Жаңалықтар

Азаматтық форум өтті – ШҚО

Азаматтық сектор – қоғам мен билік арасындағы «алтын көпір».

Шығыста «Қуатты өңірлер – қуатты ел. Азаматтық сектор – адамдардың мүддесі үшін» атты аймақтық азаматтық форум өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Форум қоғамдық бақылау және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жұмысына қатысқан азаматтық қоғам өкілдерінің тәжірибесін талқылауға бағытталған.

–  Қоғамның үдемелі дамуына барлығымыз да мүдделіміз. Үкіметтік емес ұйымдардың секторы – азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылдың негізгі тетігі. Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, тұрақты диалог арқылы ғана үйлесімді қоғам құруға болады. Диалог – қарым-қатынастың өркениетті түрі және саяси мәдениеттің белгілі бір деңгейі, біз осы бағытта бірге жұмыс істеуіміз керек, – деді ШҚО әкімі Ермек Көшербаев.

Азаматтық қоғам – тұрақсыз мақсат емес, қоғамның мемлекетпен өзара іс-қимылының нақты құралы. Бұл туралы форумға қатысушылар айтады. Бұған Қазақстандағы алғашқы «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының нәтижелері дәлел. Ол елдің шығысында пайда болған. 30 жылдан астам уақыт бұрын белсенділер ядролық қарудан бас тартуға қол жеткізіп, әлемдегі миллиондаған адамдардың тағдыры мен өмірін өзгерткен еді.

– Шығыс Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдар әрқашан өз ісінде көшбасшы болған. Бүгінгі таңда билік пен қоғам арасындағы диалогта күш-жігерімізді біріктіре отырып қазақстандықтардың өміріне оң әсер ететін көптеген жобаларды іске асыруға болатынына сенімділік бар, бұл экологияға, білімге, денсаулық сақтауға және т.б. қатысты. Соңғы үш жылда ҮЕҰ дамуында серпіліс байқалады. Себебі Мемлекет басшысы тараптардың толыққанды тең әріптестігін баса көрсете отырып, азаматтық қоғамның әлеуетіне сүйену қажеттігі туралы үнемі айтып отырады, – дейді Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева.

Форумға қатысушылар қоғамдық кеңестердің қызметі мен құрамын қайта қарау қажеттілігі, ҮЕҰ-ны дамытуға қаржы бөлу, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар саласындағы заңнамадағы өзгерістер туралы айтты.

– Қазір көптеген заң жобалары қабылданып жатыр. Өткен жылы волонтерлік қызмет туралы Заңға өзгерістер енгізілді. Қазір Сенатта қоғамдық бақылау туралы заң жобасы қаралуда, Мәжіліске қоғамдық бірлестіктер туралы заң жобасы енгізілді. 30-дан астам жұмыс тобы өңірлерді аралап шықты, олардың ұсыныстары ескерілді. Азаматтық сектор билік пен азаматтар арасындағы «алтын көпір» болуы тиіс, – деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Данияр Қадыров.

Кездесу соңында Шығыс Қазақстанның ҮЕҰ-ның ең белсенді өкілдеріне алғыс хаттар табысталды.

Айта кетсек, аймақта 605 үкіметтік емес ұйым тіркелген. Оның ішінде 158 қор, 420 қоғамдық бірлестік, заңды тұлғалардың 27 бірлестігі бар.  12 қоғамдық кеңес жұмыс істейді, оның 60%-ын азаматтық сектор өкілдері құрап отыр. Облыстық Қоғамдық кеңесте 8 сараптама комиссиясы жұмыс істейді. Оның қызметіне ҮЕҰ толықтай қатысады.

Сара ЖОМАРТ

Осы айдарда

Back to top button