Мәдениет

Қазақтың батыр қызы – Баян Байғожина

Қазақтың батыр қызы - Баян Байғожина


Жетпіс алты жастағы семейлік Түгелжан Әзімханова апамызбен Өскемендегі облыстық аурухананың палатасында тілдестік. «Соңында іздеушісі, жоқтаушысы жоқ қазақтың батыр қызы Баян Байғожина туралы айтарым бар еді. Үйге келсеңші», деп Семейге шақырған-ды осыдан біраз уақыт бұрын. Әне барам, міне бараммен жүргенде қария аяғына ота жасатпақ болып осында келіпті. Құр келмепті, денсаулығының сыр бергеніне қарамастан өзімен бірге Баян Байғожинаға қатысты газетке шыққан мақалалардың көшірмелерін бір папкаға салып ала келіпті. «Операцияға келе жатсам да, балаларға көрсетпей сөмкеме салып әкелдім мыналарды. Олар көрсе ұрсады ғоймаған» деп бір бума қағазды қолыма ұстатып, әңгімесін бастап кетті.

Семейден бір мектеп аты берілсе дейді

-Биыл Кеңес Одағының Батыры Зәкәрия Белібаевтың есімін Семейдегі көшеге бергіздік. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов екеуіміз лентасын қидық. Бірнеше ардагер бір жыл, 18 ай жүгірдік осы үшін. Жазбаған жеріміз қалмады. Ең соңында Қуаныш Сұлтанов көмектесті, – деп сөзін сабақтаған қария одан әрі әңгіме ауанын Баян Баяғожинаға қарай ойыстырған.

Зәкәрия Белібаевқа көше есімін бергізуге сүбелі үлесін қосқан Түгелжан апа енді Абай ауданының Архат ауылынан шыққан алаштың жаужүрек қызы Баян Байғожинаға Семей мен Өскеменнен көше, мектеп аттары берілсе деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп, құзырлы орындарға хат жолдағанымен, әзірге көңіл қуантатындай нәтиже болмай отырғанына қынжылысын білдірді.

– Аудан орталығы Қарауылда бір көше мен балабақшаға батыр қыздың есімі берілген. Баянды туған жері Абай ауданы біледі, Абайдан көшіп келгендер ғана біледі. Басқа ешкім білмейді. Жүрегім ауырады осыған. Жеңіске небары 12 күн қалғанда қыршынынан қиылған, 24 фашисттің көзін жойған қазақтың батыр қызына қандай құрмет көрсетсек те лайық. Оның есімі Мәншүк, Әлия, Хиуаз сынды қайсар қыздарымызбен бірге аталуы тиіс деп ойлаймыз. «Халық қаһарманы» атағын берсе де болар еді. Бірақ бұған қол жеткізу мүмкін емес секілді көрінеді. Семейден көше бермесе де, ең болмаса қаладағы бір мектепке атын берсе деп армандаймын. Қаншама оқушы, қаншама халық білер еді, бүкіл дәптерлерге аты жазылып, Баян туралы сөздер сөйленер еді, кездесулер өтер еді, – дейді ұлағатты ұстаз.

Балдаққа сүйенсе де, «Баян» деп шырылдап жүрген жанның «қазақтың батыр қызына «Халық қаһарманы» атағын берсе де болар еді» деген сөзінің жаны бар секілді. Өйткені, бұған дәлелдер де бар. Бірінші дәлел – «Правда» газетінің әскери тілшісі Павел Кузнецовтың 1945 жылы 23 наурызда жазған «Шыңғыстаудың Баяны» атты мақаласы. Өзінің мақаласын «Төгілген ұзын шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса киген қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан. Біз онымен Гинденбургте Валинштрасседе қашуға үлгермеген неміс Бюргерінің салтанатты кең үйінде кездестік» деп бастаған орыс жазушысы қазақтың батыр қызы ең алғаш «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталып, кейін екі мәрте «Даңқ» орденін кеудесіне қадап, Гинденбург іргесіндегі ұрыста 15 фашисттің көзін жойғаны үшін «Отан соғысы» орденін алғанын тамсана жазады. Баянның даңқы соғыс уақытында бүкіл дивизияға тарап, Белоруссия, Польша және Литва жеріндегі шайқастарға қатысып, ерен ерлік көрсеткенін атап өтеді де: «Сөйтіп, Баян Байғожина бізге: «Берлинде көріскенге дейін сау болыңыздар» деп алға жылжыды. «Берлинде жеңіспен көріскенге дейін қош бол, Баянжан» дедік біз» деп аяқтайды мақаласын.

Баян Байғожинаға қатысты екінші құжат – аға лейтенант Мұрат Қабышевтың 1945 жылы 29 наурызда жазған хаты (полевая почта – 48924). Семей облыстық мемлекеттік архивіндегі сақталған жауынгер хатында ол: «Март айының (1945) бас кезінде Германиядағы Г.қаласынан 7 шақырым жерде бекініп отырған советтің үш солдат қыздарымен кезіктім. Қиылған қас, қара көз, қараторы, басына солдат малақайын киген қыз менен: «Ағай, қай жердікісіз?» деп сұрады. «Семей облысы Абыралы ауданынанмын» деген сөз менің аузымнан шығуы мұң екен, көптен жерлестеріне кездеспеген қазақтың батыр қызы: «Туған ағам болдыңыз ғой. Мен Шыңғыстауданмын. Баян Байғожина» деп шап беріп қолымды алды» дей келе П.Кузнецов жазған төрт орден мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі бар екенін жазады. «Мұндай Отанға еңбегі сіңген қазақ қыздары санаулы. Баян қазір госпитальде. Ол менен туған елдің газетіне хат жазуды сұрады. Қазақ қыздары, Баян сияқты еңбек сіңіріңдер» деп түйіндепті хатын жауынгер.

«Мұхтар Шаханов біздің ауылдікі ме?»

Ауруханадағы әңгіме барысында аңғарғанымыз, саналы ғұмырын батырлар мен ақындар елі Абай ауданының Архат ауылында өткізіп, ұстаздық қызмет атқарған Түгелжан Әзімханова Баян Байғожина есімін ұлықтауды сонау 90 жылдары бастаған екен. Отыз жылдан астам уақыт Архат ауылындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ұстаз 1993 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін аз уақыт тыныс жасап, 1998 жылы үйінің іргесінде қараусыз тұрған бұрынғы сауда дүкенін сатып алады.

– Бұл дүкен жұмыс істеп тұрған кезде Баян Байғожинаның есімімен аталған болатын. Мектепте әдебиет үйірмесін жүргізіп, дарынды оқушылармен әртүрлі сахналық көріністерді қойған тәжірибем бар. «Ауру қалса да әдет қалмайды» деген сөз рас екен. «Осы ғимаратты неге рухани бағытта пайдаланбасқа?» деген ой туды. Сөйтіп, жартылай құлап жатқан құрылыстың бір жағын жөндеген болып, онда тұңғыш рет жоғары оқу орнын бітіріп келген жастармен «Оралыңдар дипломды маман боп» деген кеш өткіздім. «Баян» клубы осылайша дүниеге келді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, осы клубты ешкімнен бір тиын алмай 15 жыл бойы жүргіздім. Семейдегі ақын-жазушылардың көпшілігін ауылға шақырып, кештеріме қатыстырып отырдым. Кейбірінің кітаптарының тұсаукесерін өткіздік. Бір қызығы, кешті де өзім ұйымдастырып, келген қонақтарға дастарқанды да өзім жаятынмын. Менің қолымда ақша қайдан болсын?! Сондай кездердің бірінде сол шақтағы аудан әкімі Қонысбай Төлеубековке: «Мен осы таза Қожанасырмын» дегенімде, ол кісінің «Қожанасыр осал адам болмаған» деп қалжыңдағаны есімде қалыпты, – деп еске алады кейіпкеріміз сағынышқа толы өткен күндерін.

Қазақтың батыр қызы - Баян Байғожина

Байырғы ұстаз әр әдеби кешін Шерхан Мұртазаның «Қарын ашады, тойынады, бірақ рухты төмендетуге болмайды. Рухы төмен адамнан ештеңе күтуге болмайды» деген тағылымды сөздерімен бастайды екен. Әр мекеменің маңдайшасына жазып қоятындай-ақ сөз. Осы 15 жыл мұғдарында ұстаз тек Абай ауданы, Семей өңірі ғана емес, елімізге, әлемге танымал тұлғалардың шығармашылығын да насихаттап әдеби кештер өткізеді. 1998 жылы атақты жазушы Шыңғыс Айтматов 70-ке толғанда «Адамзаттың Айтматовы» деген кеш ұйымдастырып, соңынан шара жайындағы барлық материалдарды сол кездегі Қазақстанның қырғыз еліндегі елшісі Мұхтар Шаханов арқылы қаламгердің өзіне жолдайды. Әйгілі сөз шебері сонау шалғайдағы Шыңғыстауда өзінің шығармашылығын әспеттеген қарапайым ауыл адамдарына қатты риза болыпты.

– Бұл туралы М.Шахановтың маған жазған Алғыс хатынан оқыдым. Кейін 2002 жылы Мұхтардың 60 жылдығына және жылдың ең үздік ақыны атануына орай «Мұхтар – жылдың ең үздік ақыны» деген кеш өткіздім. Өзім ақынның шығармашылығы мен өмірі жайында баяндама жасап, «Ғашықтық ғаламаты», «Түсінісу теоремасы» деген өлеңдерін жатқа оқыдым. Жалпы, қандай кеш өткізбейін бар жұмысты клуб мүшелерінің мойнына артып қоймаймын. Кеш болып отырған ақын немесе жазушының шығармасынан үзінді жаттап оқитынмын. Осы кешке қатысты бір қызықты жәйт еске түсіп тұр. Кеш өткеннен кейін біраз уақытқа дейін Шаханов жайындағы мәліметтер қабырғада ілініп тұрған болатын. Сол кезде бір ауылдасымыздың «Шаханов біздің ауылдікі ме?» деп сұрағаны бар, – деп жымияды қария.

Шағын ғана ауылда Баян Байғожина атындағы әдеби-рухани клубты құрып, 15 жыл бойы қырдағы жұртты әнмен, жырмен сусындатқан Түгелжан апа алты жылдан бері денсаулығына байланысты Семейде тұрып жатыр. Саналы ғұмырын ұлыларды ұлықтауға арнаған ұлағатты ұстаз осыдан бірер жыл бұрын Архаттағы бұрынғы қонақүйдің мәдениет үйіне айналып, оған батыр қыздың есімі берілгенін мерейлене айтты.

– Абай ауданын абыроймен басқарған Тұрсынғазы Мүсәпірбеков балама алғысым шексіз. Мәдениет үйіне Баян есімін берейік дегенімде, бір ауыз сөзге келген жоқ. Қазір ауыл жұртының игілігіне жұмыс істеп жатыр, – дейді.

«Өз уақытын аямаған, өзгелердің бақытын аялаған» өнер жанашырының сан жылғы еңбегі, төккен тері ескерусіз қалмаған секілді. Мектепте ұстаздық еткен жылдары «Қазақстанның оқу ағарту ісінің үздігі», «методист мұғалім» атақтарын иеленсе, зейнетке шыққаннан кейін «Алтынсарин» медалін кеудесіне қадап, «ҚР мәдениет саласының үздігі» атаныпты. Екі мәрте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын алыпты.

– Осыдан екі жыл бұрын «Абай ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстады. Совхозда бас мал дәрігері болған жұбайым да ауданның Құрметті азаматы. Бір үйде екі Құрметті азамат бармыз. Елдің құрметі, еңбегіміздің өтеуі деп білемін. Бір басыма жететін қайғым да бар. Екі үлкен балам полигонның құрбаны болды. Сол қайғыны осы жұмыстармен, әдеби кештер өткізумен, ел-жұрттың ақ батасымен, жылы лебізімен жеңдім, – дейді ұлағатты ұстаз.

P.S: Мақала жазылып жатқанда Түгелжан апа телефон соғып, Семейдегі №37 қазақ орта мектебі ішінен Баян Байғожина атындағы әскери-патриоттық, спорттық клуб ашылғанын қуана жеткізді. Бұл іске қаладағы қорғаныс істері басқармасы ұйтқы болыпты. Аталған басқарма басшысының көмекшісі Кенжебай Бердікеновпен хабарласқанымызда, ол кісі шаһарда осындай 18 клуб бар екенін, батыр атындағы клуб мүшелері алдағы уақытта Германиядағы Қазақстан елшілігіне Баян Байғожинаға қатысты сұраным жіберуге әзірленіп жатқанын айтты. Сонымен қатар, басқарма тарапынан Мәскеу архивіне сұраным жолданғанын, әзірге жауап келмегенін жеткізіп, жақын күндері батыр есімін ұлықтау үшін қалалық деңгейде сайыс ұйымдастыруды жоспарлап отырғандықтарын тілге тиек етті.

-Бастамасы жаман емес. Енді осы мектепке ме, әлде қаладағы өзге білім ордасына ма, батыр қыздың атын беру керек. Осыны газетке жақсылап жазыңдаршы, айналайындар. Менің басқа тілегім жоқ, – дейді қария.

Аурухана төсегіне таңылып жатса да, сыр білдірмей, ұмыт қалған қазақтың қайсар қызы ел жадында жаңғырса деп жаны жай таппаған ұлағатты ұстаздың тілегін Өскемен мен Семей әкімдігі ескерер, оң шешім қабылдар деп үміт етеміз.

Азамат Әбіл

Ескерту: Б.Байғожинаның суреті «Абай» журналының бас редакторы Мұратбек Оспановтан алынды. Ал М.Оспанов бұл суретті абайлық азамат Ақан Телібаев арқылы Қарағандыда тұратын Мұхаметқали Баймұханов ақсақалдан (ол кісі суретке Германияның Берлин қаласындағы таныстарының көмегімен қол жеткізіпті) алған.

Осы айдарда

Back to top button