Білім

Қазақ-түрік лицейі 20-ға толды

Биыл Өскемен қаласындағы қазақ-түрік лицейінің құрылғанына 20 жыл толмақ. Сонау ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында құрылған лицейдің мерейтойы қарсаңында «Үлбі» орталық мәдениет үйінде «Мәртебең биік болсын, алтын ұям – лицейім» атты мерекелік кеш болып өтті. Лицейдің ұжымы мен шәкірттерін, олардың ата-аналарын облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атынан облыстық білім басқармасының басшысы М.Ахметова құттықтады.

Қазақ-түрік лицейі 20-ға толды– Лицей алғаш құрылғанда оның болашағына күдікпен қарағанымыз рас. Кейін осы лицейдің қалыптасуына, дамуына, өсуіне бәріміз куәгер болдық. Қазақ-түрік лицейлерінің беретін білімі мен біліктілігі, тәрбиесі мен тәлімі ерекше екеніне көзіміз жетті. Баласын осы лицейге беруге ынталы ата-аналардың қатары да жыл сайын өсе бастады. Бұл лицейдің шәкірттері республикалық, халықаралық деңгейлерде өткен талай додаларда топ жарды, – деді мерекелік кешке қатысушыларды құттықтаған облыстық білім басқармасының басшысы Мәдениет Ахметова. Оның айтуынша, тек биылдың өзінде лицейді 33 түлек бітіріп отырса, соның 13-і ҰБТ-дан босатылған көрінеді. Өйткені 13 баланың барлығы да халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайысында жүлделі орын алғандар.

Мерейтойға шашу ретінде ол қазақ-түрік лицейінің директорына бір миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, мерекелік кеште қала әкімінің орынбасары В.Головатюк те сөз алып, жетпіс жыл бойы үстемдік құрған Кеңес Одағы құлап, ел тәуелсіздігін енді алып жатқан тұста жаңа қазақ-түрік лицейінің іргетасын қалау үлкен ерлік болғанын қадап айтып, қазіргі күні бұл лицей Өскемен қаласының ғана емес, облысымыздың білім саласындағы мақтаулы оқу ордаларының біріне айналып отырғанын жеткізді.

Ал осы қазақ-түрік лицейінің құрылуына мұрындық болып, басы-қасында жүрген Қазақ-Американ еркін университетінің ректоры Ережеп Мәмбетқазиев өз сөзінде өткен күндерге сәл шегініс жасады.

Сол тоқсаныншы жылдардың басында «Өскеменге қазақ-түрік лицейі керек пе, керек емес пе» деген мәселенің күн тәртібінде өткір тұрғаны да рас еді. Бірақ өңірдің білім саласының басында тұрған отаншыл азаматтар батыл қадамға барды. Лицей ашылды. Қазіргі күні қазақ-түрік лицейінің түлектері жеткен жетістіктердің өзі бір төбе. Еліміздегі қазақ-түрік лицейлерінің толағай табыстарын Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ та талай мәрте атап айтқан болатын. Оның айқын мысалы ретінде Астанадағы Назарбаев университетінің 200-ден астам студенттері осы қазақ-түрік лицейлерінің түлектері екенін айтсақ та жеткілікті.

Мерекелік кеште қазақ-түрік лицейінің директоры Әлімжан Игенбаев осы оқу орнының дамуына қосқан зор еңбектері үшін бірқатар азаматтарға «Еңбегіңіз ел есінде» атты мерейтойлық медаль тапсырды.

Иә, бұл күні сахна төрінен төгілген ән де, би де қазақ-түрік лицейінің жиырма жылдығына арналды. Лицей мәртебесінің биік болуы жиналған қауымның ізгі тілегі еді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button