мамандықтары бойынша білім бағдарламаларын жаңарту іс-шаралары атқарылуда. Былтыр «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәні 3-ші сынып бағдарламасына енді, 2019-2020 оқу жылында 4-ші сыныпқа, 2020-2021 оқу жылында 1-2 сыныптарға енгізу жоспарланған.
– Былтыр кеңжолақты интернетпен барлық мектеп қамтылды, Б.Момышұлы атындағы мектеп желіге талшықты-оптикалық байланыс арқылы қосылған. Сондай-ақ мектептерге Wi-Fi нүктелері орнатылды. Осы жылы шағын комплектілі мектептерді Wi-Fi-мен жабдықтау жоспарлануда, – дейді Сәуле Жүнісова.
Сонымен қатар балаларды бақшаларға кезекке қою, бірінші сыныпқа қабылдау мен тіркеу автоматтандырылды. Электронды журналдар мен «Күнделік» жүйесі барлық 51 мектепке енгізілді. Ата-аналар мен оқушылардың жүйеге кіруі шамамен 90%-ды қамтиды.
Мектептердің компьютермен қамтылуы – 100%. Олардың саны – 1881. Бір компьютерге жеті баладан келеді. Мультимедиялық жабдықтар саны – 161 дана. «Менің мектебім» акциясы арқылы алынған 47 кабинетте интерактивтік планшет жұмыс істейді. Робот техникасы кабинеттерінде жұмыс істейтін 28 мұғалім мен 28 лаборант курстардан өткен.
– Ұлттық білім беру деректер қоры қарқынды қызмет көрсетуде. Бұл база жылына екі рет жаңартылады, білім сапасын мониторингтеу бағдарламасымен барлық мектептер жұмыс істейді. Тоқсан сайын білім сапасы, мұғалімдер мен оқушылардың түрлі байқауларға, жобаларға қатысуы, жекелеген санаттағы оқушылардың тегін ыстық тамақпен қамтылуы, оларға материалдық көмек көрсетілуі туралы мәліметтер сараланады, – дейді бөлім басшысы.
51 мектепте «Мультимедиялық журналистика» және «Болашақ мамандары», 28 мектепте «Мен – инженер», «Роботты техника» үйірмелері жұмыс істейді. IT-сыныптарда оқушылар 3D модельдеу, роботты техника, бағдарламалау бойынша білімдерін жетілдіруде. Олар алған білімдерін қолдана отырып, түрлі формадағы 230 робот жасады.
Сонымен қатар мектептерде басқа да пәндер қызықты өтуде, оқушыларға берілетін тапсырмалар интерактивті тақталар және мультимедиялық жабдықтар арқылы бірдей көрсетіледі.
– Технологияның дамыған кезінде оқушыларды қағаз оқулықтармен шектеу – қателік. Сондықтан мұғалімдер балаларды ертеңгі күннің бағытымен баулуы қажет. Яғни, оқыту мазмұнын заманауи техникамен ұштастырып, стандартқа сәйкес білім беруі тиіс, – дейді бөлім басшысы.
Бейсенғазы Ұлықбек