Қазақ мектебінің құрылғанына ширек ғасыр

Тәуелсіздік алғанға дейін бұрынғы Самар ауданында толыққанды қазақ мектебі болған емес. 1992 жылы халықтың сұрауымен, аудандық әкімшіліктің нұсқауымен қазақ мектебінің іргесі қаланады. Тұңғыш қазақ мектебіне осы өңірдің тумасы, ХХ ғасыр басында жарлы-жақыбайдың қамқоршысы болған, өткір тілді, үстем тап өкілдеріне, патша әкімшілігіне өз ойын ашық айта білген, кеңестік кезеңде «Правда» газетінің жергілікті тілшісі болған Жұбандық Болғанбаевтың есімін беруге шешім қабылданады.
Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдары қазақ мектебін құруға мұрындық болған көптеген ұстаздар мектептің көштен қалмай жұмыс істеуіне айтарлықтай үлестерін қосты. Мектеп ұжымына сол кездегі «орысша білсең өлмейсің» деген тұжырымды теріске шығару оңайға соқпады.
Ұстаздардың қажырлы еңбегі, шәкірттеріміздің талаптары арқасында 25 жыл ішінде мектеп үлкен жетістіктерге жетіп, 2016-2017 оқу жылында мектеп-лицей атауын иеленді.
Биыл Самар өңірінде қазақ мектебінің шаңырақ көтергеніне 25 жыл толуына орайластыра Жұбандық атамызды оқырмандарға басқа қырынан таныстыруды жөн көрдім.
Ж.Болғанбаев туралы жазушы Зәбір Баянов, тарих ғылымының докторы, профессор З.Дүкенбаева, З.Қайсенов, С.Қасиманов, В.Скуратов-Досымбетов әр жылдары газет, журнал беттеріне мақалалар жариялаған болатын. Шөберелес туысы Тұрдыбай Игібаев (қазіргі уақытта марқұм болып кетті) Жұбандық атасының «Алаш» партиясы мүшесі құрамында болғанын дәлелдеу үшін біраз жылдар іздестіру жұмыстарын жүргізген еді. Дәлелді деректер болмағанымен, Жұбандық Болғанбаевтың алаштықтарға тілеулес, серіктес болғаны, көмек қолын созғаны анық еді. Бұны Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай зерделенген материалдар, фотосуреттер арқылы дәлелдеуге болады.
1917 жылы ақпан төңкерісінен кейін жасырын әрекет етіп жүрген алаштықтар ашық партия құрып, қазақ деген ел бар екенін, оның көшбасшылары ел басқаруға лайық екенін көрсете білді. «Алаш» партиясының көшбасшылары Семей өңіріне топтасып, елім деген азаматтарды ортақ мүддеге біріктіре алғаны тарих беттерінен белгілі. 1917 жылы желтоқсан айынан 1920 жылы наурыз айына дейін өмір сүрген Алашорда үкіметі қазақ даласындағы ұлттық мемлекеттік құрылым болған еді.
Жұбандықтың арманы жұртты ояту еді
Алашорда үкіметінің жұмысына жергілікті жердегі молдалар, орысша-қазақша 1-2 сыныптық білімі бар азаматтар тартылды. Азамат соғысы кезінде Алашорда үкіметі өз атты әскерін құру мақсатын жүзеге асыру үшін Семей, Өскемен, Зайсан уездерінің ауқатты, көзі ашық азаматтарынан «Алаш» партиясына ақшалай-материалдық көмек алып отырған. Сондай көмек берушінің бірі Жұбандық Болғанбаев еді. Оған дәлел осы мақсатпен Семей қаласына келген Әлихан Бөкейхановпен бірге түскен суреті .
Суретте: Сол жақтан оң жаққа қарай, бірінші қатар: Жақабай Әтикеұлы, Жұбандық Болғанбайұлы, Тұрағұл Абайұлы, Әлихан Бөкейхан, Райымжан Марсеков, Зайсан мешітінің имамы Әбдірахман. Екінші қатар: сол жақтағы екінші тұрған Мұқан Жакежанұлы, қасында Көкбай Жанатайұлы, Жаңабай Антиков.
Жұбандық Болғанбаевтың «Алаш» партиясының серкелерімен, атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлымен, М.Дулатұлы, А.Байтұрсынұлымен түскен тағы бір суреті оның алаштықтардың идеясын қолдағаны, тілеулес, жақтас екенін білдірсе керек. ( 1918 ж.,Семей қ.).
1918-1920 жылдар аралығында болған азамат соғысында ақ гвардияшылардың қатыгездігінен түңілген алаштықтар Кеңес билігін мойындай бастағаны тарихтан белгілі. Алаштықтар ұлттық мемлекетін орнықтыру, сақтап қалу үшін жол айырығында тұрып, Кеңес билігі бағытына бет бұрғанда Ж.Болғанбаев та ауылда Кеңес билігін орнатуға құлшына кіріскен. Жұбандық елдің жағдайын жақсы білген, заман ауанына қарай не істеу қажеттігін дер кезінде көре білген. Кеңес үкіметі алғаш орнаған кезде халықты банктен несие алуға, ұжым болып іс тындыруға үгіттейді. Кедейлер арасында түсіндірме жұмысын жүргізе отырып, кооперация ұйымдастырады. Құлынжон болысында мектеп ашады, бірақ бай топтардың қарсылығына ұшырайды. Көзі ашық Жұбандықтың іс-әрекетінен өз ұлты арасынан іскер, білімді азаматтар молайып бір іргелі елге айналсақ деген арман жатқандай. Бұл алаштықтардың мақсат-мүддесімен сәйкес келеді.
Алаштықтардың патша кезеңінің, яғни 1905-1907 жылдары І, ІІ Мемлекеттік Думаға сайланып, Дума мінбесінен Б.Қаратаевтай азаматтардың жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап сөз сөйлегендері, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін ұлттық автономия идеясын көтерулері отаршылдық жүйенің құрсауын жібіте түскен еді. 1920 жылы наурыз айында Алашорда үкіметі таратылып, Қазақ АКСР-і құрылғанда оның территориясына, Семей, Ақмола, Қостанай облыстарын қосу мәселесі тұрғысынан дау туындайды. Алаштықтардың дерек көздерімен дәлелдеулерінің арқасында ол өлкелер қазақ жеріне қосылып, еліміздің іргесі сөгілмей, егеменді ел болуымызға алғышарт жасады.
Қазіргі күні Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасты және әлемдік қоғамдастықтың толық құқылы мүшесі, оның ажырамас бөлігіне айналды. Көп ұлтты елімізді нығайту-бүгінгі нақты бағытымыз, ашық та айқын мақсатымыз. Осы мақсатта Болғанбаев атындағы мектептің ұжымы оқушыларға тәлім-тәрбие беруде қазіргі заман талаптарына сай еңбек етуде. Оқушылар білімдерімен, спорттық жетістіктерімен мектеп дәрежесін биікке көтеруде. 2004 жылы ҰБТ тапсыру басталғаннан бері 13 жыл ішінде 14 оқушы «Алтын белгі» төс белгісіне ие болды. Оқушыларымыз тікелей, қашықтықтан орындалатын барлық сайыс, олимпиадаларға белсенділікпен қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болуда. Былтырғы оқу жылында Еркебұлан Қамбаров халықаралық ғылыми жоба қорғауда І орынды жеңіп алып, аудан, облыс мәртебесін өсірді. Оқушыны дайындағын физика пәні мұғалімі А.Сеңгербаева «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгімен марапатталды.
Бұл көрсеткіштер 25 жыл ішіндегі жетістіктеріміздің бір бөлігі ғана. Ұстаздар қауымы тәуелсіз еліміздің білімді, адамгершілігі жоғары, жауапкершілікті сезіне білетін, жан-жақты ұрпақтарын тәрбиелеп, үлкен өмірге бейімдеуде.
Алтын ұя мектебіміз бүгінгі таңда аудан, облыс көлемінде алдыңғы қатарлы білім ошағына айналып отыр.
Әсиға Татманова,
Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі.