Білім

Қажетінше қамқорлық болса да, көрсеткіш көңілден шықпай тұр

Қажетінше қамқорлық болса да, көрсеткіш көңілден шықпай тұрӨскеменде өткен облыстық білім қызметкерлерінің «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстанның мемлекеттік саясатының басымдығы» атты тамыз кеңесінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев педагогтардың алдына нақты тапсырмалар қойды. Тамыз кеңесіне аудандар мен қалалардағы білім қызметкерлері тікелей бейнережимде қатысып отырды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиевтің деректеріне ден қойсақ, 2011 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) қорытындысы бойынша респуб-ликада төртінші нәтиже көрсетсе, былтыр он екінші, биыл он үшінші орындарға бірақ сырғыған. Ал осы уақыт аралығында білім жүйесінің бюджеті екі есеге жуық ұлғайған. Мұның сыртында материалдық-техникалық базаны нағайтуға, құрылыс жұмыстарын жүргізуге және басқа да мақсаттарға бағыттал-ған қазына қаржысы қаншама. Мәселен, 2009 жылы облыстық білім жүйесіне 40094,40 млн. теңге бөлінген болса, биыл оның көлемі 70 322,90 млн. теңгеге дейін өскен. Сол сияқты білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ағымдағы жылы жергілік-ті бюджеттен 581004 мың теңге қарастырылса, республикалық бюджеттен 245820 мың теңге бөлінді. Бұған қоса, апаттық ғимараттардың орнына жаңадан салынған және жөндеу жүргізілген мектептер тағы бар. Қысқасы, педагогтарымыз мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтан шет қалып отырған жоқ. Бірақ өкініштісі сол, қанша жерден қамқорлық болса да, көрсеткіш көңілден шықпай тұр. Ағымдағы жылы мектеп бітірген түлектердің ішінде «Алтын белгіден» үміткер 402 оқушының 98-і ғана өздерінің атақтарын дәлелдей алған. Оны айтамыз, биылғы ҰБТ нәтижесіне сенсек, Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті, Катонқарағай аудандары мен Курчатов қаласында бірде-бір «Алтын белгі» иегері шықпаған.

Шығыстағы білім деңгейінің құлдырап кетуінің объективті және субъективті факторларына жеке-жеке тоқталған облыстық білім басқармасының басшысы: – Басқарма мен аудан-қалалардағы бөлімдердің, мектептердің байланысы нашар. Бақылау, үйлестіру жағы кемшін соғып жатыр. Мектеп директорлары менеджментпен мүлдем айналыспайды. Мемлекет-тің туғызып отырған қолайлы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың жолын қарастырмайды. Алайда, бұл кемшіліктерді біз тез арада жойып, іске кірісуіміз керек. Жақын болашақта біздің облыстың білім сапасы республикадағы үздік бестікке енуі үшін талмай жұмыс істеуге тиіспіз. Біздің алға қойып отырған ең басты міндетіміз – осы, – деп түйді.

Баяндамашы өз сөзінде балалардың денсаулығын қорғау, оқушыларды үйірмелермен, секциялармен қамту, салынып жатқан білім беру нысандарының құрылыс сапасын қатаң бақылауға алу, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу секілді бірқатар проблемаларға көңіл аударды.

Одан кейін сөз тізгіні Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Ферхоға берілді. Білім саласын бес саусағындай білетін халық қалаулысы тосылған жоқ, қазіргі күні аяққа тұсау болған мәселелерді бір-бірлеп санамалап берді.

– Осы уақытқа дейінгі өткізілген ұлттық тестілеудің нәтижелерін сараптай келе, мынадай бір түйінге тоқтадым. Иә, ҰБТ жыл өткен са-йын жаңарып, жетілдірілу үстінде. Алғашқы кездегі сияқты өрескел қателіктер жоқ тест сұрақтарының ішінде. Сондай-ақ, ол сұрақтар мектеп бағдарламасында оқытылған тақырыптарды қамтыған. Сөйте тұра, алдыңғы жылдардың көрсеткішімен салыстырғанда кейінгі екі жылда ҰБТ-ның орташа балы күрт төмен-деп кетті. Ол нені білдіреді? Сұрақтар өзгермесе, мектеп бағдарламасы сол күйінде оқытылса, кітаптардың мазмұны да бұрынғы қалпында қалса. Демек, министрлік тарапынан бақылау, талап күшейтілді деген сөз. Мұны оқушылардың білімсіздігіне жатқызуға болмайды, – деген Светлана Ферхо профильді сыныптардың жұмысы мен оқулық кітаптардың мазмұнына қатысты ойын жеткізді.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаев тамыз кеңесінде ҰБТ-да төмен балл жинаған Риддер, Шемонайха, Глубокое, Катонқарағай, Күршім сияқты аудан-қалалардың білім бөлімдерінің басшылары мен жа-
уапты өкілдерін жеке-жеке тұрғызып, сұрақтың астына алды.

– Шалғайдағы бір аудан емес, облыс орталығының дәл іргесінде тұрған Риддер үшін ҰБТ-да 68 балл (орташа) жинау дегеніңіз ұят емес пе? Екі «Алтын белгі» иегерінің біреуі ғана атағын қорғаған. Жалпы, Риддер қаласында ҰБТ-ға қатысу көрсеткіші төмен. Көпшілік түлектер тест тапсырмай, Ресейдің оқу орындарына кетіп қалады. Олар ертең жоғары оқу орнын бітірген соң, қайтып оралса жақсы ғой, келмесе он бір жыл бойы басқалар үшін оқыттық па?! Білім бөлімінің бас-шылығы мен мектеп директорлары неге мұны бақылауға алмайды?! – деген аймақ басшысы басқа аудандардың да жауапты адамдарын қатаң сынға алды.

Педагогтарда ұсыныс жоқ па?

Әсіресе, бұған дейінгі жылдары ҰБТ-да орташа балы жүзден төмен түсіп көрмеген Күршім мен Катонқарағайдағы білім сапасының нашарлауы жастардың болашағы үшін жаны ауыратын мамандарды шын алаңдатты. Бірақ алқалы отырысқа қатысуға келіп, облыс Әкімі мен өзге әріптестерінің алдында «жағдайды реттейміз, кемшіліктер жойылады» дегеннен басқа ауыз толтырып ештеңе айта алмаған білім бөлімінің басшыларына қарап, көңілдегі күмән қоюлана түсті. Мұны жиынға қатысқан КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаева да айтты.

– Осындай алқалы отырысқа келіп тұрып, бір ауыз ұсыныс айтпай кету дұрыс емес. Өз басым әріптестерімнен тың ұсыныстар мен идеялар еститін шығармын деп үміттенген едім, көп нәрсе күткен едім. «Мен білім сапасын арттыру үшін мынандай мақсат-міндеттерді жүзеге асырған дұрыс» деп ой-пікірін ортаға салатын педагогтар қайда? Өкінішке қарай, ешқайсысы жақ ашпады, – деп қынжылыс білдірген Қанипа Бітібаева ұлттық тестілеуге қатысты да ұлағатты ойын жеткізді.

Білікті ұстаздың пікірінше, ҰБТ-ға дайындық деген түсінікті мүлдем ұмыту керек. Оқушы өзінің білім деңгейін тестіге дайындалу арқылы емес, кәдімгідей он бір жыл бойы мектеп қабырғасында ұстазынан үйрену, оқу арқылы қалыптастыруы керек. Мұғалімдер балаларға құрғақ сандар мен деректерді жаттатқыза бермей, терең білім сіңіргендері абзал. Айталық, физиканың заң-дылықтарын, әдебиет беретін рухани байлықты тестілеуден ала алмайды оқушы. Бір ғана мысал, биылғы ҰБТ нәтижесіне жүгінсек, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен шығысқазақстандық түлектердің жинаған орташа балы республика бо-йынша ең төменгі орындардың бірін иемденуге мәжбүр еткен. Абай, Шәкерім, Мұхтардай тұлғаларды дүниеге әкелген, Оралхан Бөкейдей талантты шығарған топырағы қасиет-ті Шығыс өңірде төл әдебиетіміз бен тілімізді жетік меңгермеу – сүйекке таңба, арымызға сын. Сол себепті қарт ұстаз өз сөзінде кейінгі уақытта қызу науқанға айналған ҰБТ-ға дайындықты күшейткенше, дәстүрлі білім беру жүйесін бүгінгі заманға сай жетілдіру, дамыту арқылы жемісін көру пайдалырақ екенін еске салды. Ол үшін алдымен педагогтардың біліктілігін арттыру мақсатында ғалымдардың, кәсіби мамандардың және қарапайым ұстаздардың қатысуымен әртүрлі конференциялар мен семинарлар, курстар ұйымдастыру қажет. Озат қызметкерлердің іс-тәжірибелері, әдістемелері басшылыққа алынып, қолданысқа кеңінен енгізілуі тиіс.

Мектептердің әлеуетін ҰБТ-ның орташа балымен өлшеу дұрыс еместігін облыстың бірінші басшысы Бердібек САПАРБАЕВ та тілге тиек етті. Себебі, әрбір білім ошағының, ондағы ұжымның білім сапасын нақты анықтауды кешенді түрде қарастыру керек.
Мектеп – білім берудің ғана емес, сонымен қоса, тәрбиенің, мәдениеттің, болашақтың ошағы. Кейбір ауылдарда мектептен басқа ештеңесі жоқ. Сол себепті мұны әр уақытта ескеруіміз керек.

Апаттық мектептер қаптап кетті

Ресми ақпараттар еліміздегі білім беру мекемелері түгелдей 100 пайыз компьютермен қамтылғанын, басым бөлігі интернет желісіне қо-сылғанын алға тартады. Алайда, олай емес. Кейбір ауыл мектептерін-де компьютерлер ескі, жұмыс істемейді, енді бірінде оқушылар мүлдем қолданбайды, тек тексеру немесе басшылар келген кезде көрсе-ту үшін қойылған. Сол сияқты информатика пәні мамандарының жетіспеушілігінен компьютерлік сыныптар жабық тұрады.

– Білім деңгейінің құлдырауына себеп болатындай қандай кемші-ліктер жібердік? Осы олқылықтар-дың орнын толтыру үшін жаңа оқу жылында не істеу керек? Қандай жұмыстарды қолға алу жоспарланған? Болашаққа қандай міндеттер қойып отырмыз? Міне, әрбір мектептің директоры, білім бөлімінің басшылары, жалпы салаға қатысты қызметкерлер осы сұрақтарға жауап іздеп, сараптама жасаулары керек. Кешегіні қорытындылап, одан сабақ алып, келешекке айқын мақсат белгілеуі қажет. Сонда ғана еңбектің жемісін көреміз, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

Облыс аумағында апаттық мек-тептердің орнына салынып жатқан құрылыс нысандары туралы да отырыста сөз болды. Мәселен, 2009 жылы өңірімізде бірде-бір апаттық мектеп болмаса, кейін-нен олардың саны отыз-қырыққа, ал ағымдағы жылы алпысқа жетіп жығылған. Мекемелерді оңтайландыру жүргізілген соң, апаттық мектептер жаңбырдан ке-йінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Бұл – ең әуелі министрлік тарапынан оларды анықтайтын баршаға ортақ өлшемдердің жасалмауынан. Соған сәйкес білім беру мекемелерінің апаттық жағдайы әр облыста әр- түрлі өлшемдер бойынша арнайы құрылған комиссияның тексеруі арқылы анықталады. Мәселен, болашағы бұлыңғыр, бала саны аз шағын ауылдарға үлкен ғимарат салудың қажеті қанша? Аймақ басшысы осы мәселелерді назарға алуды кеңеске қатысып отырған Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Темірғали Әбілмәжіновке аманаттады.

– Бүлдіршіндерді мектепке дейін-гі мекемелермен қамтуда Шығыс Қазақстан облысы республикада үздік бестікке еніп, 97 пайыздан астам көрсеткішке ие болды. Бүгінге дейін 17 балабақша ғимараты мемлекеттің иелігіне қайтарылып алынды. Одан бөлек жекеменшік балабақшалар мен шағын орта-лықтардың да қызметі жандана түскен. Осының бәрі көңілге қуаныш ұялатады, әрине. Дей тұрғанмен, алдағы уақытта мемлекеттік-жеке-меншік серіктестік аясында жеке балабақшалар ашуда кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру керек сияқты, – деген Темірғали Әбілмәжінов облыста жарқын қолдау тапқан «Туған жерге – тағзым» акциясымен өңір-ден шыққан қалталы азаматтарды осы іске жұмылдырса деген ойын жеткізді.

Осы арада облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиевтің мәліметтерін келтіре кетсек, ағымдағы жеті айда 100 орындық бір балабақша салынып, жалпы саны 420 бүлдіршінге арналған 3 жекеменшік балабақша есігін ашқан. Жылдың соңына дейін тағы да 4 балабақша (1010 орындық) ғимараты қолданысқа беріліп, 250 орындық төрт жеке балабақша іске қосылмақшы. 580 орынға шақталған екі ғимарат мемлекетке қайтарылады. Сондай-ақ, бірқатар шағын орталықтар қысқа жұмыс мерзімінен толық жұмыс күніне ауыстырылмақ.

Бал мен сүт басты тағамға айналсын

Өңір басшысы өз сөзінде 1-қыркүйекке дейін облыс аума-ғындағы барлық мектептерде бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына ыстық та-мақ беру жөнінде тапсырма жүктеді. Ал 2014 жылдан бастап барлық аудандар мен қалалар оқушыларды балмен және сүтпен тамақтандыру-ға өз бюджеттерінде тиісті қаражат қарастырып қоюлары керек. Бұл ретте Өскемен мен Семей қалалары ерекше қадағалауға алынатын болады. Айтпақшы, шемонайхалық шаруа қожалықтары аудандағы барлық мектептерді қажетті мөлшерде сүтпен тегін қамтамасыз етуге қол ұшын беруге келісіпті. Алдағы уақытта басқалары да шемонайхалық әріптестерінен үлгі алғаны дұрыс дейді облыс басшысы.

Жиында сонымен қатар шағын комплектілі білім ошақтарының жұмысы, жан басына шаққандағы қаржыландыру, кәсіптік және техникалық білім беру мекемелері мен кәсіпорындар арасындағы байланыс, дуальді оқыту жүйесін тереңдетіп енгізу, кадрлардың біліктілігін арттыру, педагогтарды ғылыми жұмыспен айналысуға көп-теп тарту, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық жасау, бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен, балмен және сүтпен қамтылуын қадағалау секілді көптеген түйткіл-ді мәселелер қозғалып, олардың шешу жолдары нұсқалды. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» ретінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ең бірінші кезекте білімнің сапасын арттыруға тапсырма беріп, ұстаздар қауымын еліміздің бола-шақ тұлғаларын тәрбиелеудегі жауапкершіліктің жүгін сезінуге шақырды.

Тамыз кеңесінің соңында үздік педагогтарды марапаттау салтанаты болды. «Білім саласының құрметті қызметкері» төсбелгісі Өскемендегі «Геодезия және картография» колледжі директорының орынбасары А.Ащеуловқа табыс етілсе, Ы.Алтынсарин төсбелгісімен «ШҚО балалар ауылы» КМК-ның директоры А.Ислямов, Черемшанка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Т.Бекишев, Өскемен құрылыс колледжі директорының орынбасары Н.Байсаринова марапатталды.

№4 Күршім орта мектебінің қызметкері Н.Сүлейменова, Зайсан ауданы Қаратал ауылындағы «Азамат» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі Ж.Құдайбергенова және басқалар облыс Әкімінің Құрмет грамотасын иеленді. Ал қажырлы еңбегі мен біліктілігінің арқасында «Үздік педагог – 2013» облыстық байқауының қорытындысы бойынша әріптестерінің арасынан оқ бойы озып шығып, бас жүлдені иеленген Жарма ауданы, Суықбұлақ орта мектебінің математика және физика пәні мұғалімі Лариса Тоғызбаева аймақ басшысының қолынан «Лада приора» маркалы жеңіл автокөліктің кілтін алды.

– Өте қуаныштымын. Ең әуелі біз секілді қарапайым мұғалімдердің еңбегін елеп-ескеріп, осылай қам-қорлық көрсетіп жатқан облыс басшылығына алғысым шексіз. Бұл сый-сияпат, құрмет маған ерекше әсер етуде. Жаңа оқу жылы қарсаңында марапатталуым алдағы қызметімді бұдан да нәтижелі атқаруыма оң әсерін тигізеді деп ойлаймын, – дейді байқау жеңімпазы Лариса Тоғызбаева.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button