Қазақ тілінің өрісін кеңейткен сайыс

Өскеменде «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының «Жарқын болашақ» X қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. Олимпиаданы облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және денешынықтыру орталығы Өскемендегі «Нұр Орда» мектеп-лицейімен және Семейдегі «Білім-Инновация» лицейімен бірлесіп ұйымдастырды.
Қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, дарынды оқушыларды анықтау, өзге ұлттарға халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін, тарихын танытуды көздеген бұл сайыстың оқушылардың ұлттық құндылықтарымызға деген қызығушылығын арттыруда маңызы зор.
– Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, халқымыздың әдеби, мәдени және рухани байлығын кеңінен насихаттай отырып, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, мәдени дүниетанымын дамытуды көздейтін бұл облыстық олимпиада осымен оныншы мәрте өткізіліп отыр. Сайысқа қатысуға қазақ балалары ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы басым. Олар қазақ тілінде ән айтып, эссе жазады, шешендік өнерін ортаға салады, – дейді облыстық қосымша білім беру және денешынықтыру орталығының ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту бөлімінің басшысы Бейбітгүл Оспанова.
Дәстүрлі олимпиада жылдағыдай «Тілші-әдебиетшілер», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар», «Жас ғалымдар», «Жазушылар» атты бес бағыт бойынша өткізілді. Оған аудандық және қалалық кезеңдерде үздік шыққан 7-10 сыныптардың 84 оқушысы қатысып, мемлекеттік тілде эссе жазу, ән шырқау, мәнерлеп оқу, тест тапсырмасын орындау, ғылыми жоба қорғау сияқты сынақтарда өздерінің білім деңгейлерін көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен «Жазушылар» бағыты бойынша бірінші орынды қазақ тобынан Өскемендегі №42 орта мектебінің оқушысы Камила Қайратова, өзге ұлт өкілдері тобынан Күршім ауданы Теректі орта мектебінің оқушысы Валентина Свириденко, «Сөз шеберлері» бағыты бойынша қазақ тобынан Зайсан ауданы Қаратал орта мектебінің оқушысы Аида Қабдолданова, өзге ұлт өкілдерінен Күршім ауданы Қайыңды орта мектебінің оқушысы Татьяна Завалина, «Әнші-бұлбұлдар» бағыты бойынша қазақ тобынан Зайсан ауданы М.Әуезов орта мектебінің оқушысы Диляра Насиева, өзге ұлт өкілдері бойынша Серебрянка қаласындағы М.Инюшин атындағы №1 орта мектебінің оқушысы Ариана Полторанина, «Тілші-әдебиетшілер» бағыты бойынша қазақ тобынан Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Альмира Абзалбекова, «Жас ғалымдар» бағыты бойынша қазақ тобынан Күршім ауданының Қалжыр орта мектебінің оқушысы Аяулым Рауанқызы жеңімпаз атанды.
Сондай-ақ 24 ақпанда Семейдегі «Білім-Инновация» лицейінде Үржар, Аягөз, Жарма және басқа да Семейге жақын аудандардың дарынды балалары жоғарыда аталған бес бағыт бойынша сынға түседі. Әр аталым бойынша бірінші орын алған жеңімпаз алдағы уақытта өтетін «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасына жолдама алады.
Айжанат Бақытқызы