Қаза тапқандардың оны – біздің жерлестеріміз
Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған әуе апатына байланысты облыс орталығында аза тұту шарасы ұйымдастырылды. Қаралы митингтер, сондай-ақ, Семейде, Күршім мен Зайсан аудандарында да болды. Аймақтың мешіттері мен шіркеулерінде діни жоралғылар өткізілді.
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 25 желтоқсаны күні Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында Астана – Шымкент бағыты бойынша ұшып бара жатқан «АН-72» әскери-көлік ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Әуе кемесінің бортында 27 адам болған: жеті экипаж мүшесі мен жиырма әскери қызметші. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі бастығының міндетін атқарушы, полковник Тұрғанбек Стамбеков, «Оңтүстік» өңірлік басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полковник Павел Доценко, сонымен қатар «Қордай», «Сарыағаш» шекара жасақтарының басшылары бар. Өкінішке қарай, ұшақ экипажының барлық мүшелері мен жолаушылары мерт болды.
Ел Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Шымкент қаласына жақын жерде әскери-көлік ұшағының апат болуы салдарынан Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі әскери қызметшілерінің қазаға ұшырауына байланысты 27 желтоқсанды ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе апатында мерт болғандардың тізімін жария етті.
Облыс орталығындағы ҰҚК шекара қызметі әскери бөлімдерінің бірінде қаза тапқандарды еске алу митингісі өтті, марқұмдардың ішінде біздің жерлестеріміз де бар. Олар – шекара қызметі бас басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полковник Ерғали Нұрғазыұлы Нұрлашев, шекара қызметі бөлімінің бастығы, полковник Қанатбек Тоқтарбекұлы Қабдылғазезов, штурман, майор Олег Александрович Голубев, жеке инженерлік-саперлік батальоны командирі Бауыржан Зарқымұлы Қожахметов, «Меркі» шекаралық бақылау бөлімінің бастығы, майор Алмаз Шаймұхамбетұлы Ибраев, подполковник Вячеслав Александрович Рахман, подполковник Александр Александрович Рахман, подполковник Қайрат Ахметқалиұлы Мұхамадиев, командирдің көмекшісі, аға лейтенант Аслан Лұқпанов, аға бортмеханик, сержант Ренат Қанапияұлы Мысаев.
Аза тұту шарасына әскери қызметшілер, аймақтағы атқарушы билік органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың, діни және қоғамдық бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, қалың жұртшылық қатысты. Аймақ басшылығы атынан облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев сөз сөйледі.
– Шығыс Қазақстан дегенде біз көз алдымызға шекараны елестетеміз. Шекарашылар мен біздің аймақ бір-бірімен тығыз байланыста. Облыс аумағында бірнеше шекара жасағы орын тепкен, ел шекарасының айтарлықтай бөлігі де – біздің аймақта. Апатта қаза тапқандар арасында жерлестеріміздің болуы бізді тіптен қатты күйзелтті. Облыстың түкпір-түкпірінде қаралы рәсімдер өтіп жатыр. Отандастарымыз өздерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде мерт болды. Марқұмдардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі. Олардың ата-аналарына, туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтамыз, – деді ол.
Қайғылы оқиғаға қатысты №2034 шекара әскерлері бөлімі бастығының орынбасары Қалжігіт Әлібеков, өскемендік ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Сергей Денякин, наиб-имам Рауан қажы, православие шіркеуінің өкілі Евгений сөз сөйлеп, мерт болғандардың туыстарына көңіл айтты. Митинг соңында жиналғандар қаза болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, суреттеріне аза гүлдерін қойды.
Шымкент түбіндегі әуе апатында қаза болған әскерилердің туған-туысқандарына қолдау көрсету үшін арнайы есепшот ашылды. Реквизиттері: бенефициар: Баймен Сапар Шеразович, бенефициардың ЖСК-сі: KZ 95 9260 8016 8519 4004, Бенефициар банкі: «Қазкоммерцбанк» АҚ, қабылдаушы банктің БСК-сі: KZKOKZKX. Қабылдаушының СТН/ЖСН-і: 430 220 054 687