Экономика

«Қазцинк» өңір бизнесіне екпін берді

«Қазцинк» өңір  бизнесіне  екпін берді

Аймақта шағын бизнес саласын дамытып, өңірді индустриялық-инновациялық жағынан өркендету, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында облыста 2012 жылдан бері «Қазцинк» ЖШС айналасында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың серіктестік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Төрт жылдан бері бұл ірі компания облыстағы, Қазақстандағы 700-ден астам шағын кәсіпорынның өнімі мен қызметін тұтынып, пайдаланып, өндіріс орындарының тұрақты жұмыс істеуіне өзіндік ықпалын тигізіп отыр.
Облыстың шағын және орта бизнес салысындағы кәсіпорындарымен арадағы осы байланысты одан әрі арттыра түсіп, қазақстандық қамту, құрам көлемін кеңейту үшін Өскемендегі «Алтай» технопаркінде облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков, «NADLOC «Жергілікті құрамды дамыту жөніндегі Ұлттық агенттігі» АҚ басқармасының төрағасы Қайрат Бектүргенов, «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазаревтің, облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен «Қазақстанда -бірге жасалған» атты сұхбат алаңы ұйымдастырылды.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қабылданған қазақстандық үлесті дамыту бағдарламасы бүгінгі күні өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Қазақстандық қамту шарасының түпкілікті нәтижесі еліміздің, өнеркәсіптеріміз бен отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігінің, ұлттық қауіпсіздігіміздің кепілдігі болмақ. Қазақстандық үлесті дамытуды ілгерілету үшін құрылған «NADLOC» Ұлттық агенттігінің басқарма төрағасы Қайрат Бектүргеновтың айтқанындай, елдегі ірі металлургиялық кәсіпорын- «Қазцинк» ЖШС облыстағы шағын бизнестің дамуына дем беріп, 2015 жылы тек облыстағы тауар өндірушілерден ғана 95 млрд. теңгенің өнімі мен қызметін сатып алған. Санмен көрсетілген бұл көрсеткіштің ар жағында тұрақты жұмыс істеп, тұрақты еңбекақы алуға қолы жеткен қаншама жан, бюджетті толтырып жатқан қомақты түсімдер, тағы да басқа әлеуметтік мәселелер бар.

«Қазцинк» өңір  бизнесіне  екпін берді

Аймағымызда «Қазцинктей» ірі компанияның үлкен сұранысына ие болып отырған тауарларды шығару үшін жаңадан құрылған кәсіпорын да бар. Аймақ экономикасының өсімін арттыру мақсатында биыл облыс әкімдігі мен «Қазцинк» ЖШС арасында аралас өндіріс құру туралы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойылған болатын. Болашақ өнімді тұтынуды міндетіне алып жасалатын тапсырыс беруші мен отандық өндіруші арасындағы мұндай «оффтейк» келісімшарты алдағы уақытта аймақта жаңа кәсіпорындардың ашылуына, ішкі нарығымыздың жаңа өнім түрлерімен толығуына жағдай туғызбақ. Бұл шара былтыр көлемі 2,6 пайызға дейін түсіп кеткен жергілікті құрамның, қазақстандық үлес деңгейінің көтерілуіне де септігін тигізеді делініп отыр. 2015 жылы жүйе құраушы кәсіпорындардың облыс кәсіпорындарынан тауар, жұмыс, қызметтерді сатып алудағы жергілікті құрам деңгейі төмендеп, 42 пайызды құраған. Ол түсінікті. Әлемдік нарықта қалыптасқан жағдай өңір кәсіпорындары өнімінің өзіндік құнының артуына әкеліп соғып, соның салдарынан жергілікті жердің тауарлары шеттен ағылған арзан өніммен бәсекелесе алмады.
Осы уақытқа дейін өңір кәсіпкерлерінің алдындағы өткір проблема – рұқсат қағаздарын алу мен есепсіз тексерулер болса, енді олардың орнын өндірілген өнімді өткізу, тапсырыспен қамтылу басып отыр. Мемлекеттік сатып алулар көлемінің азайып кетуінің өзі де кәсіпорындарға қиындықтар тудыруда. Құрылыстағы мемлекеттік сатып алу көлемі бұрнағы жылы 80 млрд. болса, былтыр 36 млрд., биыл бар жоғы 17 млрд. теңге деңгейінде ғана болып тұр.
Жергілікті құрамды дамыту жөніндегі агенттік басқармасы төрағасының айтуынша, агенттік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып әр аймақ бойынша жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алуларына талдаулар жүргізіп, қандай өнімнің сұраныс тауып, қай өнімнің өтпей жатқанының себептерін анықтап, шара қолдануда. Алдағы күндері Астанада 80 ірі тапсырыс берушінің, ұлттық компаниялардың қатысуымен өткелі отырған «Сұхбат алаңы» да осы мәселелерді шешуге арналамақ.
– Облыс кәсіпорындарын қолдау шаралары бәсеңдемейді, бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай кеңейтіле береді. Кәсіпорындарымызға «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ұлттық компаниясының сатып алуларындағы жергілікті құрамды көбейту арқылы да қолдау көрсетіліп жатыр. Былтыр шығысқазақстандық кәсіпорындармен аталған ұлттық әл-ауқат қорымен 8 251 ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды. «Самұрық-Қазына» АҚ бойынша жергілікті құрам өткен жылы 10 пайызға өсіп, 81 пайызға жетті, -деген аймақ басшысының орынбасары Димитрий Гариков облыс кәсіпкерлеріне өткізуге, сатып алуға екі жақ та ынталы болатындай сапалы, бағасы қолжетімді өнім өндіру қажеттігін айтты. Жергілікті құрамды көбейтуге орай қабылданған заң аясында облыс әкімдігі «Қазцинк» ЖШС, «ӨТМК» АҚ, «Өскемен арматура зауыты» АҚ, «Бұқтырма цемент компаниясы», «Семей цемент зауыты», «Силикат» ЖШС сияқты жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алуларына мониторинг жүргізіп, олардың өңірде өндірілетін өнімдерді сатып алуына ықпалдасып отыр.
«Қазцинк» ЖШС қазақстандық құрамды дамыту жөніндегі кеңсесінің басшысы Сергей Алиев, компанияның әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев облыс кәсіпорындарының басшылары мен өкілдеріне кәсіпорында ашылып отырған «Тендерлік алаң» жүйесі, тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алуға байланысты қойылатын талаптар мен шарттар, биылғы, алдағы жылдары атқарылатын өндірістік бағдарламалар мен шаралар, осы нысандарға қажетті өнім түрлері, тағы да басқа мәселелерге қатысты жәйттермен таныстырды. Компания басшылығы кәсіпкерлерге Риддер қаласында жұмысшыларға арнап баспана салуға, кешен жұмысшыларын жеңілдікпен берілетін дүкендер қызметімен қамтуға қатысты да ұсыныстарды қарастыруға әзір екендіктерін жеткізді. Қысқасы, сапалы өнім, сапалы қызмет көрсете алатын, сенімді серіктес бола алатындарға әрдайым «Қазцинктің» алаңы ашық.
Шығысқазақстандық кәсіпкерлік субъектілерін ЭКСПО-2017 көрмесінің құрылысына тарту мәселесі де қарастырылып жатыр. Былтырдан бері нысанды салуға қатысып, өнімін жіберіп жатқандар да бар. Шілдеде Инвестиция және даму жөніндегі министрлікте отандық өндірушілерді қолдауға орай өткізілгелі отырған кеңеске облыстың бірнеше кәсіпкері қатысып, құрылысқа қатысуға келісім жасасуды көздеп отыр.
Сұхбат алаңында өңір кәсіпорындарының өкілдері өздерінде шығарылып жатқан өнімдер мен өндірістерінде қолданып отырған жаңа технологиялары жайында айтып, таныстырды.
Отандық өндірушіні, өңір кәсіпорындарының өнімін қолдау тек жүйе құраушы кәсіпорындар аясында ғана емес, «Қазақстанда жасалған» акциясы бойынша да көрсетіліп келеді. Өткен жылдың ақпанындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы отандық өндірушілерді қолдап, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акциясын бастауды ұсынды. «Барлық қазақстандықтарды бүгінгідей қиын жағдайда, біздің, қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырамын. Бұл Қазақстан экономикасына қосқан үлесіміз деп білейік», деді Елбасы. Айналасындағы шағын кәсіпорындардың өндірісіне екпін беріп отырған «Қазцинк» сияқты ірі компаниялармен бірге қарапайым тұтынушы халық та бүгінде сөрелерден өз өнімімізді сатып алып, өз қолдауын көрсетіп жатыр.

Жанаргүл Көкенай

Осы айдарда

Back to top button