Спорт

Бұқаралық спорттың екінші тынысы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында өзге саламен қатар, бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне де ерекше мән берілген-ді. Осы ретте Президенттің Жолдауына қолдау білдіргендер арасында даңқты саңлақтарымыз да аз емес екенін айтқан абзал. Соның бірі – қазақ жеңіл атлетикасының примасы, Олимпиада чемпионы, «Гауһар лигасының» жеңімпазы, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, «Парасат», «Барыс» сияқты өзге де мемлекеттік сыйлықтардың иегері Ольга Рыпакова.

– Ольга Сергеевна, еліміздегі бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытудың қандай тың жолдары бар деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы бірқатар салаға қатысты жаңа міндеттерді айқындап бергенін айтқым келеді. Қуантарлығы, оның ішінде спортты, әсіресе бұқаралық спортты дамытуға қатысты көптеген мәселе көтерілген. Кәсіби спортшы болған соң, мені республикамыздағы бұқаралық және балалар спортының болашағы алаңдататыны анық. Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай қиын-қыстау заманда ел қазынасынан кәсіби спорттық клубтарға қаржы құюдың еш негізі жоқ екенін айтқан болатын. Расымен де, жыл сайын республикалық бюджет пен квазимемлекеттік компаниялар есебінен еліміздегі сан алуан кәсіби спорттық клубтарды қаржыландыруға миллиардтаған теңге бөлінеді. Ал бұдан былай денешынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға, балаларға арналған спорт секцияларының жұмысын қолдауға басымдық беруіміз керек.

Бұқаралық спорттың кәсіби спорттан айырмашылығы сол, онда тұтастай бір ұлттың салауаттылығына, жас пен кәрінің түгелдей денешынықтырумен айналысуына ден қойылады. Ал кәсіби спорт болса, белгілі бір топты ғана қамтиды. Шынымен де, спорт дегеніміз – денсаулық кепілі. Демек, ол кез келген адамға қолжетімді болуы шарт.

– Мемлекет басшысы балаларға арналған түрлі спорт секциялары барлық облыста, әр аудан орталығында болуы керектігін айтқан болатын. Бұған қалай қарайсыз?

– Өз басым Президенттің бұл бастамасын толықтай қолдаймын. Жалпы, биылғы Жолдауда балалар спортын қолдауға ерекше мән беріліп отырғаны бекер емес. Себебі өскелең ұрпақты денешынықтыру мен спортқа кішкентайынан баулыған маңызды.

Біздің облысқа келер болсақ, соңғы жылдары Шығыста бұл бағытта айтарлықтай шаруа тындырылғанын жоққа шығара алмаймыз. Мәселен, пандемияға дейін аймақта республикалық жеңіл атлетика федерациясының мұрындық болуымен түрлі деңгейдегі жарыстар, айтулы марафондар өткізілген. Оның ішінде кәсіби жарыстармен қатар, әуесқойлар, балалар мен оқушылар арасындағы сайыстар да болды. Ең қуантарлығы, мұндай бәсекелерге қатысуға ниет білдіргендер саны жыл өткен сайын артуда. Тіпті, карантин кезінде де қол қусырып отырмай, түрлі онлайн-челлендждер ұйымдастырдық.

– Карантин демекші, осы бір дағдарыс кезінде спортшыларымыз алдағы байрақты бәсекелерге қалай дайындалды? Осы туралы айтып берсеңіз.

– Коронавирус пандемиясы үйреншікті өмірімізге айтарлықтай өзгерістер енгізгені рас. Індеттің салдары спортқа да әсірін тигізбей қоймады. Барлық жоспарымыз түбегейлі өзгерді. Ағымдағы жылдың ең айтулы спорттық оқиғасы – Токио Олимпиадасы кейінге шегерілді. Соның кесірінен алдын ала дайындалып қойған жаттығулар кестесі ауысты. Жасырып қайтейік, көбіміз Олимпиада ойындары уақтылы өткізіледі деп соңына дейін үміттендік. Токиодағы ойындарға арнайы жаттығу жоспары бойынша дайындалдық. Алайда, үмітіміз ақталмады. Еліміз бен әлемдегі жағдай күрт нашарлаған соң, спортшылардың дені жаттығу жасауды да доғарды.

Өзіме келер болсам, дәл қазір артық салмақ қоспас үшін өз бетімше жаттығулар жасаудамын. Алайда, мұны дайындық деуге де келмейтін шығар. Сол себепті тезірек толыққанды жаттығуларға, жарыстарға оралғым келеді. Осыдан біраз бұрын спортшыларға саябақтарда, стадиондар мен арнайы спорттық алаңдарда жаттығу жүргізуге рұқсат берілген еді. Сөзсіз, бұл біз үшін жақсы жаңалық болды. Енді қысқы маусымға дайындықты бастау қажет. Қыс айларында бірнеше ірі жарыс өтуі тиіс. Оған дейін ел мен жаһандағы жағдай тұрақталып, шектеу шаралары алынады деп үміттенемін.

– Сонда Сіз қазір қай жерде жаттығасыз? Жалпы, оқу-жаттығу жиындары қашан басталуы тиіс.

– Қазір Өскемендегі жеңіл атлетика орталығында, сондай-ақ ауа райы қолайлы күндері «Самал» саябағында жаттығамын. Бәрі сәтімен болып, қыстағы жарыстар шегерілмесе, бірнеше кішігірім сайысқа қатысу ойда бар. Өйткені Олимпиада ойындарына дейін тезірек бабыма келу қажет. Ал оқу-жаттығу жиындары жайында еш нәрсе айта алмаймын. Ол жағы әзірге белгісіз. Эпидемиологиялық ахуал жақсарып, шекаралар ашылып жатса, міндетті түрде Ұлттық олимпиада комитетінен рұқсат алып, оқу-жаттығу жиындарына шығамыз. Өйткені жыл он екі ай көшіп-қонып жүретін спортшы деген халық үшін осыншама уақыт бір орында отыру өте ауыр. Үй жағдайында ойдағыдай жаттығу жасай алмайды екенсің.

– Оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз?

– Денсаулықтарыңызды күтіп ұстаңыздар. Әр адам шама-шарқына қарай жаттығу жасауы қажет. Мәселен, таңғы жаттығу жасауға, жүгіруге немесе жаяу жүруге болады. Оның бәрі денсаулыққа пайдалы. Жұмыстан кейін спортзалға барып шынығуға да болады. Мәселен, біздің қалада мұндай жаттығулар жасауға болатын жерлер жетіп артылады. Ең бастысы, жаттығу қарқынына емес, жиілілігіне мән берген жөн.

Осы айдарда

Back to top button