Қоғам

Азия ойындарының жүлдегерлерін алқалады

Азия ойындарының жүлдегерлерін алқалады

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткізілген XVII жазғы Азия ойындарында ел намысын абыроймен қорғаған шығысқазақстандық спортшыларға құрмет көрсетілді. Дүбірлі додада олжа салған саңлақтарды Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтап, марапаттады.
Естеріңізге сала кетсек, Сарықұрлықтың кіл мықтылары сынға түскен аламанда Қазақ елінің құрамасы жиыны 84 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға жайғасқан болатын. Құрама қоржынына түскен сол медальдардың ішінде біздің өңірдің спортшылары иеленген жүлделер де бар. Енді, міне, Азия ойындарында алаш туының астында тамаша өнер көрсеткен жеті бірдей жерлесімізді туған аймағы сый-құрметке бөледі.
Алдымен көпшілік алдына XVII жазғы Азия ойындарының алтын медаль иегері Ольга Рыпакова бастаған спортшылар, атап айтсақ, Руслан Құрбанов, Расул Қалиев, Дастан Ықыбаев, Полина Михайлова, Дмитрий Грязнов, Зере Бектасқызы, Алина Белан шықты.
– Әрбір адам үшін спорттың маңызы зор. Спорт – адамдардың денсаулығы, салауатты өмірі, халықаралық аренадағы мемлекетіміздің абырой-беделі. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ әрдайым спортқа, оның ішінде бұқаралық спортқа баса көңіл бөлуде. Соған сәйкес алдағы жылдары елдегі спортпен айналысатын тұрғындардың үлесін 30 пайызға жеткізу туралы міндет жүктеген. Бүгінгі күні өңірімізде 380 мыңға жуық адам спортпен айналысса, 3 мыңға жуық спорттық нысан жұмыс істеп тұр. Тек кейінгі жылдардың өзінде ғана осы салаға жергілікті бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінген. Бұған қоса мұндай нысандарды салуға ірі демеуші-кәсіпорындар да белсенді атсалысуда. Мына жеңіл атлетика манежі демеушілердің қаражатына салынды. Бұлардың бәрі – спортшыларға жасалып жатқан жағдай. Соның арқасында міне, жоғары жетістіктерге қол жеткізудеміз. Осыдан екі жыл бұрын жерлесіміз Ольга Рыпакова Лондон Олимпиадасының чемпионы атанса, биылғы Гаућар лиганың күміс медалін иеленді. Енді, міне, Азия ойындарының алтын жүлдесін өңірімізге алып келді. Біздің спортшылардың бұл жеңісімен баршаңызды құттықтаймын, – деген аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ елімізге еңбек сіңірген спорт шебері Ольга Рыпаковаға жаңа «Skoda Rapid» жеңіл автокөлігінің кілтін табыс етті.
Өз кезегінде әйгілі спортшы қызымыз сыйға алған темір тұлпарын жеңіл атлетикадан балалар мен жасөспірімдердің облыстық спорт мектебіне тарту етті.
– Азия ойындарында қол жеткізген жетістіктеріміз – спортшылар мен бапкерлердің төккен тері мен еңбегінің арқасы, сол сияқты мемлекет, облыс басшылығы тарапынан біздерге жасалып жатқан жағдайлардың нәтижесі деп білемін. Еліміздің өзге өңірлерінде жоқ керемет спорт нысандары Шығыс Қазақстанда бар. Басқалары бізге қызығушылықпен қарайды, осындай жерлерде жаттығуды армандайды. Бұл – әрине, облыс басшылығының үлкен еңбегі. Демеушілер тауып, халықаралық талаптарға сай келетін заманауи спорт ғимараттарын салдыртқан облыс басшылығына қолдау-көмегі, қамқорлығы үшін барлық әріптестерімнің атынан алғыс білдіремін, – деп ағынан жарылған Ольга Рыпакова 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін кезекті Олимпиадаға тыңғылықты дайындалуға барлық мүмкіндік қарастырылғанын жеткізді.
Сондай-ақ, Инчхонда көк байрақты желбіреткен өзге шығысқазақстандық спортшылар мен олардың бапкерлері де құрмет-қошеметтен тыс қалған жоқ. Оларға грамоталар мен қомақты ақшалай сыйлықтар берілді.
Бұл ғимараттардың әрбірі заманауи үлгіде, барлық стандарттар бойынша салынуда. Мәселен, жабық суда жүзу бассейні сияқты жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін спорттық нысан әзірге республикада жалғыз Өскеменде ғана. Мұнда әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады.
Алдағы уақытта кластердің қатарын 300-ден астам баланы қабылдайтын спорт мектеп-интернаты толықтырмақ. Мердігерлердің сөзіне қарағанда, мектеп-интернаттың құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталып, келер жылдан бастап қолданысқа берілмек. Кластердің аумағынан 80 орындық қонақүйге де орын табылыпты. Қонақүйді салудағы мақсат жарысқа келетін спортшылар мен бапкерлерді бағасы арзан жайлы жатын орынмен қамту. Сонымен қатар мұнда келешекте волейбол, баскетбол сияқты спорттық ойын түрлеріне арналған нысан салынып, Меновное атшабарында орналасқан бұрынғы атқора велоспорт нысаны ретінде қайта жөндеуден өткізілетін болады. Қысқасы, өскемендіктер мен қала қонақтары үшін бұл аумақ ерекше спорттық-мәдени кластерге айнала бастағаны ақиқат.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button