Қазақтың гобелен өнеріне шетелдіктер қызығады

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде «Қазіргі заманғы гобелен. Қазақстанда жасалған» атты көрменің тұсауы кесілді. Көрмеге белгілі қазақстандық монументші-суретшілер, Суретшілер одағының мүшелері Мәлік Мұқанов, Бауыржан Досжанов және Айдар Жамханның гобелен үлгісінде жасалған бірегей жұмыстары қойылған.
Гобелен деген өнер бар. Сонау ХV ғасырда пайда болып, Франциядан бастау алды деген бұл өнер қазаққа да жат емес. Кәдімгі тақыр кілем немесе алаша тоқу өнеріне қатты ұқсайды. Былайша айтқанда, гобелен дегеніміз сурет салынған кілемше. Ал гобелен деген атауына келер болсақ, бұл сөз француздың жүн бояушы фабрикасының қожайынының ата-тегі көрінеді. Оның мұрагерлері Париждің маңында орналасқан жүн бояйтын фабрикада суретті кілемшелер тоқумен айналысқан. Кейін Людовик 14-ші шеберхананы сатып алып, «Корольдық гобелен мануфактурасын» құрыпты. Сөйтіп, мануфактураның шығарған өнімдері «гобелен» деп аталған екен.
Гобелен Қазақстанға өткен ғасырдың 70-ші жылдары келген. Қазақ гобелен өнерінің көшбасында суретші Құрасбек Тыныбеков тұрса, қазақ қыздарының арасында бұл өнерге алғашқылардың бірі болып Бәтима Зәуірбекова апамыз ден қойыпты. Жалпы, гобелен өнерінің қазақ жерінде қанатын кеңге жайып, тез дамып кетуі, ұлтымыздың табиғатына жақындығынан болар, бәлкім. Бүгінде бұл өнер өзінің биігінен төмендеген жоқ. Осы орайда Өнер музейінде тұсауы кесілген «Қазіргі заманғы гобелен. Қазақстанда жасалған» атты көрме қазақ гобелен өнерінің бүгінгі тыныс-тіршілігінен мол ақпарат беретіні сөзсіз. Аталған көрмеге Мәлік Мұқанов, Бауыржан Досжанов және Айдар Жамхан атты үш гобеленші жігіттің 25-ке таяу еңбегі қойылған.
Гобелен өнерімен таныстыратын жаңа жобаның тұсаукесерінде Шығыс Қазақстан Өнер музейінің директоры Бекайым Ұябаева сөз алып, гобелен жанрында жұмыс істеп жүрген суретшілерге алғысын айтты. Шынында да бұл көрме шығысқазақстандық өнер сүйер қауымы үшін нағыз сый болғаны шындық. Үш кәсіби суретшіден құрылған шығармашылық ұжымның заманауи тұрғыда жасалған туындыларының барлығы көрерменге эстетикалық ләззат сыйлайды. Әр автор өз туындысында айтар ойын символдар арқылы білдіруге тырысқаны көрініп тұр. Уақыт пен кеңістіктің тоғысқан сәтінде пайда болған бұл туындылардың ауқымдылығын халықтың рухы және жады десе де болғандай.
Түйе көтерген палуан
Міне, Бауыржан Досжанов мына бір гобеленін «Балуан» деп атаған екен. Бұл туындысында автор нені айтқысы келді екен? Біреулер бұл гобелен картинадан бойына сыймай бұлқынған бұла күштің иесі – балуанды ғана көреді. Ал автордың өзі бұл туындысына философиялық тұрғыдан қарағанды ұнатады.
– Иә, бұл гобеленде балуан түйе көтеріп тұр. Бұл жерде түйенің өзінің образы бар. Біздің қазақта түйе уақыт ұғымын білдіреді. Өйткені түйе ертеден келе жатқан жануар. Сондықтан да зымырап жатқан уақыттың образын осы түйе арқылы бергім келді. Ал Балуан бейнесі арқылы өмірге келген әрбір адамның өзіне бір жүк алатынын айтуды мақсат тұттым. Біз өмірге келгенде Отанды, елді, отбасымызды қорғауды, оның өркендеп, өсуіне үлес қосуды мақсат етеміз ғой. Ал мына дөңгелек шеңбер шексіз әлемді, өмірдің қозғалысын білдірсе, қазақы нақыштағы өю-өрнектер арқылы өмірдің сұлулығын, кереметтігін жеткізгім келді, – дейді Бауыржанның өзі.
Көрмеге Бауыржанның «Жекпе жек», «Сардарлар», «Ашина», «Жанасу», «Бесік жыры», «Табысу» секілді жеті-сегіз туындысы қойылыпты. Өзінің айтуынша, Бауыржан Досжановтың туындылары негізінен тарихи-мифологиялық тақырыпқа арналған. Батырлар мен балуандардың өмірі, түркі халқының философиясы – оның шығармаларының негізгі өзегі. Бауыржанның «Ашина» атты еңбегі исі түркі жұртының киесіне айналған Көкбөрі туралы аңызға негізделген екен.
– Көп суретшілер өздерінің туындыларында батырлардың бір-бірімен соғысып жатқан көрінісін суреттеуге құмар. Жоқ, мен керісінше бұл тақырыпқа философиялық тұрғыдан қарағанды ұнатамын, – дейді ол.
Бауыржан Досжанов бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқытушы болып қызмет істейді. Өзі осы оқу ордасының түлегі. Гобелен тоқу өнерімен 2009 жылдан бері айналысып келеді екен.
– Гобеленшіні суретші деуге де әбден болады. Екеуінің керемет бір айырмашылығы жоқ, тек жұмыс істейтін материалдары ғана бөлек. Суретші қылқаламмен жұмыс істесе, гобеленшінің құралы жіп. Гобеленшіге де, суретшіге де шабыт керек. Шабытпен жұмыс істегенде ғана шығармаң сәтті шығады, – дейді Бауыржан жылы жымиып. Бауыржан да гобелен өнері алаша тоқу өнерімен өте ұқсас екенін айтады. Айырмашылығы, алаша өнерінде қазақтың ою-өрнектері қайталанып жасалатын болса, ал гобеленде суретші өзінің ойын сызып, соны жіппен өрнектеп шығады.
Бір жұмысқа жарты жыл уақыт кетеді
Ол бір гобеленді тоқу үшін бес-алты ай жұмсайтынын айтады. Мысалы, соңғы еңбегін жасауға бір жылдай уақытын жұмсапты. Ол әр туындысының бағасын да жақсы біледі. Бір еңбегі кем дегенде 4-5 мың АҚШ доллары тұратын көрінеді.
Айтуынша, қазақ гобеленшілерінің өнерін ресейліктер ерекше бағалайды екен. 2015 жылы Мәскеу қаласында үш жылда бір рет өтетін үлкен көрмеде ресейліктер қазақстандық гобеленшілердің еңбектеріне таңдай қағып, таңғалыпты. Сөйтіп, көрме шарттарын бұзып, қазақстандықтарға да орын берген екен. Ал 2016 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен көрмеде тағы да қанжығалары майланған. Гобеленшілер қазір биылғы шілде-тамыз айларында өтетін көрмеге дайындалуда.

Көрмеге еңбектері қойылған гобеленшілердің тағы бірі – Мәлік Мұқанов. Ол Қазақстандағы белгілі нысандарды безендіруге, соның ішінде, Астана мен Алматының қоғамдық ғимараттарының ішкі көріністерін, Алматыдағы метрополитен станциясының көркемдік жұмыстарына қатысып, өз қолтаңбасын қалдырып жүрген кәсіби суретшілердің бірі. Сонымен қатар ол режиссерлер мен сценаришілердің жоғары курсын да тәмамдаған екен. Сондай-ақ өнертану саласында PhD докторы ғылыми дәрежесі бар. Кеңестік және қазіргі замандағы қазақ гобелен өнері туралы 35-ке таяу ғылыми мақаланың авторы. Мәлік Флоберұлының да негізгі тақырыбы ¬– түркі әлемі.
– Біздің гобелендерді сатып алатындар көбінесе шетелдіктер. Өйткені шетелдіктерді қазіргі живописьпен еш таңғалдыра алмайсыз. Ал гобеленге келгенде олар ақша аямайды, – дейді Мәлік Мұқанов.
Ол бірнеше республикалық, халықаралық көрме-байқауларының жеңімпазы. 2016 жылы Оралда өткен «Орал –ДИ» бейнелеу өнерінің халықаралық дәрежедегі көрмесінде «Гобелен» аталымы бойынша «Кәсіпқой» санатында 1-ші дәрежелі дипломға ие болыпты.
Алдағы уақытта үш кәсіби суретшіден құралған шығармашылық ұжымның осынау көрмесі Қазақстанның барлық қалаларында, оның ішінде Астанада да өткізу жоспарланып отырған көрінеді.
Мейрамтай Иманғали