Қазақ мектептеріне ғимарат, орыс мектептеріне оқушы жетіспейді
Облыстық болжау және талдау институтында Өскемендегі №3, №30 және №31 мектептерге қатысты мәселеге байланысты брифинг өтіп, қалалық білім бөлімінің бастығы Александр Кузнецов журналистерге орын алған жағдайға қатысты ақпарат берді.
Бұл әңгіме №31 мектеп ата-аналарының 18-мамыр күнгі жиналысынан кейін шыққан. Жиында аталған мектептің оқушылары мен педагогикалық құрамы алдағы уақытта өздеріне жақын орналасқан №30 мектепке ауыстырылуы мүмкін екені, ал қазіргі ғимаратқа №3 көпбейінді мектеп-гимназия көшірілетіні, оның ғимаратына оқушылардың бос уақытын өткізу орталығы орын тебу ықтималдығы сөз болған. Артынша өздерін «бастамашыл топ» деп атаған бірнеше ата-ана қарсылық таныта бастайды.
А.Кузнецовпен кездесуге жиыны тоғыз ата-ана келіпті. Ата-аналармен екі сағат бойы ортақ шешімге келе алмаған қалалық білім бөлімінің бастығы олармен енді тілшілердің алдында тәжікелесуді қажет көрмей, «бастамашыл топ» баспасөз орталығынан шығарылған соң ғана жауап берді.
А.Кузнецовтің сөзіне қарағанда, облыс орталығында мектеп оқушыларының саны айтарлықтай азаюына байланысты жалпы білім беру мекемелерінің желісін оңтайландыру шаралары жүзеге асырылуда. Мәселен, 2001 жылы қала мектептерінде 45 мыңнан астам оқушы оқыса, бүгінде ол сан 29 458-ге азайған. Әсіресе, орыс мектептерінде жыл өткен сайын оқушылар саны төмендеуде екен. Соның салдарынан осы уақытқа дейін төрт мектеп орыс тілінде білім беру жүйесінен қазақшаға ауыстырылған.
Өскемендегі 46 жалпы білім беру мекемесінің ішіндегі ең беделділерінің бірі – №3 мектеп-гимназияның жоба бойынша сыйымдылығы 920 орын. Қазір онда 1221 бала оқып жатыр. Ал №31 мектеп-лицей 1400 балаға арналғанымен, қазір бар болғаны 511 оқушы білім алуда. Мұндағылар көшіп баруға тиіс №30 мектептің сыйымдылығы 1200 орын болса, оқып жатқан оқушыларының саны – 624. Тіпті, екі мектептің оқушылары мен педагогикалық құрамын қосқанның өзінде №30 мектепке молынан сыйып кететін көрінеді.
Александр Кузнецовтің айтуынша, тағы бір мәселе мектептерге бөлінетін қаржыда болып отыр. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін мектептерге бөлінетін қаржы оның жоба бойынша сыйымдылығына қарай бөлініп келген. Солайша 511 оқушысы бар №31 мектеп-лицейдің әр оқушысына деп жылына 194 мың 300 теңге бөлінсе, 1221 оқушысы бар №3 мектеп-гимназияның әр оқушысына 108 мың 300 теңге шығындалған.
– Бұл айырмашылықты №31 мектептің оқушылары мен ата-аналары сезінбегенімен, тар орында қысылып-қымтырылып отырған №3 мектеп оқушыларының арқасына аяздай батып отыр. Мектептердің тиімділігін арттыру – маңызды мемлекеттік тапсырма.
Басшы сөзінен ұққанымыз, болашақта осы сәйкессіздікті жою үшін әр мектепке қаржыны жан басына шаға отырып, бөлу жүйесі енгізілмек көрінеді.
Ол №31 мектептің қазіргі жағдайы жайында тағы бір айқын мысал келтірді. Қазір мұндағы алтыншы сынып оқушыларының саны 28 бала екен. Бара-бара, 11-сыныпқа жеткенде сол 28-ден 15-ке жетпейтін оқушы қалары сөзсіз. Ал №3 мектептегі жағдай бұған мүлде қарама-қайшы.
Мектепті көшірудегі негізгі себептердің бірі педагогикалық құрамның сапасына да қатысты екен.
– Оқушылар азайған сайын мұғалімдердің сағат саны да азаюы заңды. Соның салдарынан білікті мамандардың көбі өздеріне тиімді жағдай туғыза алатын мектептерге ағылуда. Бұл бірінші кезекте білім сапасының төмендеуіне әкеліп соғып отыр. Сол себепті №31 гимназия ағылшын тілін тереңдете оқытатын мәртебесінен қол үзіп, техникалық бағытқа көшірілген болатын, – дейді А.Кузнецов нақты дерек келтіре.
Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында негізгі 10 бағыттың бірі ретінде елдегі адам капиталының сапасын жақсарту, оған қол жеткізудің негізгі жолы мектептердегі педагогикалық құрамның сапасын арттыру екені де атап көрсетілген. Сондықтан бұл шараны Елбасы Жолдауын жүзеге асырудың бір көрінісі деп қабылдаған жөн сияқты.
Журналистермен кездесу соңында А.Кузнецов осыған дейін қарсы топтың алдына қойған ұсыныстардың бәріне келіспегеніне қарамастан, қалай болғанда да ата-аналармен бірлесе отырып оңтайлы жол табатындарына сендірді. Сонымен әзірге бұл мәселені түпкілікті шешу алдағы уақыттың еншісінде тұр…