Ақжар жұртының рухани азығына айналып отыр
Ақжар өңіріндегі ауылдық клубтар мен мәдениет үйлерінің халі бұдан үш-төрт жыл бұрын мүшкіл жағдайда болатын. Бүгінде мәдениет нысандарының бәрі жөнделіп, қажетті құралдармен жабдықталып, қызметкерлер саны да көбейіп келеді. Жыл басында мәдениет ошақтары қызметкерлерінің саны 49 бірлік болса, енді 59 адамға жетіп отыр.
Тарбағатай ауданының алыс ауылдарындағы мәдениет нысандарының жұмысын тиімді жүргізу мақсатында Ақжар өңірі аумағындағы 12 мәдениет үйі мен төрт ауылдық клуб «Ақжар мәдениет үйі» КМҚК мекемесі қарамағына бекітіліп берілген.Аудан орталығынан алыс орналасқан елді мекендердің мәдениет үйлері мен клубтарында қайтадан жандана бастаған мәдени көпшілік шаралар, көркемөнерпаздар ұжымының жұмысы бұл жүйенің қызметкерлерге де, халыққа да қолайлы болғандығын көрсетіп отыр.
-Ұлтымызда өнерге деген құрмет қашаннан жоғары, ал біздің жақтың жұрты ежелден өлең, жыр десе елеңдеп тұратын, ән-күйге құмар, өнерге ғашық ел. Ауданымызға Ділдәбек Оразбаев әкім болып келгелі бір кезде әбденкетеуі кетіп қалғанмәдениет ошақтарының жағдайы әжептәуір жақсарып қалды. Бүгінгі күні Ақжар аумағындағы мәдениет ұжымдары тұрғындарға түрлі мәдени шараларды ұйымдастырып, жаңашылдықпен, ізденіспен жұмыс істеп жатыр. Ақжар мәдениет үйіне биыл сахналық костюмдер, компьютерлер, «ЛЭД экран», дыбыс аппаратуралары сатылып алынды. Байтоғас, Жаңаталап клуб үйлеріне орындықтар алынды,-дейді Ақжар мәдениет үйінің методисі Жаннұр Ашмұханова. -Жыл басынан бері Ақжар мәдениет үйіне қарасты ауылдық мәдениет және клуб үйлерінде560 шара өткізілді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай барлық мәдениет үйлерінде «Тәуелсіздікке – тағзым» аудандық көркемөнерпаздар байқауы, «Алғыс күні» мерекесі өткізіліп, оған көркемөнерпаздармен қатар ауыл тұрғындарының өздері атсалысты. Жергілікті сазгерлер шығармашылығына арналған «Бір ақын, бір әнші» кеші, «Жайдарман» ойыншылар кездесуі елге ерекше көңілкүй сыйлаған мәдени шаралардың бірі болды.
Биыл жазда Ақжар ауылында ашылған Ақжар мәдениет үйіне қарасты «Байжігіт баба, Мақта ана» ескерткіші мен саябағы, «Дәулетбай батыр», «Қабанабай батыр» саябақтары, «Сазды су бұрқақ» мәдени нысандары қазір ақжарлықтар мен аудан тұрғындары бұрылмай кетпейтін сәулетті демалыс орындарына айналып отыр.
Ақжар ауылдық округінің әкімі Асқар Боғырбаев жыл санап ажарланып, сәулеттеніп келе жатқан Ақжар ауылы мен ауылдық округ елді мекендерінде абаттандыру, көріктендіру шараларының, ондағы мәдениет үйлерінің материалдық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жүргізілетіндігін айтты.
Ақжар мәдениет үйінің аты халық театрымен әйгілі.Театр актерлері қызықты қойылымдарын бұл күнде де аудан, облыс тұрғындарына тамашалатып келеді. 2014 жылы ауылдағы халық театры өзінің Ақжар –Мәскеу сапарының 50 жылдығын атап өтті. Сонау 64 жылы Ақжар халық театрының Кремль сахнасында қойған Ш.Айтматовтың «Жәмила» спектаклін халыққа тағы бір көрсеткен ұжымел жүрегін елжіретіп, тұрғындарға рухани жан азығын сыйлады. Театр ұжымы торқалы той үстінде сол жылдары осы халық театрына жанын салып еңбек еткен: ауданның бірінші хатшысы Оралбек Малдыбаевты, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Жұмаш Сабырбаевты, өнерпаздар мен актерлар Қабдеш Әмірхановты, Әнуар Сейілхановты, Нәзипа Смағұлованы, Мұхатай Абдуллинды, Қазыбек Қозиевты, Әнуархан Қайырбаевты, Шоқан Мұхамадиевты, Бағдат Рахметованы, Мырзахмет Қабимолдинды, басқа да театр таланттарын бір минут үнсіздікпен еске алды.Биыл театр әртістері Ө.Бобанбаевтың «Әңгүдік» комедиясын сахналаған.
Ақжар мәдениет үйінің өнерпаздарымен, тыныс тірлігімен таныстырған Жаннұр Ашмұханованың әңгімесінен театр режиссері Мейрамбек Каменжанов «Мәдениет майталманы» медалінің иегері екендігін,мәдениет үйінің директоры Болат Құсайынов өнер мен спортты қатар көтеріп жүрген жан, КСРО спорт шебері, музыкант, электрондық аспаптарды жөндеудің шебері екенін естіп, білдік.
Облысымыздың аудандарында халық театрын құрғанды қойып, клубтарының жұмысын дұрыс жолға қоя алмай жатқан ауылдар аз емес. Халық театры Ақжар өңіріндегі шағын елді мекен Жаңауыл ауылында да бар. Биыл жаңаауылдық өнерпаздар Роза Мұқанованың «Қыз жылаған» трагедиясын сахналады. Осы ауылдағы мәдениет үйінің ұйымдастырушысы Құралай Бексаинова кішкентай ауылдың кешін көңілді етіп, түрлі мәдени шараларды ұйымдастыруға, ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға ұйытқы болып келеді.
Ақжар өңіріндегі мәдениет ошақтары жыл сайын жас мамандармен толыға түсуде. 2011 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның қазақ музыка факультетінің дәстүрлі ән кафедрасын бітірген Аян Сәдуақасов «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен Ақжар мәдениет үйіне келіп, жұмыс істеп жатқан сол жас мамандардың бірі.Аян Ахметбұлақ ауылының тумасы. Дәстүрлі әнші өткен жылы туған ауылында «Інжу маржан» атты ән кешін өткізіп, ауылдастарының ыстық ықыласына бөленіп қайтыпты. Аян бүгінде аудан жұртшылығын халық әндерімен, Жетісу мен Арқаның, Әсеттің, Манарбек Ержановтың әндерімен сусындатып жүр. Жас әнші бірнеше облыстық, республикалық конкурстардың жүлдегері, лауреаттары атанған.
-Жолдасымның мамандығы психолог, оған да жұмыс табылып, Ақжардағы балабақшаға орналасты. Осы ауылдан несиеге үй сатып алдық,-деген Аян ауылында, мәдениет ошағында өзіндей өнерпаздарға, жастарға көрсетіліп жатқан қолдаудың аз емес екендігін айтты. Сол сенім мен қолдау әншіге қанат бітіріп, ауылын ән мен жырға бөлеп жүр.
Жанаргүл Мұқатай
Тарбағатай ауданы.