Мәдениет

Қазақ  тазысына  ғашық Елена

«Қазақтың жеті қазынасының бірі шашақты тазыны өзге ұлт өкілінің бұрымдысы жетелеп жүр» дегенді естіп, Өскемен қаласындағы ЖМК ауданына бет бұрдық. Таңғалатын жайт қой енді. «Ашаршылық жылдары бір ауылды бір тазы асыраған», «ит – ырысымыз» деп мақтанатын қазекемнің өздері көбінде тазыға мойын бұра бермейтіні шындық. Жарғақ құлағы жастыққа тимей жанбағыс қамымен жүрген қаракөздерді айтпағанда, төрт түлігі сай мырзалардың өзі қазақ тазысына қарай бермейді қазір. Тіпті, төрт құбыласы түгел, қамбасы толы жігіттер қазына деп ойламайды да сол тазыңды…

«Зоомир» деген үй жануарларының азық-түлігін сататын дүкенге бас сұқтық. Үрген иттің, қыңсылаған күшіктің, сайраған құстардың үні қарсы алды бізді. Содан кейін барып «Жаңағы хабарласқан сіздер ме?» деген әйелдің дауысын естідік. Аузын ашса жүрегі көрінердер жайдары һәм жылы жүзді келіншектің үнімен иттердің дыбысы өше қалды. Тек тордағы торғайлар ғана тынымсыз сайрайды. Амандық қысқа қайырылып, итбегі келіншек өзін таныстырды. Қазақстан кинологтарының одағы облыстық филиалының жетекшісі, «Тазы» тұқымы ұлттық клубының президенті, біз тұрған дүкеннің қожайыны Елена Хардина деген ханым  екен.

«Мен итсүйер қауымның әлемдік ортасына қазақ тазысын таныттым. Нақтырақ айтсам мені қазақ тазысы әлемге танытты» деп ағынан жарыла әңгіме бастады ол.

Елена 2008 жылдан бері қазақтың шашақты тазысымен облыстық салбурындарға, республикалық, азия аумағы һәм әлемдік додаларға да осы тазылармен қатысып келеді екен.

Сатушының қасында үш шашақты тазы жатқан. Сөйтсек кейіпкеріміздің тасын өрге домалатып жүрген соның екеуі екен. Екеуі ұялас. Алты жаста. Еркегі «Алмас» деп аталады. Өткен жылғы Әлем чемпионы. Иттің «Алмас» аталуының да өз себебі бар көрінеді. Күшік кезінде Алмас деген жігіт алмақшы болыпты. Бірақ ол келмейді. Бұл «Алмас қашан келеді?» деп күн сайын күшігінен сұрай берсе керек. Ақыры «Алмас» деген атауға құлағы үйреніп кетті дейді. «VANGELIYA» деп аталатын ұрғашысы Қазақстан және Азия чемпионы, Ресейдің «Алтын ит» чемпионатының жеңімпазы болыпты. Үйіндегі тазыларымен қосқанда барлығы қазір жеті шашақты иті бар болып шықты.

– Маған қазақ тазысы қатты ұнайды. Бір көргеннен ғашық болдым. Менде доберман, боксер, мопс, ағылшын бульдогы сынды ит тұқымдары болды. Олардың қай-қайсысын асырауға жағдайым қаптал жетті. Бірақ олар қазақ тазысындай жүрегімді жаулай алмады. Мен тек осы тұқым үшін қоныс аудардым. Бұлар тез бейімделеді. Таза. Сеніміңді ақтайды, – деп мақтайды ол қазақ тазысын.

Иә, Елена қайсыбіреулер құсап еріккеннен, болмаса жалғыздықтан  ит өсіріп жүргендердің қатарынан емес. Ол осы қазақ тазысы арқылы қазақтың ұлттық болмысымен мәдениетін әлемге паш етсем деп жүрген ақеділ жан.

  • Мені әр сайысқа шыққан сайын ең басты толғандыратын дүние – киім. Қазақтың ұлттық киімі. Мен әр сайысқа әртүрлі киіммен барам. Қазір төрімде 17 пар қазақтың ұлттық киімі ілініп тұр. Әрбіреуінің мен үшін орны бөлек, – дейді ол.

«Қазақ тазысын өсіріп отырмын» деп міндетсіп отырған Елена жоқ. Жаңағы атағы Алатаудай байқаулардың да жүлде қоры мардымсыз көрінеді. Бірақ қазақ тазысы үшін рақмет айтқан жігіттердің атын атауды да ұмытқан жоқ итбегі қыз. 2016 жылы Әлем чемпиотынан  жүлделі болып келгенде Сабырбай Сахариев бір бие сыйлапты. «Қазір төрт бас жылқы болды» деп мақтанды кейіпкеріміз. Ішпей-жемей өсіріп отырғанына қарап жылқықұмар жан шығар деп бір түйдік. Тағы бір сөзінде «Елдер ұлы мұхиттар мен теңіздердің жағалауында демалғысы келеді. Ал мен қазақ жерінде, тазымды ертіп, атпен аралап, иттерімді фотоға түсіргенді ұнатам» деді.

Шығыс Қазақстан өңірінде тазы өсіріп отырғандар көп екен. Барлығымен байланыста отырады. Тіпті, Алматы, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Көкшетау, сонау оралдық азаматтар да хат-хабарда отырады. Қажет кезінде тұқым алмасып, қалаған тазыларын үйіктіріп алады.

  • Мен қазақ тазысының ішіне кіріп кеттім. Жан дүниесін түсінем. Өзімнен шықпаған күшік болса да, елдің тазысынан білгенімді аямаймын. Кеңесімді айтамын, – деген Елена қазақ тазысын орыстың борзаясымен салыстырды.

– Қазақ тазысы аңды өздері ұстайды. Салт атты адамға еріп  жүрсе де аңға бар күшін сақтайды. Олар бірлесіп аң ұстау қабілетіне ие. Ал орыс аңшылары борзаяны апаратын жерге көлікпен апарады, аңды өздері көрсетеді. Ал оларға қарағанда тазы ширақ әрі епті келеді. Орыс иті көбінде мертігіп, жараланып қалып жатады, – дейді.

Күшік сату Еленаның бірден-бір табыс көзі. Қаны таза күшіктен итқұмар жандар ешқашанда ақшасын аямайтын көрінеді. Даңқы жер жарған Елена итінің шашаққұлақты күшіктері 25 мың теңгеден басталады. Ал шетел асқан күшіктердің құны одан да жоғары. Былтыр Венгрия асқан бір күшігі сол жақта 27 мың иттің ішінде топ жарыпты. Ондай күшіктен ақшасын қайдан аясын, енді. Жылына 80-100 күшік сататынын жасырмады. Қазақ тазысына өзгелер өлердей ғашық болып жатса біз қалай қуанбаймыз, оған?! Еленаға еліте қарап, риза болдық.

«Итті екінің бірі асырайды. Бірақ әңгіме қай деңгейде, қалай асырауда» дейді ол. Бастабында ЖМК ауданында квартирада тұрған ол бертін келе қазақ тазысы үшін Меновной аумағынан жер үй алып, соған қоныс аударыпты. Айтуынша, аулада ойнатқан тазыларға аздық етеді екен.

  • Демалыс күндері қала маңындағы тауға апарып аңға салам. Аңды өздері-ақ ұстап алады. Тазыларым сағатына  65 шақырым жүгіреді, -дейді ол.

Сатылған күшіктерінің барлығының құжаттары бар екен.  Бір нұсқасын өзіне алып қалыпты.

– Қазақ тазысын әлемге танытудың бірден-бір жолы – осы құжаттар. Құжатсыз итті ешқайда апара алмайсың және оның қандай тұқым екенін ешкім мойындамайды. Сондықтан мен осы жағын қатты қадағалаймын, – дейді Елена.

Мұратхан Кенжеханұлы

 

Осы айдарда

Back to top button