Білім

Білім сапасы әрқашан назарда

       Бүгінгі таңда оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар үшін ең маңызды сауал – қашықтан оқу үрдісі екені сөзсіз. Қашықтан оқу біздің өңірде қалай жүзеге асырылып жатыр? Кезекші сыныптарда қауіпсіздік шаралары қалай сақталуда?  Білім берудің  жаңа форматы мұғалімдерге қиындық тудырып отырған жоқ па? Осы және өзге де сауалдарға «Алтай» телеарнасында өткен тікелей эфирде облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова жауап берді.

       Бүгінгі таңда облыстағы 647 мектепте 191 757 оқушы оқиды. Бірінші сыныпта 20517 бала білім алып жатса, 11-сыныпта 8 760 оқушы бар.  Штаттық режимде 33 078  баланы қамтитын 375 (58%) мектеп жұмыс істеуде. Ал өңірдегі 272 (42%) мектеп қашықтан білім беруді жалғастыруда. Кезекші сыныптарда 3095 педагог жұмыс істеуде. Білім басқармасы басшысының айтуынша, облыс мектептерінде барлығы 33 052 компьютер бар, оның 10 337-сі соңғы бес жылда сатылып алынған. Республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,1 млрд. теңгеге тағы да 26 509 компьютерлік техника сатып алынбақ. Бүгінгі таңда 3000 компьютерлік техника өңірге жеткізіліпті.  166 779 оқушының үйінде компьютер болса, 22 476 баланың компьютері жоқ, 16 904 оқушыға уақытша қолдануға мектеп компьютері берілген. Қалған 5572 бала штаттық режимде білім алады. Мұғалімдердің барлығы компьютермен  қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта 52 елді мекенде интернеттің жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тікелей эфирде Сайрангүл Жұмаділова кезекші сыныптардың барлығы залалсыздандыру құралдарымен қамтамасыз етілгенін айтты. Мектепке кірерде әр оқушының қызуы өлшенеді. Мектеп кабинеттерінде әрбір екі сағат сайын тазалық жұмыстары жүргізіледі. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсаратын болса, өңірдегі мектептердің барлығы дәстүрлі білім беруге қайта оралады.

Бас педагогтың айтуынша, мұғалімдерге қашықтан білім беру ешқандай қиындық тудырып отырған жоқ, өйткені пән мұғалімдері мен бастауыш сынып мұғалімдерінің барлығы дерлік тамыз айында  қысқа мерзімді онлайн-курстарды тәмамдаған. Мұғалімдер ZOOM платформасында конференция ұйымдастырудың әдістемесін жақсы біледі. Десе де бас педагог видеоконференцияға қосыларда мұғалім әрбір оқушыны тізім бойынша түгендеуі қажет екенін тағы да еске салды. Ал барлық оқушы жиналған соң, конференцияға бөтен адамның кіріп кетпеуі қатаң қадағалануы керек.

Жаңартылған білім мазмұнына көшу 2016-2017 оқу жылында басталған болатын. Биыл жаңа білім беру мазмұнына 11-сынып көшті. Осылайша, жаңартылған білім мазмұнына көшу аяқталды.

Тікелей эфирде облыстық білім басқармасының басшысы оқулықтардың сапасына да тоқталды. Бүгінгі күні Білім және ғылым министрлігі оқулықтарды әзірлеудің жаңа тұжырымдамасын дайындады. Енді оқулық әзірлеудің өзі  баспаішілік, сыртқы, қоғамдық сараптама және апробация секілді бірнеше кезеңнен тұрады. Егер баспа тарапынан қандай да бір қателік жіберілетін  болса, ол олқылықты түзету баспаның өзіне жүктелмек. Оқулықтардың электронды нұсқасы «Оқулық» республикалық орталығының және баспаның сайттарында орналастырылады.

Биыл өңірдегі 40 мектепке күрделі, 346 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Барлық 647 мектепке жылы әжетхана салынған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 млрд. 32 млн. теңге жұмсалыпты.

Жаңа оқу жылы басталарда өңірде 125 педагог жетіспейтіндігі анықталған. Десе де жергілікті атқарушы билік бұл мәселені жас мамандарды жұмысқа алу арқылы шешкен көрінеді.

Облыстық білім басқармасының басшысы білім сапасы әрқашан назарда екенін айтты.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button