Сайлау-2023

Азаматтық қоғамның дамуына серпін беретін маңызды қадам

Елімізде өткен саяси науқаннан Шығыс жұрты да шет қалмай, белсене араласты. Орталық сайлау комиссиясының 19 наурыз түнгі сағат 22.10-дағы мәліметі бойынша, Шығыс Қазақстан тұрғындарының 64,15 пайызы дауыс берген. Осы ретте, халықтың сайлауға қатысуы жағынан облысымыз республика аймақтары мен қалалары рейтингісінде бесінші орыннан көрінгенін айту керек.  

Облыс әкімі де өз таңдауын жасады 

Бұл күні көппен бірге облыс әкімі Даниал Ахметов те өз таңдауын жасады. Аймақ басшысы Өскемендегі №9-шы сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

Аймақ басшысы бұл бүкіл ел үшін маңызды күн екенін және осы жолғы сайлау Қазақстан тарихында мәңгі қалатынын, өйткені бұл біздің мемлекетіміздің саяси құрылымын дамытудың жаңа кезеңін білдіретінін айтты. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған барлық саяси реформа жүзеге асырылды, деп атап өтті облыс басшысы.

– Біз саяси ландшафттың өзгергенінің куәсі болып отырмыз және бұл сайлау Қазақстанның азаматтық қоғамының дамуына маңызды серпін беретіні сөзсіз. Бүгін біз жаңа энергиямен, жаңа ойлармен және идеялармен келетін депутаттарды сайлайтынымызға сенімдімін, – деді облыс әкімі.

Бұл күні аталмыш сайлау учаскесіне аймақ басшысымен бірге №42 мектептің түлектері де келді. Олар өмірінде бірінші рет дауыс берді.

– Президент демократияландыру процесін одан әрі дамыту туралы бірнеше рет айтып өткен болатын. Біз қоғамымыз демократияланып, халықтың билікке деген сенімінің артатынына сенеміз, – дейді №42 мектептің түлегі Эдуард Вютерих.

Құрдасының ойын алғаш рет дауыс беруге келген Роман Лунев жалғады.

– Біздің таңдауымыз толығымен саналы, өзгерістерден қорқудың қажеті жоқ, уақытпен бірге жүру маңызды, – дейді ол.

Өңір басшысы жастардың өз еліне сенуі және белсенді азаматтық ұстанымын көрсетуі, саяси процестерге қатысуы қажет екенін атап өтті.

– Сайлауға осындай жастарымыздың қатысып жатқанын көріп қуанып тұрмын. Жалпы, сайлауға келушілер қарасы көп екен. Бұл да – қуантарлық жайт. Жерлестеріміздің маңызды саяси науқаннан шет қалмай, дауыс беріп, азаматтық ұстанымын білдіруі біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды аңғартса керек. Сондай-ақ бүгін сайлау учаскесіне келушілердің арасында әйел адамдар да көп екенін байқадым. Бұл қыз-келіншектеріміздің ел болашағына бейжай қарамайтынын тағы бір мәрте дәлелдесе керек, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов сайлау учаскесінен шыққан бойда.

Айта кетейік, бұл күні сайлау учаскесінде келушілерге барлық жағдай жасалыпты. Дауыс берушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында ғимарат ішінде әсем әуен әуелеп тұрды. Ал бірінші рет дауыс бергендерге естелік сыйлықтар мен тәтті-дәмділер тарту етілді.

№9 учаскелік сайлау комиссиясы басшылығының айтуынша, мұнда дауыс берушілер таңғы сағат алтыдан ағыла бастаған.

– Халықтың белсенділігі жаман емес. Тіптен он шақты адам таң атпай келіп, сайлау учаскесінің ашылуын күтіп отырды. Бүгін дауыс беруге келгендер арасында жастар да көп екенін айтқан жөн. Олардың бірталайы сайлауға алғаш рет қатысуда. Сол себепті біз ондай дауыс берушілерге арнайы сыйлықтар әзірлеп қойдық. Жалпы, халықтың көңіл-күйі тамаша, саяси науқан мерекелік рәуіште өтуде деуге болады, – деді комиссия өкілдері.

Мерекелік көңіл-күй сыйлады

Жалпы, бұл күні Шығыс Қазақстанда барлығы 533 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Аталмыш учаскелердің түгелі талаптарға сәйкес қажетті жабдықтармен және ақпараттық материалдармен қамтамасыз етілді. Сайлау учаскелеріндегі жағдай бірқалыпты болды, заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Жанар Алканова мәлім етті.

Оның айтуынша, 502 учаскеде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар болды. Ал нашар көретін сайлаушылар аудио метариалдар мен трафареттердің көмегіне жүгіне алды.

– Сайлау комиссияларының қаулыларымен тізімге енгізілген сайлаушылардың бәрі дауыс берсе, дауыс беру жұмыстары кез келген уақытта аяқталуы мүмкін тоғыз учаске анықталды. Бұл – Конституциялық заңның 38-бабының 3-тармағына сәйкес, емдеу мекемелері мен әскери бөлімдерде, сондай-ақ шалғай аудандарда орналасқан сайлау учаскелері, – деп хабарлады Ж.Алканова.

Белгілі болғандай, бір сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы 6.00-ден басталыпты. Ол 27943 әскери бөлімінде орналасқан учаске екен.

– Тағы бір айта кетер жайт, сайлаушылардың өтініштері бойынша сайлаушы өзінің сол уақытта болатын орнын ауыстырған кезде дауыс беру құқығына мыңнан астам есептен шығару куәлігі беріледі. Есептен шығару куәліктерін беру 18 наурыз сағат 18.00-де аяқталған, – деп түсіндірді облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары.

Айта кетейік, учаскелердегі дауыс беру барысын саяси партиялар мен аккредитациядан өткен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, кандидаттардың сенім білдірген адамдары, сондай-ақ халықаралық байқаушылар бақылап отырды.

Бұл күні таң сәріден облыстың түкпір-түкпірінде ашылған сайлау учаскелеріне қарай ағылған халықтың көңіл-күйі тамаша екенін байқадық. Бұған саяси науқанның Наурыз мейрамымен тұспа-тұс келуі де өз септігін тигізгені сөзсіз. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында болып жатқан Парламент Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысушы жұрттың белсенділігі де айтарлықтй жоғары болды.

Рас, дауыс беру учаскелерінде мерекелік көңіл-күй ерекше сезіліп тұрды. Өйткені сайлау комиссиясы мүшелерінің біразы ұлттық нақыштағы киімдерін киіп, саяси науқанға келушілерді жылы қарсы алса, мектептің кіреберісіне тұрғындарға арнап ыстық шай мен бауырсақ қойып, дастархан жайды.

– Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өтіп жатқан мына сайлауда ерекше бір мерекелік леп байқалады. Көршілермен бірге топ болып жиналып келіп дауыс бердік. Дастархан жайып қойыпты. Ән шырқап, би билеп, думанды қыздырып жатыр екен. Жақсы ғой, елдің көңілін бір серпіп тастады, – дейді Өскемендегі Самал ауданының тұрғыны Мәншүк Қасбатыр.

Негізі, Өскемен қалалық №27 мектепте орналасқан №116, 117, 118 сайлау учаскелері бойынша алғашқы бір сағаттың өзінде 550-ден астам адам дауыс беріп үлгерген. Жалпы, №116 сайлау учаскесі бойынша 2 138 адам, №117 сайлау учаскесі бойынша 1 906 адам, №118 сайлау учаскесі бойынша 1 932 адам дауыс беретіндігі көрсетілген. Демалыс күні болса да, ертелетіп келіп таңдауын жасап жатқандардың қарасы көп еді. Ал сайлаушыларға арнап мектепте мерекелік концерт те әзірлепті. Дауыс беруге келген жұртшылық ұлттық тағамдардан дәм татып, концертті тамашалап мәз-мейрам болды.

Жалпы, Наурыз айының үшінші жексенбісі Шығыс Қазақстан тұрғындары үшін есте қалар оқиғалар мен тосынсыйларға толы болды. Тегін жол жүру, жәрмеңке, концерт, конкурстар мен акциялар, тәтті-дәмді… Осының бәрі сайлау учаскелеріне келген дауыс берушілерге арнап ұйымдастырылды.

Бұл күні Алтай, Зайсан, Катонқарағай және Глубокое ауданының бірнеше ауылында тұрғындар автобуспен тегін жүрді. Өскеменнің №199 сайлау учаскесінің жанында сауда-саттық ұйымдастырылды. №169 учаскеде мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтті. Дауыс беру учаскелерінің көпшілігі сайлаушыларды ән-жырмен және түрлі акциялармен қарсы алды.

Сайлау учаскесіне ең бірінші келген адамға, сондай-ақ болашақ сайлаушыларға сыйлықтар берілді.
Қала-аудандардағы сайлау учаскелерінде ұлттық тағамдарға толы дастархан жайылып, осынау маңызды күнді есте сақтау үшін арнайы фотоаймақтар да орнатылды.

Сайлау күні 17 сәби дүниеге келді

Сол сияқты, былтырғы Президент сайлауында сайлау учаскелеріне көптеп келген тарбағатайлық ағайын осы жолы да айрықша белсенділік танытты.

Тарбағатай аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жаннұр Ашмұханованың айтуынша, аудан бойынша 12 мың 689 сайлаушысы бар 32 сайлау учаскесі жұмыс істепті.

Ақжар мәдениет үйінде орналасқан №906 сайлау учаскесіне таңмен таласа келген осы ауылдың тұрғыны Ораз Бітібаев аталмыш учаскенің ең бірінші дауыс берушісі атанды. «Қазсушар» кәсіпорны облыстық филиалының Ақжар учаскесінде жұмыс істейтін ол бұл жолғы сайлаудың жөні бөлек екенін айтады.

– Депутаттыққа үміткерлердің барлығының үгіт-насихат жұмыстарын, бағдарламаларын мерзімді басылымдардан, әлеуметтік желілерден оқыдым. Барлығы да осы республикамыз, облысымыз, ауданымыз көркейсе екен, дами түссе екен деген ұстанымдағы азаматтар деп есептеймін. Келешекте халық қалаулылары мен атқарушы билік өзара кеңесе отырып жоспарлы жұмыс атқарса, көп түйткілдер шешімін табады деген сенімдемін. Сондықтан менің дауысым не шешеді деп үйде жатпай, сайлауға бару керек. Мен де азаматтық парыз санап өз таңдауымды жасадым, – дейді Ораз Бітібаев.

Жалпы, бұл жолғы сайлауда аудандағы кәмелеттік жасқа толған тұрғындардың барлығы дерлік белсенді қатысып, саяси науқанның өз деңгейінде өтуіне үлестерін қосты. Арасында тіпті жөргектегі сәбиімен келіп дауыс бергендер де болды. Айталық, Абай атындағы орта мектебінде орналасқан №905 сайлау учаскесіне Самат Рахметолдаев отбасымен бірге келіпті. Ерлі-зайыптылар бір баласын жетелеп, жөргектегі нәрестесін қолына алып келіп, өз таңдауын жасады.

Ал Риддер қаласында 18 жастағы егіз жігіт тұңғыш рет дауыс берді. Архип пен Захар Цыганковтар еліміздің болашағы білімді де жігерлі жастардың қолында екеніне сенімді.

– Біз сайлауға бірінші рет қатысып отырмыз. Болашағымыз үшін сайлау учаскесіне келдік. Ал еліміздің болашағы біздің таңдауымызға байланысты. Тіпті бір адамның дауысы көп нәрсені шешеді. Өз дауысымызды бере отырып біз өзіміз үшін кішкене қадам жасаймыз, бірақ бұл – бүкіл ел үшін үлкен қадам, – деп санайды олар.

Ағайындылар волейболмен айналысады екен, тіпті түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары атанып үлгерген. Сонымен бірге олар оқуда да озат, қоғамдық өмірге де белсене араласады.

Тағы бір айта кетер жайт, бұл күні облыстық ана мен бала орталығында 50-ден астам босанған әйел өз таңдауын жасапты. Жалпы, саяси науқан кезінде Өскмендегі №60 жабық сайлау учаскесінде 200-ге жуық сайлаушы дауыс берген екен.

– Мен – төрт баланың анасымын. Бүгін, мінеки, жаңа туған сәбиім екеуіміз өз таңдауымызды жасадық. Бұл – менің балаларымның және елімнің болашағы үшін жасалған таңдау! Менің ойымша, бұл күні әрбір азамат дауыс беруі керек, – дейді Эльвира Раянова.

Негізі, мемлекетіміздің болашағын айқындайтын тағдыршешті таңдаулар жасалған 19 наурыз күні Шығыс Қазақстанда 17 сәби жарық әлемнің есігін ашса, оның сегізі – ұл, тоғызы қыз болғанын айту керек.

Баршаға – тең мүмкіндік

Биылғы сайлауға келушілердің арасында орта буын өкілдері көбірек көзге шалынғанымен, аяңдай басып келіп жатқан ақсақалдар да жоқ емес еді.

Мәселен, Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында орналасқан №908 сайлау учаскесінде ауылдың ең үлкен қариясы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тынымсыз еңбек еткен тыл ардагері, биыл 98 жасқа келген Бағила апамыз да сайлауға қатысып, өз дауысын берді.

Қос ғасырдың куәгері Бағила әжей сайлауға түсіп жатқан кандидаттарға тілекші екенін білдіріп, ел болашағы үшін аянбай тер төгіп, «алғыс арқалаған азамат атаныңдар» деген өсиетін де айтты. Алғаусыз көңілмен ақ батасын берді.

Сексеннің сеңгірінен асқан катонқарағайлық Қадылбек Рамазанов та сайлау учаскесіне елден қалмай, алғашқылардың бірі болып жетті.

– Бүгінгі сайлаудың мәні мен маңызы өте зор. Тағдыршешті саяси науқан деп есептеймін. Ел үмітін ақтар, Әділетті Қазақстан құрудағы келелі істерді атқару сайлауға түсіп жатқан ендігі депутаттардың қолында. Сайлау әділ өтсін. Сайлаушылардың көп дауысын жинап, халық қалаулылары атанар жандарға жемісті еңбек тілеймін. Халықтың сенімін ақтап, адал қызмет жасасын. Жас ұрпақ бейбіт заманда өмір кешсін. Еліміз аман болсын! – дейді Қадылбек ақсақал.

Еске салып өтейік, бұл күні Катонқарағай ауданы бойынша барлығы 46 сайлау учаскесі жұмыс істеді.

Ал өскемендік ақсақал Сағындық Қасымханов бұдан былай жастарға көбірек мүмкіндік беру керек деп есептейді.

– Сайлау өтеді де кетеді. Біз де таңдауымызды жасадық. Алайда, атойлап саяси додаға түскендер жеңіске жеткеннен кейін уәдесін орындап, халықтың үніне құлақ асса екен. Мен өз басым мынау айтылып жүрген Жаңа Қазақстан құрылса, жастарға мүмкіндік берілсе екен деп ойлаймын. Жастар жеңіске жетіп, елімізге өзгеріс әкелсе екен, – дейді қария.

Бұл күні облыстағы сайлау учаскелерінде ерекше қажеттіліктері бар адамдардың дауыс беруіне барлық жағдай жасалды.

Жергілікті атқарушы билік органдары таратқан ресми деректерге сүйенсек, облысымызда дауыс беру кезінде ерекше шарттарды талап ететін 1 784 адам бар екен. Оның ішіндегі 650 адам мүгедек арбасын пайдаланса, 700 адамның көру қабілеті, ал 434 адамның есту қабілеті нашар, дейді мамандар.

Негізінен бұл санаттағы азаматтардың дені Өскемен қаласында, Алтай және Шемонайха аудандарында дауыс берді. Ерекше қажеттілігі бар адамдар дауыс берген 495 учаске бірінші қабатта орналасса, 472 учаске пандуспен, 482 учаске түрлі тактильді көрсеткіштермен жабдықталыпты.

Сондай-ақ 424 учаскеде тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған сайлаушылардың, оның ішінде мүгедек арбасын пайдаланушылардың қажеттілігін ескере отырып жасырын дауыс беруге арналған кабиналар қарастырылған. Осы ретте, дауыс беру күні ерекше қажеттіліктері бар азаматтар тұратын бес елді мекенде 15 инватакси ұйымдастырылғанын айтқан абзал.

«Нөлдік төзімсіздік» қағидатын ұстанды

Бір қызығы, сайлау күні кей учаскелерде орта буын өкілдері мен егде жастағылардың үлесі басымырақ болса, енді бір учаскелерге келушілердің дені керісінше жастар болды. Жалпы, жастар жағы дауыс беруші ретінде ғана емес, бақылаушы ретінде де ерекше белсенділік танытты. Өңірде саяси науқан барысын «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясы РҚБ, «Шығыс Қазақстан жастар ақпараттық талдау агенттігі» қоғамдық бірлестігі, Шығыс Қазақстан облысы жастар және балалар ұйымдарының қауымдастығы, «Қазақстан болашағы үшін» Өскемен қалалық жастар қоғамдық бірлестігі сынды ұйымдар қадағалағанын айтқан жөн.

Бақылаушы демекші, бірқатар сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын шетелдік мамандар келіп қадағалады. Мысалы, Глубокое ауданының Прогресс ауылындағы №494 учаскеге ЕҚЫҰ (ОБСЕ) өкілдері Мари-Маргарет Кнудсон мен Кисс Бенадик барды. Сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының мамандары Ұлан ауданындағы №986 және №1165 сайлау учаскелерінде де жұмыс істеді.

Осы ретте, сайлау күні әлеуметтік желіде Өскемендегі кей сайлау учаскесінде «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Заңның нормалары бұзылғаны жөнінде ақпарат тараған-ды. Дерек көздерінің ақпаратына сүйенсек, ол жерде белгісіз адамдардың бірнеше рет дауыс бергені айтылған. Көп ұзамай бұл туралы аумақтық сайлау комиссиясы ресми түсінік берді.

– Қазіргі уақытта Өскемен қаласының аумақтық сайлау комиссиясы атынан сайлау процесіне қатысушылардан төмен тұрған учаскелік сайлау комиссияларының әрекеттеріне қатысты ресми өтініштер мен шағымдар түспегенін хабарлаймыз. Өтініштер түсетін болса, аталмыш дәлелдер еліміздің заңнамасына сәйкес қаралатын болады, – деп мәлім етті Өскемен қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Шерубаев.

Жалпы, биылғы сайлау барысында бақылаушылар тарапы заңбұзушылықтарға «нөлдік төзімсіздік» қағидатын ұстаныпты. Бұл туралы «Дауыс» қоғамдық бақылаушылар коалициясының өкілі Руфит Ахмедзянов айтты.

– Барлық тәуелсіз бақылаушы алдын ала дайындықтан өткен. Қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда бірден қажетті акт толтыруға дағдыланған. Жалпы алғанда, бұл сайлау барынша ашық өтті деуге болады, – дейді ол.

Ал бұл күні көппен бірге дауыс беруге келген заңгер Сержан Шөкеев биылғы саяси науқанға зор үмітпен қарайтынын жеткізді.

– Бүгін Парламент Мәжілісіне және жергілікті мәслихаттарға сайланатын лайықты деген болашақ депутаттарымызға дауысымызды беріп, өз таңдауымызды жасадық. Шәкәрім атамыз айтпақшы, «бұл сайлау бұрынғы сайлаулардан өзгерек» болайын де тұр. Менің олай дейтін себебім, партиялардан ұсынылған депутаттыққа үміткерлермен қатар, бірмандаттық округтерден мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы халық арасынан өзін-өзі ұсынғандар да баршылық. Бұл  бір жақсылықтың белгісі деп білемін. Қалай айтсақ та, демократияның «иісі» шығып, «дәмі» сезіледі, – дейді заңгер.

Көкпаршылар мен бүркітшілер де келді

Бұл күні сайлау учаскелеріне келген жерлестеріміздің арасында елге танымал адамдар да болды. Соның бірі – Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова. Үш бірдей Олимпиада ойындарының жүлдегері елімізде өтіп келе жатқан барлық сайлау мен референдумға қатысып, азаматтық ұстанымының айқын екенін танытуда. Спортшы осы жолғы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанынан да қалыс қалмады. Даңқты жеңілатлет Өскемендегі №2 сайлау учаскесінде таңдау жасады.

– Меніңше, бұл – еліміздің, яғни балаларымыздың болашағын айқындайтын маңызды саяси науқан. Сондықтан жауапкершілік таныту – менің парызым. Менің балаларым өз Отанында өмір сүріп, білім алып, табысты еңбек етуді жоспарлайды, – дейді Ольга Рыпакова.

Спортшы бюллетеньдердің көптігіне қарамастан, бәрі қарапайым және түсінікті болғанын атап өтті. Дауыс беру процесінде ешқандай қиындықтар туындамағанын жеткізді.

Жалпы, биылғы сайлау саяси өзгерістерді былай қойғанда елдің есінде қалар ерекше оқиғаларға толы болды. Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны жергілікті тұрғындардың ерекше белсенділігімен, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңындағы мерекелік көңіл-күймен есте қалады. Қай сайлау учаскесіне барсаңыз да, ұлттық нақышта киінген жұртты көзіңіз шалады. Наурызкөже, құрт-ірімшік, бауырсақ сияқты ұлттық тағамдардан мол дастархан жайылған. Ал Самар ауданының бір топ көкпаршысы дауыс беруге сақадай сай киініп, атпен келіпті. Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларын да таңғалдырды.

Нақтырақ айтсақ, Самар ауданындағы №835 сайлау учаскесіне талай додада топ жарған көкпаршылар келді.

– Біз елімізде болып жатқан өзгерістерді қолдап, жастарға қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау үшін сайлауға осылай арнайы киім киіп, тұлпарларымызға мініп келдік, – дейді «Дархан ат» спорт клубының жетекшісі Қанат Бикатов.

Жоғарыдай айтқанымыздай, өңірде сайлау науқаны ерекшелікке толы болды. Мәселен, Зайсан ауданында сайлаушыларға наурызкөже ұсынылды. Ауыл тұрғындары саяси науқанға қатысып қана қоймай, ұлттық тағамнан дәм татып, жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Ал Ұлан ауданында көкпаршылар мен бүркітшілердің отбасы түгел сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Маркс Нәжітпанның отбасы аймақта өте танымал. Олар сайлауға бүркітші қызы Айзерені де ертіп келді. Өздерімен бірге аспан серісін де ала келіпті.

– Елімізге бейбітшілік пен өркендеу тілейміз. Біздің балаларымыз қазақ халқының символы – бүркіт сияқты ең биік шыңдарды бағындырсын, – дейді бүркітші Маркс Нәжітпан.

Айта кету керек, бұл күні мерекелік дастархан түгелдей дерлік сайлау учаскесінде жайылды. Аға буын өкілдері жастарға бата беріп, жылы лебіздерін білдіріп жатты. Нағыз мейрам деген осы шығар.

Осы айдарда

Back to top button