Мәдениет

Бағдарлама ауқымы кеңейе түсті

Бүгінде облыста Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын орындау аясында 18 өңірлік жоба және 17 шағын жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бағдарламаны орындаудың жаңа құрылымын әзірлеген-ді. Онда 13 арнайы жоба көрсетілген.

Кеше облыс әкімдігі аппаратының кеңейтілген отырысында «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы талқыға салынып, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова кең көлемді баяндама жасады.

Осы жылы аймағымызда жобалар шеңберінде екі мыңнан астам іс-шара өткізіліпті. Бұл ретте Алтай, Шемонайха, Күршім аудандары мен Семей, Риддер қалалары белсенді көрінеді.

– Жобалық кеңсенің заңдық тұрғыда рәсімделуі  бағдарламаны өңірде іске асыру жұмыстарын бір ізге келтіруге септесті. Қаржыландыру және материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелері оң шешілді. «Рухани жаңғыру» орталығы бес семинар өткізіп, жобалық штабтардың 200-ден астам қызметкері әдістемені меңгерді. 2020 жылға қалалық және аудандық штабтар 61 жобаны ұсынып, екі жарым мың іс-шараны жоспарлап отыр, – деді Әсем Нүсіпова.

Ағымдағы жылы «Көптілділік», «Шығыс Қазақстанның көне қазыналары» атты бұрын басталған үшжылдық жобалар жалғасын тапты. «Көптілділік» жобасы бойынша 1077 тіл мұғалімі біліктіліктерін арттырды. Ал «Білікті маман» жобасы аясында 400 талапкер облыс әкімінің білім грантын иеленді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына республикалық қазынадан қосымша қаржы бөлініп, 120 білім гранты берілді. Нәтижесінде биыл мектеп түлектерінің 64 пайызы грантқа қол жеткізген, былтыр бұл көрсеткіш 48 пайыз болатын. Соңғы үш жылда облыс әкімінің гранты арқасында 1046 бала жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болды.

«Менің мектебім» жобасы бойынша 371 шағын мектепте ІТ-сынып ашылды. Оларда сабақ беретін 573 мұғалім курстардан өтті.

Кәсіби-техникалық оқу орындарын жаңарту мақсатында «Мамандық плюс мен» жобасы қолға алынған. «Жас маман» республикалық жобасы аясында облыста тағы сегіз құзыреттілік орталығын ашу көзделуде.

Инклюзивті білім беруді дамытуға орай «Үлкен мүмкіндіктер әлемі» жобасы әзірленіп, 1200 ұстаз мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеуге оқытылуда, 500 педагог оқуларын аяқтаған. 38 мектепте кедергісіз орта жасалды, 100 мектеп арнайы құралдармен, оқулықтармен жабдықталды, екі ресурстық сынып ашылды.

– Әдебиет пен өнер саласы жөнінде айтар болсақ, биыл «Арт заман» жобасы бойынша «Ұлы дала палитрасы» халықаралық суретшілер пленэрі өтіп, оған он елден 22 қылқалам шебері қатысты. «Абай әлемі» жобасы шеңберінде 12 кітап жалпы саны 6500 данамен басылып шықпақ. «Ертіс музыкасының әлемі» жобасы бойынша шығармашылық ұжымдар еліміздің, Ресей мен Беларусьтің ірі қалаларына гастрольдік сапарлармен шықты, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ал «Шығыс Қазақстаннның көне қазыналары» жобасы аясында археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 20 мыңнан астам жәдігер табылғаны аян. Осы артефактілер қойылған Мәскеудегі «Ұлы Дала алтындары» көрмесіне жеті мыңдай адам келген-ді.

Жастар жылына орай «Жігерлі жастар – ауылға» жобасы жастарды қолдауға бағытталды. «Рухани жаңғыру – жастар жолы» керуені шалғайдағы 15 ауылға барып, оқуға, кәсіп ашуға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірді.

«100 жаңа есім» жобасына шығысқазақстандық жастар белсенді қатысуда, алғашқы кезеңге 274 жастан өтінім түскен екен.

«Шығыс Қазақстанның інжу-маржандары» жобасы бойынша өңірдің туристік әлеуетін насихаттау жұмыстары жүргізілуде.

Ауылдағы тұрмыс сапасын жақсарту «Ауыл – ел бесігі» жабасы аясында іске асырылуда. Мәселен, биыл Глубокое, Көкпекті, Күршім, Үржар аудандарындағы төрт тірек ауылда сегіз жоба жүзеге асты.

Кәсіпкерлер өз туған жерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. «Туған жер» арнайы жобасы бойынша 1,7 миллиард теңгенің 258 әлеуметтік жобасы іске асырылуда. Атап айтсақ, олардың ішінде көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту, Өскемендегі Менделеев көшесін жөндеу, Курчатовта жабық бассейннің, Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында саябақтың, Семейде футбол алаңының құрылысын жүргізу сынды жобалар бар.

Келер жылы Абайдың 175 жылдығы кең көлемде аталып өтпек. Қазір іс-шаралардың тұжырымдамасы мен жоспары әзір. Барша шаралардың идеологиялық мәні Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» деген қанатты сөздеріне негізделмек. Мерейтой аясында барлығы 560 іс-шара жоспарланып отыр, оның 24-і халықаралық, 21-і республикалық, 515-і облыстық дәрежеде. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ақынның 175 жылдығына арналған жобаларды енгізу көзделуде.

– Ұлы ақынның мерейтойын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жоғары деңгейде атап өтуге бар күш-жігерді салуымыз керек, – деп  түйіндеген облыс әкімі «Рухани  жаңғыру» бағдарламасының өңірдегі іске асырылу барысына жоғары баға беріп, іс-шаралардың сапасы мен мәніне, тиімділігіне жіті көңіл бөлуді міндеттеді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button