Оқиғалар

Актрисаның ажалы жұбайынан болды

19-сәуір күні жұбайының соққысынан көз жұмған Жамбыл атындағы облыстық драма театрының белгілі актрисасы Жадыра Әділованы жерлеу рәсімі өтті.

Актрисаның ажалы жұбайынан болдыОблыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы, подполковник Бақытжан Торғаевтың айтуынша, 17-сәуірде Өскемен маңындағы Молодежный кентінің ауруханасына қолына әйелін көтерген 42 жастағы ер-азамат келіп, оған медициналық көмек көрсетуді сұраған. Бірақ әйелге көмек көрсетуге кеш еді. Ер адам полицейлерге әйелдің Жарма ауданындағы ауылдардың біріне өзімен бірге қонаққа келген зайыбы екенін айтты. Ерлі-зайыптылар арасында ұрыс туындап, жұбайы әйелін соққыға жыққан.

Жұбайы әуелде мәлім еткендей, түнде әйелі ұйықтап қалған, ал таңертең олар өз көліктерімен Өскеменге жүріп кеткен. Жолда зайыбы өзін нашар сезінген соң ауруханаға көмек сұрап келген.

Қылмысын мойындағаннан кейін азамат уақытша ұстау абақтысына жабылды. ҚР ҚК-нің 103-бабының 3-бөлімі (өлімге әкеліп соқтырған ауыр дене жарақаттарын салу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама әйелдің өлімі ауыр дене жарақаттарынан болғанын атады. Ол 40 жаста еді.

Ашудың құрбаны болған актрисаны ақтық сапарға шығарып салуға туған-туыстары мен жора-жолдастары жиналды. Қыршын кеткен жастың кінәсін кімнен сұрарын білмеген ата-ана еңіреп қалды соңында. Жадыра Әділова Жамбыл атындағы облыстық драма театр сахнасында 11 жыл еңбек еткен екен. Әріптестері «марқұм бойының аласалығына қарамастан, рөлдерді әйелдікі, ер-азаматтікі деп бөлмей, шебер сомдайтын» деп еске алады.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button