Ата Заң

Азаматтардың құқығы мен бостандығы қамтамасыз етіледі

Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызында Бүкілхалықтық референдумда халықтың тарихи таңдауымен қабылданды. Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің қайнар көзі өзінің егемендік құқығын баянды етті.

Конституциямызда айтылғандай, еліміздің ең басты қазынасы – адам, оның құқығы мен бостандығы. Аталған заң осындай ұлан-ғайыр елімізде бірлігіміз жарасып, тату-тәтті өмір сүруіміздің кепілдігі мен айқын нышаны болып табылады. Елімізде түрлі ұлт өкілдерінің, этностар мен діни қауымдастықтардың келісім мен достықта өмір сүріп отыруы – соның дәлелі.

Ата Заңда құқықтық мемлекеттің қалыптасу бағыттары, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, оның ішінде жеке адамның жан-жақты еркіндігі, сөз және шығармашылық бостандығы, саяси партиялар, сондай-ақ бұқаралық қозғалыстар бірлестігін құру еркіндігі әлемдік талаптарға мұқият сәйкестендірілген. Оның нормалары тұрақты, жалпы мәнде ұзақ жылдарға тұжырымдалған.

Қазақстан Республикасы Конституциясының әрқашанда жоғары деңгейде, барлық талаптарға сай тұруын арнайы мемлекеттік орган – ҚР Конституциялық кеңесі қамтамасыз етеді.

Конституция Қазақстанның демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамуына қолайлы жағдай жасады. Заңда белгіленген барлық тұжырымдар мен қағидалар өміріміздің барлық салаларын өркениетті заң жүзінде басқаруға ықпал жасап отыр.

Еліміздің бұл негізгі Заңы бірінші рет Қазақстан Республикасын «президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деп жариялады. Бұл мемлекеттің құзырына өз аумағының тұтастығын, оған сырттан қол сұғылмауын және бөлшектенбеуін қамтамасыз етудің толықтай құқы берілген.

Конституцияда демократияның түпкі мәні барынша айқындалып ұсынылған. Грек тіліндегі «демократия» деген сөз қазақшаға аударғанда «халық билігі» деген мағынаны білдіреді. Осы тұжырым негізгі Заңның үшінші бабында айқын да нақты сипатталған. Яғни, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы –халық.

Конституцияда республикадағы билік біртұтас деп жарияланған. Бұл билік Конституция бойынша үш тармаққа – заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесі болып жіліктеліп отыр. Мұндағы мақсат билікті біржақты иемденіп кетуге жол бермеу үшін олардың аражігі ажыратылып, әрқайсысының конституциялық өкілеттіктері айқындалған. Бұл өкілеттіктер тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады.

Осы биліктердің бір бұтағы – соттар және сот төрелігі жөніндегі негізгі қағидаттар Конституцияның 7-бөлімінде белгіленген.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауқымды саяси жаңғыруды ұсынды. Мұнда ол қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынастарды орнатудың жаңа моделін қарастырып, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап өз жұмысына кірісетін Конституциялық соттарды құруды тапсырды. 2022 жылғы 5 маусымда өткізілген республикалық референдумда Ата Заңымызға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Енді еліміздің азаматтары Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығына ие болады. Толықтыруларға сәйкес, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты төрағаны қоса алғанда он бір судьядан құралады, олардың өкілеттігі тұтастай алты жылға созылады. Конституциялық Соттың төрағасын Парламент Сенатының келісімімен Республика Президенті тағайындайды.  Конституциялық Соттың төрт судьясын Республика Президенті, Конституциялық Соттың үш-үш судьясын тиісінше Сенат пен Мəжіліс тағайындайды. Республика Президенті Конституциялық Сот төрағасының ұсынуымен Конституциялық Сот төрағасының орынбасарын Конституциялық Сот судьяларының арасынан таңдап алып тағайындайды.

Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қадағалайтын Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерінің Конституцияға сəйкестігін олардың өтініштері бойынша қарайды. Сондай-ақ заңның Конституцияға сəйкестігін тексеруге бастамашылық жасау өкілеттігі Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уəкілге берілген.

Конституцияның  құндылығы мынада: ол мемлекет басқару жүйесін толық бір жүйе ретінде қалыптастырып отыр. Ата Заңымыз Заң шығарушы, атқарушы органдар мен сот билігін өз алдына бөлек-бөлек орган емес, тұтас құрылымдық жүйе ретінде қалыптастырып, олардың міндеттері мен жауапкершіліктерін барынша айқындап белгілеп берді. Ал енді оны қорғау, қадағалау, құрметтеу  – біздің міндетіміз.

Нұрлан Байжумин,

Күршім аудандық сотының төрағасы

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button