Мәдениет

«Қазбатты» көрдік

«Қазбат» атты көркем фильмнің түсіріліп жатқанын жалпы жұртшылық белгілі актер Дәурен Серғазинның инстаграмдағы жазбаларынан жақсы біледі. Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрында әскерилер мен журналистерге осы туындының алғашқы көрсетілімі ұйымдастырылды.

– Фильм 1995 жылы тәжік-ауған шекарасында болған қақтығыстағы қазақ жауынгерлерінің ерлігін баяндайды. Тәжік шекарасын күзеткен ішкі әскеріміздің жетінші ротасына сол жылы көктемде содырлар шабуылдаған. Содырлар Ауғанстаннан Тәжікстанға есірткі түрлерін алып өтпек болған. Бес сағатқа созылған қақтығыста біздің 17 сарбазымыз көз жұмып, 33-і жараланды. Бұл фильмді Ұлттық ұланның қолдауымен «АЮ СИНЕМА» кинокомпаниясы түсірді. Режиссер – Асқар Ұзабаев, сценарий авторлары – Сергей Литовченко мен Мұхаметқали Сатов, – деді баспасөз мәслихатында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Берік Тоқтаров.

Фильмнің басында жауынгердің қойнынан көк Туды алып шығып, оны атыста қаза болған серіктерінің бетіне жапқаны көрсетіледі. Сосын оқиға басынан бастап баяндалады. Бірінші бөлім жігіттердің әскерге қалай барғанын түсіндіруге тырысқан қысқа-қысқа эпизодтарға арналған. Мәселен, бірінші кейіпкердің оқуға түсе алмағандықтан, «амалдың жоғынан» сапқа тұрғанын көреміз. Екінші кейіпкердің топпен бірге әлдекімді жабылып соққыға жыққаны белгілі болады. Оған Мәскеуге қашып бара жатқан жолдастарының бірі: «қалаға барып бой тасала немесе әскерге аттан» деп кеңес беріп, әскерге барса, екі жыл бойы «менттер» таба алмайтынын айтып кетеді. Ал үшінші кейіпкер мәшинемен кісі қағып, қамауға алынады. Осы сәтте оған түн жамылып әкесі келеді (әкесінің түрме қызметкерлерінің алдында беделді екені анық байқалады). «Әскерге барасың, я болмаса осы түрмеде шірисің» деп жекиді ол ұлына. Ал төртінші кейіпкердің әскерге баратыны туралы алдын ала айтпағаны үшін сүйген қызынан үш-төрт мәрте шапалақ «жеп», артынан қимай «көріскенше» айтқан сәті ұсынылады.

Фильмнің арнайы көрсетіліміне сол қақтығысқа қатысқандар да келді. Соңынан пікірлерін айтты.

– Бұл киноны өз басым бірінші рет тамашалап шықтым. Жақсы түсірілген. Тіпті туындының 40 пайызы шындыққа жанасады екен. Әлбетте, көркем туынды болғандықтан, режиссер оқиғаларды ойынан қосуға құқылы. Жалпы, өзімнің есіме жастық шағым оралып, көңілім толқып тұр, – дейді Нұрлан Увайпов.

– Бізге дейін Қаақстанда келісімшартпен әскери қызмет атқару деген болмаған. Біз сол кезде алғаш рет арнайы құжатқа қол қойып, тәжік-ауған арасындағы шекараны күзетуге аттандық. Қаражатымыз төленді. Мен негізі әскерге 1993 жылы бардым. Ал жоғарыдағы екі елдің шекара күзетіне 1995 жылы әскерден қайтар кезімде аттандым. Онда баруға болатынын өзіміздің командирімізден естігенбіз, – деді жауынгерлердің тағы бірі Дәулет Елеусізов.

– Қақтығыста қаза болған жауынгерлерді еске алу салтанатын жыл сайын мектеп, мұражай, әскери бөлімдерде ұйымдастырамыз. Олардың атында кейбір қала, ауылдарда көше мен саябақтар бар. Сондай-ақ болашақта осы тәжік-ауған шекарасындағы қақтығысқа қатысқандарға ардагер статусы берілуі мүмкін. Сонда оларға көптеген жеңілдіктер болады, – деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары Берік Тоқтаров.

Оның айтуынша, фильмнің арнайы көрсетілімі осы бір күнде республика бойынша барлық ірі қалада жүргізіліп жатыр. Бұдан кейін кинотеатрларда жалпы көрерменге көруге болады. Келесі жылы қақтығыстың 25 жылдығына орай фильм 7 сәуірден бастап «Qazaqstan» ұлттық арнасынан көрсетіледі.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button