Қазақтың атын асқақтатып жүр

Ән әлемінің аспанында жарқыраған жас талант Димаш Құдайбергеновке қаймана қазақ пен қарақұрым қытай ғана емес, жеті құрлықтағы желі қолданушыларда таңдай қағуда.
Бұған дейін батыстағы елдердің сахнасын бағындырған қандасымыз биыл шығыстағы көршінің Hunan теле арнасындағы «І am a Sіnger» («Мен әншімін») әншілер байқауына барып қатысқан еді. 14 кезеңнен тұратын бұл сайыстың алғашқы алты сатысы артта қалды. Соның үш кезеңінде қара үзіп шыққан қазақ баласы әлеуметтік желінің басты кейіпкерлерінің біріне айналған.
Мәселен, Димаш Құдайбергеновтің Қытайдағы байқауда алғаш шырқаған «S.O.S» әнінің бейне нұсқасын қазірге дейін 5 миллионнан астам адам көріп, 130 мыңнан аса адам бейнероликті өз парақшаларында достарымен бөліскен. Оларға 7 мыңға таяу пікір жазылған. Пікір білдірушілердің арасында АҚШ, Италия, Франция, Германия, Бразилия сынды көптеген елдердің азаматтары бар.
Димаштың ата-анасы да – өнер адамдары. Әкесі Қанат Айтбаев – Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының басшысы, анасы Светлана Айтбаева – филориплния әншісі. Өзі – Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің екінші курс студенті.
Атағы аз уақытта жалпақ жұртқа жайылған әншінің әкесі жуықта өз еркімен қызметінен кетіпті. Мақсаты – көрші елде өтіп жатқан үлкен өнер сайысында ұлына жақыннан жәрдемдесу. «Славян базары-2015», «Жас қанат» сынды ірі байқауларда топ жарған хас таланттың бұл бәсекеде де бәсі жоғары болса екен деп тілек біліреді туған жұрты. Мамандар бұл жобаның жеңімпазы әлдеқашан анықталып қойды деп жар салуда. Тек Алла жар болсын дейік! Айтпақшы, жобаның жетінші кезеңінде Димаштың жер бетіндегі жанкүйерлері қазақ тілінде құлақ құрышын қандыратын болды. Бұл да қазақтың үлкен жетістігі емес пе?! Тіпті, өнерге өлердей ғашық өзге ұлттың жастары Димашқа деген жүрек лүпілдерін «Мен сені сүйемін!» деп қазақ тілінде жеткізіп жатқан көрінеді. Міне, өз ұлтын өзгеге танытып жатқан осындай өнерпаздарды қалайша аяламасқа?! Ардақтамасқа?! Тәңір сыйлаған талантыңмен қазақ атын асқақтата бер, Димаш!
Мұратхан Кенжеханұлы