Білім

Бағдарламалауды меңгеруі тиіс

Облыста білім саласын цифрландыру ісі қарқынды атқарылуда, атап айтсақ,мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, цифрлық технологияларды енгізу, инфрақұрылымды жаңғырту, ІТ-мамандарды даярлау бойынша нақты іс-шаралар іске асырылып жатыр. Бұл туралы кезекті облыс әкімдігінің мәжілісінде білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова баяндады.

Айталық, облыста «Мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды кезекке қою» мемлекеттік қызметі 100 пайызға автоматтандырылған. Осы жылы аталмыш платформаның көмегімен 22 мыңнан астам жолдама берілді. Сондай-ақ, «Орта білім беретін ұйымдарға қабылдау» мемлекеттік қызметі автоматтандырылып, биыл 21 372 бірінші сынып оқушысы осы жүйе арқылы мектепке қабылданыпты.

– Облыстың барлық мектептері жылдамдығы 4 Мб/с және одан жоғары кең жолақты Интернетке қосылған. Бұл мақсатқа 622 миллион теңге бөлінді. Мектептердің 75%-ы (492) ішкі Wi-Fi желісімен қамтылған. Бұдан бөлек, барлық балабақшалар мен мектептер бейне бақылаумен қамтамасыз етілді. Осы мақсатқа ағымдағыжылы 212 миллион теңге бөлінді, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Бүгінде облыстыңбарлықмектептері «Bilimland» электронды білім беру Интернет-ресурстарын қолдана алады. Барша мектептер «Күнделік.kz» ақпараттық жүйесіне қосылған. Ал, мектептерді компьютермен жабдықтау 100 пайызды құрайды.

Қазіргі кезде техникалық және кәсіптік білім беру саласында «E-College» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба қағаз құжат айналымын қысқартуға, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын тиімді басқаруға мүмкіндік бермек. Жүйе барлық мемлекеттік колледждерге енгізіліп қойған.

– Өткен жылы іске асырылған «Менің мектебім» бағдарламасы оқушыларды компьютерлермен қамту көрсеткішін жақсартты. Бұрын 1 компьютерге 7 баладан келсе, қазір 6 баладан келеді. Республикалық көрсеткіш – 11. Жалпы, мектептерді жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықтау, ІТ-сыныптарды ашу, педагогтардың біліктілігін арттыру IT бағыты бойынша балалардың біліктілік деңгейін арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, біздің балалар ұшқышсыз ұшу аппараттарын өз бетінше құрастыруды және бағдарламалауды үйреніп жүр, – деді сала басшысы.

Расында да, роботты техника, 3D модельдеу, бағдарламалау бойынша облыстық «Skillsforgeeks» чемпионатын өткізу балаларды қосымша ынталандырып отыр. Оған осы  жылы 21 команда, 246 оқушы қатысыпты. Сондай-ақ жыл сайынIT саласында облыстық форумдар, чемпионаттар, фестивальдар, хакатондар өткізіледі, онда оқушылар мен колледж, ЖОО студенттері өз жобаларын көрсетеді. Ағымдағыжылы ІТ-фестивальға 110 жоба қатысып, үздіктері бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ал «DigitalEast – болашаққа қадам» IT-форумында жалпы сомасы 10,6 миллион теңгеге облыс әкімі гранттарына ие болған оқушылардың 10 StartUp-жобасы іске асырылды.

Мысалы, Бородулиха ауданы Ивановка орта мектебінің оқушысы Ботагөз Бексейітова әзірлеген «Омарташы» бағдарламасы жобаның өз сайтында орналастырылды. Қазақстаның ғана емес, сондай-ақ Ресей мен Қырғызстанның омарташылары орналастырылған бағдарламалық өнімді пайдаланып, оң пікір қалдырады. Бағдарлама 567 рет жүктеліпті.

Тағы бір мысал – «Ақылды жылы жай» жобасын іске асыру нәтижесінде «Ақниет» мектеп-интернатында жылыжай салынып, автоматтандырылған суару, желдету жүйесі орнатылды. Тәрбиеленушілер және мұғалімдер бірлесіп алғашқы көкөністер өсірді.

Ал «Зерттеу квадрокоптері» және «Қоғамдық көлік саласындағы басқарудың дауыстық жүйесін пайдалану» жобалары «ҚХА жастарының синергиясы» республикалық байқауының көрмесіне шақырылды.

Қазіргі кезде IT-сыныптардағы оқыту бағдарламасы одан әрмен жетілдірілуде.Тереңдетілген бағдарламаны әзірлеу тобы құрылған, оның құрамына педагог шеберлер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, IT-компаниялар мамандары еніп отыр.

Өңірдегі 277 толық жиынталған мектептің 554 педагогы жаңа бағдарлама бойынша білім алған. Сонымен қатар, Семей электр-техникалық колледжінің, Өскемен политехникалық колледжінің, Өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығының ІТ-мамандарынан тұратын жаттықтырушылар тобы құрылды. Курстар осы жылдың 4 қазаны мен 4 қарашасы аралығында өтті.

Барлық мұғалімдер сертификатталған және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілген. Жаңа бағдарлама оқу үдерісіне 2-ші тоқсаннан бастап енгізілді. Ал келер жылдың басынан бағдарламаны шағын жинақталған мектептерге енгізу жоспарланып отыр.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов компьютерлік технологиялар саласындағы мамандарды даярлауды нақ осы мектеп партасынан бастау қажеттігін атап көрсетіп, 2021 жылдан бастап бағдарламашыларды оқытудың жаңа стандартына көшуді міндеттеді.

– Мектеп оқушылары бағдарламалау саласын тереңдете меңгеріп, орта оқу орнынан негізгі кәсіби дағдылармен қаруланып шығуы тиіс. Ол үшін облыстағы ІТ-білім беру деңгейі орташа әлемдік дәрежеде болуы шарт. Біздің жасөспірімдердің шама-шарқылары оны меңгеруге толық жетеді, – деді облыс әкімі.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button