Қазақшаға судай Карапетян
Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты байқау өтті. Биыл алғаш рет өткізіліп отырған бұл байқауға мемлекеттік тілді білуді өзінің азаматтық парызы санайтын 21 мен 35 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдері онлайн режимінде қатысты.
Иә, қазақ жерінде жүздеген этнос өкілдері тату-тәтті тіршілік кешіп жатыр. Олардың көпшілігі өздерінің ана тілдерін ғана емес, мемлекеттік тілді де өте жақсы біледі. Өйткені мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын біріктірудің аса маңызды факторы. Облыстық деңгейде алғаш рет өтіп отырған осынау байқаудың да мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді өзге ұлт өкілдерін ынталандыру.
Байқауға қатысушыларды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Роза Төлемісова құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Қазір елімізде іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қызметін қамтамасыз ету. Осы міндетті жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан шаралардың бірі – биыл бірінші рет өткізіліп отырған «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты осы байқау. Сондықтан да мемлекеттік тілдің мәртебесін баршамыз бірігіп көтеруіміз керек, сіздер мен біздер болып, жұдырықтай жұмылып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге атсалысуымыз қажет, – деді басқарма басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Екі кезеңнен тұратын байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер алдын ала ұсынған үш минуттық қысқаметражды фильм түсіріп, «Мен неге бас жүлдеге лайықтымын?» тақырыбында жазған эсселерін қазылар алқасының назарына ұсынды. Ал екінші кезеңде қатысушылар онлайн режимінде ұяшық таңдап, «Мен өз елімнің патриотымын», «Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлы», «Тұғыры биік, тамыры терең Тәуелсіздік», «Бірлігі жарасқан елміз», «Ата Заңымызға – 25 жыл» және т.б. еркін тақырыпта ой толғады.
«Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауына қатысқан үміткерлердің мамандықтары да әртүрлі. Бірі әскери қызметкер болса, тағы біреуі – мемлекеттік қызметкер, бірі әнші болса, екіншісі – мұғалім. Олардың әрқайсысы мемлекеттік тілді білгенін ерекше мақтаныш етеді.
Мысалы, Өскемен қаласының атынан қатысқан Максим Зайцев қазіргі таңда 27943 әскери бөлімінің байланыс және автоматтандырылған басқару жүйелерінің бастығы болып қызмет етеді. Ол өзі қызмет ететін әскери бөлімде өтетін мемлекеттік тілді қолдану мен дамытуға бағытталған іс-шараларға белсене қатысады. Құжаттарды да сауатты дайындайды. Ал семейлік Юля Сасанина – қаладағы №2 жалпы білім беретін орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, «Nur Otan» партиясының мүшесі. «Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты облыстық Абай оқуларының бірінші орын иегері. Бородулиха ауданы атынан қатысқан Виктория Мокроусова – мемлекеттік тілді насихаттауға белсене атсалысып жүрген ұстаз, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері. Қазіргі уақытта ол Абай атындағы негізгі орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді.
Сонымен, ZOOM платформасында өткен онлайн байқаудың бас жүлдесіне қазылар алқасы күршімдік Армен Карапетянды лайық деп тапты. Шынында да, Күршім ауданының ішкі саясат бөлімінің бас маманы болып қызмет істейтін Армен мемлекеттік тілді өте еркін меңгерген екен.
Ал бірінші орын Бородулиха ауданы атынан қатысқан үміткер Виктория Мокроусоваға, екінші орын ұландық Анжелика Федотоваға, ал үшінші орын шемонайхалық Екатерина Бейсенбаеваға бұйырды. Осылайша, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуді көздеген тағы бір шара өз мәресіне жетті.
Мейрам Екпін
Мақала облыстық тілдері дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша әзірленді