Қазір музыка мектебінде 237 шәкірт бар

Қасым Қайсенов кентіндегі музыка мектебінің директоры Бақыт Аханова бізбен хабарласып, екі шәкіртінің Тбилисиде өткен «ART BAYTEREK GEORGIA» халықаралық фестиваль байқауынан үш бірдей бірінші орынды жеңіп алғанын хабарлаған кезде, тағат таппай батыр баба ауылына жетуге асықтық. Бақыт Омарғалиқызының өзі де тамылжытып ән салған кезде тыңдармандарының құлағының құрышын қандыратын, өнер десе елеңдеп тұратын ерекше жан екенінен хабардармыз. Шынында да іскер басшы аталмыш мектепті басқарған бір жыл үш айда осындай ірі табысқа қол жеткізіпті. Бұрындары да шәкірттерінің республикалық, халықаралық байқауларда сан мәрте топ жарғанын естігенбіз.
ГРУЗИЯДА ҮШ БІРДЕЙ БІРІНШІ ОРЫН БЕРДІ
37 жылдық тарихы бар музыка мектебінің өз шаңырағы жоқ. Шығармашылық үйіндегі екінші қабаттағы бес бөлмені иеленіп, сығылысып күн көріп жатыр екен. «Япырмау, өңірдің барлық қалалары мен аудандарындағы музыка мектептерінің өз шаңырақтары бар, бұл салғырттық па, тіпті, бюджеттің қалтасы көтермесе де, ауданның қалталы азаматтары, ұландықтарға не болған? деген оймен домбыраның қоңыр дауысы естілген бөлмеге ендік. 11-12 жастағы екі шәкірт Құрманғазының «Балбырауынын», бұдан кейін Жайымовтың «Шалқымасын» шебер орындаған кезде, жас таланттардың өнеріне сүйсіндік. Домбыра сыныбының жетекшісі, осы мектепте соңғы 35 жылдан бері Алмасай ауылынан барып-келіп қызмет етіп келе жатқан Серік Нұрсұлтанов күйді орындаған Ерлан Есіл мен Әкежан Әнуарбековті арасында тоқтатып қойып, ақыл-кеңесін берді. «Ерлан сен қызбасың, күйді орындаған кезде әріптесіңе қарап қойғаның орынды, ырғақты бұзып алуың мүмкін, ал Әкежан сен де Ерланның қимылына көз салып қоюды назарыңнан шығарма» деді ұстазы. Сәлден кейін екі домбырашыны сөзге тарттық.
-«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дегендей, күй өнерін ерекше құрметтеймін. Серік ағам жетекшілік ететін үйірмеге қатысқаныма екі жылдан асты. Қазір Құрманғазының «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқасын», Жайымовтың «Шалқымасын», «Жантөре» күйлерін орындап жүрмін,-деді күні кеше Грузияда өткен халықаралық байқауда бірінші орынды иеленген Ерлан Есіл.
-Мен үш жылдан бері домбыра үйірмесіне қатысудамын. Жаңа айтқан күйлерге қоса Моцарттың «Түрік маршы», басқа да классикалық шығармаларды меңгеріп алдым,-дейді Әкежан Әнуарбеков.

Әңгімеге жас таланттардың ұстазы Серік Нұрсұлтанов араласты. Оның айтуынша, домбыра сыныбында қазір 16 бала бар екен. Музыка мектебінің домбыра сыныбы Алмасай ауылында да бар екен, оған Әлемгүл Нұрсұлтанова жетекшілік етеді.
-Шәкірттерім талантты, домбыраның қара шанағынан төгілетін күйлерді үйреткен кезде әуенді қағып алып, іле-сала қайталап береді. Ұмытып қалмауы үшін үйде болғанда сан рет қайталауға тапсырма беремін. Жанында отырып үйреткен жеңіл. Бірақ балалардың нотаны меңгеруіне де назар аударамын. Биыл Алматы қаласында бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған төртінші республикалық «Атадан-Мұра» байқауында екі бірдей шәкіртіміз топ жарып сыннан сәтті өткен соң, оларға Грузиядағы халықаралық байқауға жолдама берілді. Тбилиси қаласына Ерлан Есіл, Әкежан Әнуарбеков әкесі Бауыржанмен, мен және концертмейстр Лариса Арсабиева бесеуіміз бардық. Бізді жылы қарсы алды, тынығып алған соң өздерінің тарихи орындарымен таныстырды, атақты Функлер тауына шығарды. Ертеңінде халықаралық «Гамарджоба Тбилиси» шығармашылық байқауы басталып кетті. Оған Алматы, бірқатар мемлекеттердің халық аспаптарында ойнайтын таланттары қатысты. Мен өз шәкірттеріме сендім. Мұндай атағынан ат үркетін атақты халықаралық байқауға бірінші рет қатысып тұрса да, олар қобалжымады. Ерлан Есіл «Балбырауын», «Шалқыма» күйлерін орындаудан бірінші, ал Әкежан Моцарттың «Түрік маршы» классикалық шығармасын концертмейстр Л.Арсабиеваның сүйемелдеуімен, бұдан кейін екеуі «Балбырауынды» екі дауыста орындап, үш бірдей бірінші орынды жеңіп алған кезде, ерекше толқыдық. Бұған қоса Ерлан Есіл «Әртістігі үшін» дипломына ие болды. Байқауға Грузияның үш бірдей атақты халық әртістері жетекшілік жасады, олар Ұлан ауданынан келген балалардың өнеріне жоғары баға берді,-деп Серік Бұханұлы қуанышын бірге бөлісті.
Айта кету керек, талантты балалар енді Санкт–Петербург қаласында өтетін тағы бір халықаралық конкурсқа қатысуға жолдама алды. Демеушілер табылып жатса, ұландық өрендердің Ресейдің тарихи қаласынан да жүлдемен оралары сөзсіз.
ЕНДІ ФЛЕЙТА ҮЙІРМЕСІН АШПАҚ
…Бұл сөзді айтқан, музыка мектебінің директоры Бақыт Аханова. Қырық жылға таяу тарихы бар музыка мектебінен талай таланттар қанат қағып ұшқан. Алайда, мұндай биік жетістікке жас таланттар бұрын қол жеткізбеген екен. Ең әуелі аудан әкімі Дәулет Батырбаевтың өнерге деген құрметі, музыка мектебінің материалдық базасын жаңартуға жете көңіл бөлуі жемісін беріп келеді. Аудан әкімі Алматыдан 9 жетіген, ондаған сапалы, әуезді домбыра, басқа да музыка аспаптарын сатып әперуге қол ұшын беріпті. Бұдан бір жыл үш ай бұрын мектепте небәрі төрт сынып, 66 бала болса, қазір олардың саны 237-ге жеткен. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, жаңа басшы ауылдарды аралып, музыкаға бейімі бар балаларды үйірмеге қатыстырған, оларға жағдай жасаған. Бұл күндері фортепианоның екі сыныбында – 14, домбыраның екі сыныбында – 25, Алмасай ауылындағы филиалда – 7, хореографияда – 90, скрипкада – 9, баянда – 7, гитарада – 9, жетігенде 11 бала жаттығып жүр. Өткен жылдың қыркүйегінде ашылған жетіген, сыбызғы, виоленчель үйірмесіне қызығушылар қатары өсіп келеді. Жетіген үйірмесінде Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің түлегі Маржан Баекина дәріс береді. Қазіргі таңда музыка мектебінде жоғары және орта арнаулы білімі бар19 ұстаз бар. Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, күміскөмей әнші Альмира Нұрғожина мектепте вокалдан сабақ беріп жүр, оның алты жастағы екі бірдей шәкірті Астанада өткен байқауда бірінші, екінші орынды иеленді. Альмира қазір 16 баланы ән өнеріне баулып жүр. Музыка мектебі жанынан «Асыл мұра» халық аспаптар оркестрі, «Шырайлым», «Шапағат», «Ұлан», «Наз» хореографиялық ансамбльдері, «Жігер» домбыра оркестрі, Герасимовка ауылындағы филиалда «Серпін» домбыра оркестрі, «Лик-Мажор» ән-эстрада ансамблдері құрылып, өз өнерлерін аудан тұрғындарына көрсетуде.
-Музыкаға арбалған бүлдіршіндерді өнерге баулып, үлкен өмірге жолдама беруге атсалысу абырой емес пе?-дейді Бақыт қарындасымыз. – Наурызда Астанада өткен «Астана Старс» байқауында бірінші сынып оқушылары Қанат Әбілсейіт пен Аружан Сатыбалдықызы бірінші, екінші орындарды, Өскеменде өткен «Хрусталь нотасы» байқауында бүлдіршіндер Зарлыхан Саида мен Жайна Зайнолданова екінші орынды иеленді. «Ерлігі -елге мұра» байқауында да жоғарыда айтқан екі домбырашымыз гран-приді жеңіп алған. Қуат Аружан (жетіген), Қуат Ақшолпан (домбыра), Берғазы Аружан (қобыз), Айсұлу Мұқашева сияқты талантты шәкірттеріміз сан мәрте лауреат атанды. Ендігі мақсатым-флейта, басқа да бірнеше аспаптарды үйрететін үйірмелерді ашу,-дейді ізденгіш, музыка мектебінің атақ-даңқын шығарып жүрген, қырық жылға таяу білім саласында абыроймен қызмет етіп келе жатқан ұстаз Бақыт Омарғалиқызы.
Оңдасын Елубай
Ұлан ауданы.