Қазақ тілін пір тұтқан Виктория
Осы бір қыр гүліндей құлпырған орыс қызының қазақ тілінде сайрауы мені бірнеше жиында тәнті еткен еді. Өзі ана тілінде мектеп бітірсе де, қазір Абай атындағы негізгі мектепте қазақ балаларына қазақ тілінен сабақ береді екен.
Ол – еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған жылдары дүниеге келген ұрпақтың өкілі. Сондықтан Тәуелсіздіктің бар игілігін бойына сіңіріп, есейіп келеді. Сондықтан оған Елбасы Жолдауында айтылған «Жаңақазақстандық патриотизм» ұғымының орны ерекше екен.
– Қай кезеңде, қай қоғамда болмасын дамудың қозғаушы күші жастар болып табылады. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзді бүгінгі жастардың келешегіне сенгендіктен айтты деп ойлаймын, – дейді Виктория Парасюкова жігерлене. – Біздің жас отандастарымыз осы сенімді ақтауға лайықты болуға тиісті. Егер жас қауым мемлекеттік тілде сөйлеп, бір мақсатқа жұмылатын болса, біздің күшіміз бен қуатымыз артып, ынтымағымыз бен бірлігіміз нығая түседі. Біздің барлығымызды баурайтын «біз – тілегі мен тілі бір қазақстандықпыз» деген идея болуға тиіс. Менің ұлтым – орыс. Мен Қазақстанда туып, қазақша еркін сөйлегенімді мақтан тұтамын. Бүгінде өскелең ұрпаққа мемлекеттік тілде дәріс беріп жатырмын. Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Елбасы атап өткендей, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасатынына сенімдімін.
Виктория сөз арасында Бородулиха ауданында он жарым мыңнан астам 14 пен 19 жас аралығындағы жастар бар екенін, оларды салауатты өмір салтына баулу мақсатында небір сайыстар мен достық турнирлері өткізіліп тұратынын айтып өтті. Мәселен, өткен жылы тек жастар үшін 172 үйірме, клуб ұйымдастырылып, оларға 3094 адам тартылған көрінеді. Жас маманды әсіресе, аудан аумағында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жүйелі жүргізіліп келе жатқаны қуантады. Оның айтуынша, дәл өзі сияқты өрімдей 41 маман түрлі мамандықтар бойынша ауданның елді мекендеріне келіпті. Ал өткен жылы ғана келген мамандардың 73 пайызы ұстаздар, 19 пайызы денсаулық, 7 пайызы мәдениет саласының қызметкерлері екен.
– Мен «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен әлеуметтік сала мамандарынан басқа да жас мамандар қамтылса дұрыс болар еді деп ойлаймын. Тегі, біз, жастар – жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанды қалыптастыратын ұрпақпыз. Сол себепті де Елбасы сенім артқандай, Қазақстанның өркениет көшінен қалыспай, бұдан да мықты мемлекет болуына атсалысамыз! Ал бүгінгі қызметіме келсем, осы, бала тәрбиелеу саласына келгеніме еш өкінбеймін. Күнделікті сабақ басталар алдында балғын балалардың өзіңе мөлдірей қарап, сенен бір керемет білім күшін, салмақты ой көргісі келетінін байқау бақыттың бақыты. Ол сені ғажайып сезімге бөлеп, ерекше шабытпен еңбектенуге ұмтылдырады, – дейді ол.
Біз одан неге қазақ тілін таңдағанын сұрағанбыз. Ол «санасы бар адамға бұл Абай мен Махамбеттің сыршыл да өршіл өлеңдері, Мұхтар мен Ілияс Есенберлиннің қара өлеңге бергісіз қара сөздері тұнған тілді сүймеу мүмкін емес» деп жауап берді.
Ендеше, қазақ баласының бойына қазақ тілінің тұнығы мен ғажабын сіңіріп жүрген саған да сол тіл ұлы қолдаушы болсын, Виктория!