Қоғам

Азаматтық альянс өз ұстанымын білдірді

Жуырда Қазақстанның Азаматтық Альянсы президент лауазымына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайтынын мәлім етті. Альянс мүшелерінің конференциясына еліміздің әр өңірінен осы ұйым көшбасшылары онлайн форматта қатысқан болатын.

– Президент Жолдауында қоғамдық ұйымдарды елдің орнықты әрі жан-жақты дамуының маңызды факторы деп атап, оларды ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды ашық талқылай отырып, реформаларды іске асыруға шақырды, – дейді Шығыс Қазақстан облысы Азаматтық альянсының төрағасы, облыстық талдау және болжау институтының директоры Олег Чернышов.

Ол әлемдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, елімізде саяси жаңғыру, экономиканы қайта құрылымдау, әлеуметтік саланы дамыту қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси салаларда да елеулі өзгерістер бар.

Өңірлік альянстардың көшбасшысы Президент ұсынған бастамалар мен реформаларды ел азаматтары талап ететінін, өйткені олар қарапайым адамдардың мүддесінен туындайтынын айтады.

– Қасым-Жомарт Тоқаев президенттіктің алғашқы күнінен бастап сындарлы диалогқа, билік пен халық арасында тиімді байланыс орнатуға бағытталған «еститін мемлекет» тұжырымдамасын ұсынды. Жұрт өзгерістерге және Президентке сеніп отыр, – деді сарапшы. – Шығыс өңірінің жұртшылығы елде болып жатқан саяси оқиғаларға ешқашан бейжай қараған емес. Алдағы сайлауға да қызығушылық танытуда. Өйткені бүгінгі таңда қоғам өкілдерінің жұмыла шоғырлануы байқалады, бұл сыртқы дағдарыстық жағдайлармен, сонымен бірге Президентіміздің ұстанымымен байланысты. Әділетті Қазақстанды, «халық үніне құлақ асатын мемлекетті» құру идеясы, референдум өткізіп, Ата Заңғы өзгерістер енгізу – Президент қабылдаған осы және басқа да шешімдер біздің қоғамды біріктіре түсті.

Облыстық талдау және болжау институты жүргізген зерттеулердің, сараптамалық сауалнамалардың нәтижесі, сонымен қатар облыс тұрғындарымен өткізілген кездесулер мемлекет саясатының тиімділігін және Президентті халықтың қызу қолдап отырғанын көрсетеді. Абай облысының құрылып, кей аудандардың бөлінуін де жұртшылық қуана қабылдаған.

– Әр азаматты толғандырып жүрген мәселелер Президент Жолдауларынан көрініс табуда. Бүгінде біз Президенттің өз іс-әрекеттерімен, батыл шешімдерімен халықты үміттендіріп, қайраттандырып отырғанын байқаймыз. «Еститін мемлекет» дегеніміз осы емес пе?! Қысқа мерзім ішінде Президент жылдар бойы қордаланған мәселелерді қалай тиімді шешуге болатынын көрсетті және біз оны қолдауға міндеттіміз! – деп ой-пікірін білдірді Олег Чернышов.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button