Білім

Қазақ тілін меңгеру деңгейі өсіп келеді

Өскеменде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен орыс жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің «Тіл – халық жанын танудың кілті» атты байқау болып өтті.

Қазақ тілін меңгеру деңгейі өсіп келедіТілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өтіп, мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгерген этнос жастарын анықтау және ынталандыру, олардың бойында осынау тілге құрметпен қарау дағдысын қалыптастыру мақсатын ұстанған шараға облысымыздың аудандары мен қалаларынан 14-22 жас аралығындағы 13 үміткер қатысып, бақ сынасты.

Алдымен айтарымыз, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан байқаудың тапсырмалары жыл өткен сайын күрделіленіп, ал оған қатысатындардың тілді меңгеру деңгейі өсіп келе жатқан сыңайлы. Үміткерлердің байқау ережесіне сәйкес, тыңдалым, қазақ тілінің лексикасы мен грамматикасын білуге бағытталған тест тапсырмасын орындау және эссе жазудағы алғырлықтары, сонымен қатар, ұсынылған тақырып бойынша ауызша жауап беріп, кез келген жанрдағы мәтінді мәнерлеп оқуы осылай сөз саптауға негіз болатындай.

Десе де, «Сырт көз – сыншы» демекші, олардың кейбірінің танымал спортшылардың жетістігін былай қойғанда, аты-жөнін дұрыстап айта алмауы, ол аз десеңіз, араға айлар салып, 70 жылдығы тойланатын Ұлы Жеңіс туралы қат-қат боп шыққан кітаптардың атын немесе белгілі жазушылардың шығармаларын атай алмауы көңіл құлазытты. Әрине, қандай білгір болсаң да, білмейтінің көп екені белгілі. Алайда, бүткіл бір аудан мен қаланың үмітін арқалап келген сайыскердің тым болмаса нобайлап жеткізуге шамасы жететін сұрақтар еді олар.

Белгілі бір тақырыпқа эссе жазған соң сайыскерлер ұяшық арқылы берілген «Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ», «ЭКСПО-2017», «Өткен жылдар елесін, кітаптан оқып білесің» және «Шығыс шынары – Ольга Рыпакова», тағы да басқа сұрақтарға екі минут ойланып барып, жауап беруге тиіс болды. Бұл сында күршімдік Анастасия Смольцаренкодан басқа сайыскерлер көп күмілжіп, ойларын толық жеткізе алмады.

Ал үшінші айналымда әр жанрда өнер көрсеткендер қазақ ақындарының өлеңдерін білуде қаражаяу емес екендіктерін байқатып баққан. Бір қызығы, олардың көбі Абайдың қарасөздерін, Мұқағали мен Фариза сынды жыр дүлдүлдерінің жырларын оқыды. Бірінен-бірі тәуірлеу көрінген бұл айналымда бесқарағайлық Настя Рапикова жақсы өнер көрсетті.

Сонымен, сайыста қазақ тілін өзінің ана тіліндей білмесе де, жап-жақсы меңгергенін, сөйтіп, ойын оймақтай етіп жеткізе білген Ю.Гагарин атындағы Күршім орта мектебінің 10-сынып оқушысы Анастасия Смольцаренко бас жүлдегер болып, ноутбукті қанжығасына байлады. Ол енді республикалық байқауда облысымыздың намысын қорғайтын болады. Ал І орынды үржарлық 11 сынып оқушысы Ксения Бердюгина, ІІ және ІІІ орындарды Көкпекті ауданының намысын жыртып келген Анна Раздомина мен Зырян қаласындағы №11 мектептің 10 сынып оқушысы Виктория Гусева иеленді. Оларға заманауи қалта телефондары және сандық фотоаппараттар табысталды.

Сайыста бұлардай өнер көрсетпесе де, тілдік қоры өзгелерден біршама жақсы көрінген катонқарағайлық А.Коренюк пен бесқарағайлық Н.Рапикова ынталандыру сыйлықтарына қол жеткізді.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button