Азамат – Азия чемпионы!

Моңғолия астанасы Ұлан-Баторда өткен күрес түрлерінен Азия чемпионатының соңғы күнінде ел қоржыны тағы бір алтын медальмен толықты. Қуаныштысы, оның иесі еркін күрес шебері, жерлесіміз Азамат Дәулетбеков болды.
Негізі, бозкілем бәсекесінің әдемі нүктесін 125 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз Әлишер Ерғали қойып қалар деген үміт бар болғаны рас. Алайда салмағы қарсыластарынан әлдеқайда жеңіл балуанымыз шешуші белдесуде ирандық спортшыға есе жіберіп, тұғырдың екінші сатысына жайғасты. Соның алдында 92 келіге дейінгі салмақта күрескен Әділет Дауланбаев қола медаль үшін өткен белдесуде жапон спортшысынан айласын асырған болатын.
Дегенмен біз үшін ең маңызды белдесу салмағы 86 келіден аспайтын балуандар арасындағы сайыста болған-ды. Өйткені бұл бәсекенің финалына семейлік Азамат Дәулетбеков шыққан еді. Жарыс барысында тамаша өнер көрсетіп, мықты деген бірнеше қарсыласын сенімді жеңген жерлесіміз шешуші белдесуде үнді балуаны Дипак Пунияны тізе бүктіріп, Азия чемпионы атанды. Азаматтың финалдағы қарсыласы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері екенін ескерсек, біздің балуан шынымен де ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеткенін түсінеміз. Сөйтіп, осыған дейін құрлықтық жарыстардың екі мәрте қоласын иеленген жерлесіміз бұл жолы алтын медаль иегері атанды.
Осы ретте, семейлік саңлақ барлық белдесуінің нәтижесін есептегенде қарсыластарын 27:1 есебімен жеңгенін айту керек. Ал жалпыкомандалық есепте ұлттық құрамамыз алдына Иран мен Үндістанды жіберіп, жүлделі үшінші орынға көтерілді.
«Дидар» ақпарат