Білім

Біліктілікті  руханиятпен  ұштастырған

Руханияттың адам баласына білім мен ғылым, әдебиет пен өнер, ұлттық салт пен мәдени дәстүрлер және халық даналығы арқылы келетінін бәріміз де білеміз. Рухани құндылықтар өмірге мағына беріп, болашаққа даңғыл жол ашады. Тәлімді тәрбие мен ерен еңбектің арқасында руханилықтың негізі – парасатты адамгершіліктің қасиеті адам бойында қалыптасады.

Міне, осы тағылымды жолда адал қызмет атқарып жүрген азамат, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Әділбекұлы Төлеген туралы сөз қозғауды жөн деп санадым.

Бұл Шығыстағы белгілі университеттің басшысы болғандықтан немесе отызында орда бұзып, қырқында қамал алғандықтан емес (осы жазда 40 жасқа толды), азамат ретінде атқарып жатқан игілікті істеріне көңіліміздің толып, тоғайғандығынан туған ізгі ниетіміз. Оның үстіне хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты жыл басынан бастап мемлекеттік деңгейдегі шаралардың бел ортасында жүрген және ол басқарып отырған ұжымның қолға алған істері ауыз толтырып айтатындай-ақ.

Мұхтар Әділбекұлы қазақтың бас ақынына арналып өтетін кешенді шараларды университет ұжымына жыл басында анықтап берген екен. Соған сәйкес жыл бойында данышпанның құрметіне әуелі ақын атындағы дәрісхана, одан соң «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтын, тіпті, алыстағы Польша мемлекетінде «Абай» атты жастардың мәдени-білім беру орталығын ашуы – бір жоғары оқу орны үшін қыруар шаруа. Сонымен қатар «Абай» медалін шығарып, жастарға арналған «Абай» гранты мен стипендиясы тағайындауы да ұлы ақынға деген айрықша құрмет.

Абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мекемтас Мырзахметұлы ағамызды арнайы шақырып, «ALTAI JASTARY» атты студенттер телерадиостудиясының ашылу салтанатында алғашқы сұхбаттың құрметті қонағы етуі – мұны жастарға ерекше рух пен  мотивация беретін кездесу десек артық айтқандық болмас. Себебі, Абайдың «Толық адам» ілімі мен әділетті қоғам туралы және ақын мұрасын терең түсініп, зерделі зерттеу жөніндегі ойларын ғасыр жасына жақындаған абыз ақсақалдың жалындаған жастардың бойына сіңіруі деп білеміз.

Бірнеше ғылыми конференциялар мен Абай жылына арналған іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ректордың атсалысуы өз алдына бөлек әңгіме. Соның бірі – ағымдағы жылдың қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысына Сенат депутаттары ретінде барған іссапарымыз болды. Абайдың кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ жері ғана емес, мәңгілік тыныштық тапқан Жидебайдағы Шәкәрім екеуінің мемориалды кешенінің заманауи тұрғыдан жаңарып, жаңғырғанын көрдік, Ақшоқыдағы Құнанбай қажыға арналған музей мен үрім-бұтағының жатқан жеріне барып, құран бағыштап, зиярат еттік. Осы сапарда Мұхтар бауырымыз бастан-аяқ қасымыздан табылып қана қоймай, қазақи тәрбиемен өскендігін көрсетті. Аяқ-қолымызды жерге тигізбей, жас кезінде бірнеше ректорларда көмекші болып, «Көргені жақсы – көш бастайды» деген сөздің растығын дәлелдеген азамат екендігін ертеректе естіп жүрсек те, бұл жолы толығынан көзіміз жетті деп айта аламын.

Таяуда ғана Мемлекет басшысы Семейде абайтанушылармен кездесуде ұлы ойшылдың асыл мұрасын ардақтау және жан-жақты дәріптеу –  баршамыздың міндетіміз екенін, оның әр сөзіне жете мән беріп, астарына үңіліп, парасат-пайымына бойлай білу қажеттігін айтты. Сол басқосуда отандық ғылым мен абайтанудың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарға мемлекеттік марапаттарды тапсырды. Солардың қатарында «Ерен еңбегі үшін» медалін осы университеттің «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Айжан Қартаеваға, II дәрежелі «Достық» орденін ШҚУ-дың «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының түлегі Надежда Шушанниковаға және «Шапағат» медалін 2 курс магистранты Ғафура Толымхановаға тапсырған болатын. Бұл жалпы университет ұжымының аянбай атсалысқан еңбегінің жемісі, әрине, басшылықтың да алған бағасы деп білуге болады.

Сонымен қатар Абай жылында Мұхтар Төлеген басшылық жасап отырған Шығыс Қазақстан университеті көпсалалы университеттер арасында 2020 жылдың ұлттық рейтингісінде алғашқы алтылықтан көрінді. 1991 жылы Өскемен педагогикалық институты болған оқу орнын «Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті» етіп Қазақстандағы үшінші университет  жасаған, белгілі ғалым-химик, бұрынғы білім және ғылым министрі, академик Ережеп  Мәмбетқазиевтің жолын жалғастырған, білім және ғылым саласының нағыз майталмандары, ректор Әбдімүтәліп  Әбжаппаров,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰҒА-ның академигі Арыстан  Ғазалиев, бүгінгі күні Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Бейбіт  Мамраевтың ізбасары болып отырған Мұхтар Әділбекұлының университетті көшбасшылар қатарынан бой көрсетуі – ағаларының сенімін ақтауы деп білуіміз керек.

Соның тағы бір жарқын көрінісі, соңғы екі жылда Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің басшылығы мен қолдауының арқасында университет студенттерінің саны екі есеге артып, оқытушы-профессор құрамы мен қызметкерлердің жалақысы 80%-ға өсті. Ғимараттары күрделі жөндеуден өтіп, мамандықтар саны еселеніп, мемлекеттік білім беру гранттары мен жергілікті атқарушы органдардың гранттарының саны көбейіп, докторанттардың саны сегіз есеге ұлғайып, статистикалық көрсеткіштердің барлық бағыттары бойынша динамикасының артуы қарышты қадамдар деп бағалауға болады. Ал жуырда ғана университет ректоры М.Төлегеннің Азия университеттері қауымдастығының вице-президенттігіне сайлануы – бұл заңды және белсенді еңбегінің тағы бір жемісі. Аға әріптестері бастаған істі бүгінгі ұрпақ өкілі абыроймен жалғастырып, еліміздің Шығысындағы ірі де іргелі, көпсалалы университетті дамыта отырып, мемлекетімізге кәсіби, сапалы, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау саласындағы өңірдің тірегі болып табылатын жоғары оқу орындарының біріне айналдырудағы басшының бағамды да ересен еңбегі.

Руханият саласына қайта оралсақ, Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес ШҚУ-да латын әліпбиі орталығы, «Рухани жаңғыру» кафедрасы мен «Археология және Алтайдың мәдени мұрасы» мұражайы ашылды. Әлбетте, бұған университет ректорының облыс бойынша «Рухани жаңғыру» сараптама кеңесінің төрағасы болғандығының да ықпал еткені сөзсіз. Сонымен қатар ұстаз-ғалымдарды ұлықтау мақсатында көптеген атаулы кабинеттерді ашуы, яғни академик Түймебай Әшімбаев, Әшімжан Ахметов, Жүрсінғали Аxмеров атындағы цифрлық гуманитаристика кабинеті, 103 шайқастың бірде-біреуінде жеңіліс таппаған, дарабоз батыр, даңқты қолбасшы Қабанбай батырдың есімін 2019 жылы жаңадан ашылған әскери кафедраға беруі, академик Ережеп Мәмбетқазиев атындағы химиялық талдау оқу дәрісханасының ашылуы – университет тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылары анық. Кемел келешек, жарқын болашаққа бағыт түзеген егемен еліміздің талантты да талапты, білімді де білікті, парасат пайымы жоғары ректордың ұйымдастырушылығымен іске асқан ілкімді іс-шаралар деп бағалауымызға толық негіз бар деп ойлаймын.

Шығыс Еуропа құқығы Мюнхен институтында (Германия), Валенсия политехникалық университетінде (Испания) ғылыми тағылымдамадан өткен Мұхтар Әділбекұлы ғалым ретінде 70-тен аса ғылыми мақалаларын Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Түркияда, Нидерландыда, Германияда, Белоруссияда, Ресей Федерациясының ғылыми басылымдарында жариялапты.

Мұхтар Әділбекұлы – білімге деген құштарлығы, үйренуге деген зор ынтасы, ерінбейтін еңбекқорлығымен ерте көзге ілінген жас. Педагогтар отбасында дүниеге келген, сонау Созақтағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепті үздік бітірген Мұхтар Әділбекұлы Ұлт ұстазының: «Мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі»  деген сөзін өзінің жүрегінің төріне бала кезінен қондырғаны – оның осы салаға деген ерекше көзқарасын көрсетсе керек. Соның бір жемісі – 2017 жылы «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгімен марапатталуы.

Руханият саласының ойып тұрып орын алатын бағытының бірі  өнер дедік. Мұхтар туралы айтқанда қазақтың ән қорына керемет әуезді әндер сыйлаған танымал сазгер, марқұм әкесі Әділбек Төлегенұлы Нысанбаев туралы айтпай кетуге болмайды. Өнерсүйер қауымды тамаша талантымен тәнті еткен Әдекеңнің жүрегінен шыққан жүзге жуық әндер әнсүйер қауымның көңілінің төрінен орын алған. «Туған жер», «Созағым», «Ағаны аңсау», «Жастық шақ», «Тырналар тізбегі», «Кездесу мен қоштасу», «Бала ғашық», «Көңіл көктемі», «Ақ құсым», «Жан ана», «Сағыныш сазы», «Сен екеуміз» сынды көптеген әндері қазақ эстрадасы жұлдыздарының орындауында, оның ішінде Әділбек ағамыздың өзі баулыған тікелей шәкірттері, бүгінгі күні есімдері әйгілі атақты әншілеріміз Жұбаныш Жексенұлы, Кенжебек Жанәбілов  және тағы басқалар арқылы көпшілікке кеңінен танымал.

Әкесі Әділбек ұлттық тәрбиенің жауһарларын бойына жиған жан екенін Оңтүстік жұрты жиі айтады. Оны ағайын-туғаны сыйлап, ауыл-аймағы құрмет тұтқан, елі ардақтаған. Әке бойындағы ізгі қасиеттерді бала жасынан бойына сіңірген Мұхтардың кеңпейілділігі мен алған білімі – бүгінгі күнгі біліктілігіне ғана ұласып қойған жоқ, тәлімді тәрбиелігімен рухы мықты адамгершілік пен арқалы Абай елінің жігерлі қуаты арқылы руханият саласына ұштасты деп ойлаймын. Биік болмысты ардақты әкесінің Мұхтарға үлкен өнеге мектебі, қайсар мінез, жасымас жігер, еңбекке деген табандылығын оятқаны әмісеге аян, күмән келтірмейді. Анасы Әдемі Төлебекқызы бүкіл саналы ғұмырын мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен тәлімді сабақ беріп, мыңдаған шәкірттер дайындап, бүгінде ел ықыласына бөленген зейнеткер. Ендеше, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатының иегері, С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры, профессор, заң ғылымдарының кандидаты, (PD) философия докторы,  Педагогика ғылымдары академиясының академигі, руханият жанашыры Мұхтар Әділбекұлы Төлегенге болашағы асқақ та, даңғыл ақ жол тілей отырып, Бұхар жырау бабамыздың «Ер жігітке жарасар, Еліне тисе пайдасы» дегеніндей, қазақ елінің гүлденуінде пайдасын молынан тигізер атпал азамат бола берсін деп аяқтағым келеді.

 Алтынбек Нухұлы,

Парламент Сенатының депутаты,  химия ғылымдарының докторы, профессор

Осы айдарда

Back to top button