Бәсекеге қабілетті технологиялар әзірленді
Өңірде отандық ғылымның әлеуетін кеңінен қолдана отырып, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән беріліп келеді.
Айталық, 2017 жылдан бастап Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті облыстағы өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлесе отырып ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жобалары бойынша жұмыстың ғылыми кезеңін іске асыруда. Мәселен, титаннан, танталдан, ниобийден және олардың құймаларынан медициналық өнімдер өндірісінде бәсекеге қабілетті жаңа технологиялар әзірленген.
Аталған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет заманауи өндірістік және талдамалы жабдықтармен жабдықталған, травматология және ортопедия үшін медициналық имплантаттар өндірісі бойынша тәжірибелік-өнеркәсіптік алаң құрылды. Қазақ травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының тапсырысымен қазақстандық өндірістегі медициналық имплантаттардың алғашқы тәжірибелік үлгілері дайындалған.
Университет «ҮМЗ» АҚ бірлесіп МРТ үшін өткізгіштігі жоғары сым өндірісі технологиясын әзірледі. Алынған тәжірибелік үлгі Furakawa Electric жапон компаниясы тарапынан оң қорытындыға ие болды. Бұл өткізгіштігі жоғары сым әлемдегі магнитті-резонансты томографтар өндірушілер тарапынан жоғары сұранысқа ие.
Сонымен қатар «Казцинк» ЖШС-мен бірге электролиздік тәсілмен мырышты алу бойынша да зерттеу желісі құрылған. Аталған технологияны өнеркәсіптік масштабта енгізу қымбат тұратын кокстың шығынын 30%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде парниктік газдар шығарылымын азайтады.
Сондай-ақ оқу орнының ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жобаларын бірігіп жүзеге асыруға өңірдегі «Өскемен өндірістік арматура зауыты» ЖШС, «Тарбағатай мұнай» ЖШС, «Силумин Восток» ЖШС, «BEST өндірістік фирмасы» ЖШС-тері, сонымен бірге Фазыл Мұхамедғалиев атындағы эксперименттік биология институты және Украинадағы Е.Патон атындағы электрмен дәнекерлеу институты да қатысуда.
ҒЗТКЖ жобалары – бұл облыстың инновациялық дамуының негізгі компонентін құрайтын жаңа технологиялар мен цифрландыруды коммерцияландырудың, өнімдердің жаңа түрлерін игерудің негізі болмақ.
Шығыс Қазақстан соңғы төрт жылдың көлемінде инновациялық даму бағытында көш басында келеді. 2019 жылдың қорытындысы бойынша инновациялық белсенділік 14,9%-ды құрап (республикада – 11,3%), облыс республикада бірінші орынды иеленді. 2019 жылы инновациялық өнімдер көлемі 223,6 млрд. теңгеге жетті, бұл еліміздегі барлық инновациялық өнімдердің төрттен бірін құрайды. Мұнымен бірге, инновациялық өнімдер көлемі жөнінен де Шығыс Қазақстан республикада бірінші орында тұр.
Дәурен Аллабергенұлы