Мәдениет

Қазақ халқы жаңаша дамуға бет алды

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мазмұны терең, тағылымы мол мақаласы қалың қазақ жұртшылығын бір серпілтіп тастады. Ел тарихының қырлары мен сырларын ашып көрсете отырып, өткенімізге барлай үңіліп, оған әлем өркениеті тұрғысынан қарап, зерделей зерттеуге үндеді. Ғалымдардың пікіріне сүйене отырып айтар болсақ, бұл мақала ел ішінде кеңінен қолдау тапқан «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының заңды жалғасы болатын.

Талан-таражға түскен рухани қазына түгенделді

Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында – бұрынғы жоспарлы экономикадан нарық экономикасына өтер тұста, ең алдымен, мәдениет саласы қиындыққа ұшырады. Клубтар мен филармониялар, кітапхана мен балабақшалар жабылып, халықтың мәдени өмірінің тамырына қан жүгіртіп тұрған мекемелердің есігі тарс жабылды. Театр, кинозалдар қаңырап қалды. Жабылған кітапханалармен бірге еліміздің кітап қорына елеулі нұқсан келді. Қорық, мұражайлар қараусыз қалып, мәдени ескерткіштер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекеттің қазынасындағы қаржысы да санаулы болатын. Онымен мәдени саланы ұстап тұруға шамасы келмей, он шақты жылдың көлемінде бұл сала қараусыз қалғандай күйде болды…

Одан кейін барып экономикасына жан біткен қазақ оң-солына анық қарап, ойсырап қалған өнер, әдебиет және мәдениетін іздей бастады. 2003 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның мәдени мұраларын сақтау, мемлекеттік тілде гуманитарлы білім қорын жасақтау, тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, сондай-ақ ұлт әдебиеті мен өнерін зерттеу үшін бірыңғай жүйе қалыптастыруға бағытталған бағдарлама жасауға керектігін айтып, нақты тапсырмалар берген. Соның негізінде 2004 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы құрылып, жаңа ғасырда тәуелсіз қазақ елінің мәдениеті жаңаша дамуға бет алды.

Осы күнге дейін біразы өнерпаздар тарапынан орындалып жүргенімен, әлі біразы қағаздағы нотада қалып қойған қазақтың ән-күйлерін толығымен халыққа жеткізуді көздеп, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы арқылы «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» атты қазақтың дәстүрлі музыка антологиясының жобасы жасалды. Сөйтіп, ұлттық ән-күйлердің түпнұсқалық орындаудағы нұсқаларын жинау, дайындау, өңдеу, қалпына келтіру, сандық пішінге көшіру арқылы CD-дискілерге шығару бойынша аса ауқымды жұмыс атқарылып, елімізде бұрын-соңды болмаған музыкалық қор жасалып, халыққа ұсынылды. Қазақтың дәстүрлі музыкасының антологиясы – бүгінде ұлттық байлығымызға айналған дәстүрлі музыкалық шығармаларының сандық нұсқадағы бірегей толық топтамасы. Бұл музыкалық шығармалардың жазбасы бұрын тыңдарманға қолжетімсіз болса, қазіргі күнде кез келген тыңдарман ұлттық ән-күйдің жауһарларымен еркін сусындай алады.

Қасиетті-тарихи орындардың толық тізімі жасалды

Қазіргі Шығыс Қазақстан территориясындағы табылған патша қорғандары мен тарихи жәдігерлер сақ, үйсін, түрік кезеңіндегі халықтың осы аумақта тіршілік құрып, көшпелі және отырықшы шаруашылықпен айналысқандығын, мемлекеттік дәстүрлерінің қалыптаса бастағандығын көрсетеді. 2017 жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша Қазақстандағы қасиетті-тарихи орындардың толық тізімі жасалды. Аталған тізімге Шығыс Қазақстан аумағындағы бірқатар маңызды мұралар енгізілді.

  1. Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері

Ақтас тауындағы Қоңыр Әулие үңгірі – Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы.

– Мұзтау – Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы.

– Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені – Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы.

– Берел, Шілікті тарихи-археологиялық кешендері – Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай және Зайсан аудандары.

  1. Діни және ғибадат орындары болып табылатын орындар

– Қозы Көрпеш пен Баян сұлу кесенесі – Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы.

– Ырғызбай ата кесенесі – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.

  1. Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар

– Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен батырлардың кесенелері: Ер Жәнібек Бердәулетұлы – Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы.

– Абайдың «Жибедай-Бөрілі» тарихи-мәдени кешені – Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы.

– Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалды үйі – Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы.

  1. Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар

– Семейдегі Алаш арыстары үйі – Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы.

– Семей полигоны құрбандарына арналған «Өлімнен де күшті» монументі – Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы.

Дала өркениетінің жоғары деңгейде болғанын дәлелдеді

Шығыс Қазақстанда өңірдегі археологияны дамыту бағдарламасы бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Әбдеш Төлеубаев, Зейнолла Самашев, Карл Байпақов сынды белгілі археологтармен қатар Ұлан Үмітқалиев, Ерден Оралбай сынды жас ғалымдар аталмыш бағдарлама аясында Ұлан, Катонқарағай, Тарбағатай, Көкпекті, Абай, Зайсан аудандарында қазба жұмыстарын жүргізіп, құнды жәдігерлер тапқаны мәлім. Жоғарыда аты аталған ғалымдар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын зор ықыласпен қабылдағанын, мақаланың мағынасы тереңде жатқанын айтады.

Тарбағатай ауданындағы Елеке сазынан тоналмаған «Алтын адамды» тапқан археолог Зейнолла Самашевтың пікірінше, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала «Рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы.

– Кейінгі жылдарда Шығыс Қазақстанда бірегей жәдігерлер табылып, айтулы ашылулар болды. Бұл мұқым республика жұртшылығына мәлім дүние. Облыс әкімдігінің қолдауы арқылы менің ғылыми жетекшілігіммен Катонқарағай ауданының Берел қорғандары, Тарбағатай ауданының Елеке сазы ескі қорымы зерттелді. 2017 жылы, былайғы жұрт «Дала амазонкасы» деп атап кеткен, біздің заманымызға дейінгі III ғасырда жерленген ақсүйек ұрпағы жауынгер жас қыздың қабірі табылды. Ал Елеке сазынан табылған «Алтын адам» – шамамен, 17-18 жастағы ақсүйек жас жігіт. Мөлшері біздің заманымызға дейінгі VIII–VII ғасырларда жерленген. Бұл, Елбасы өз мақаласында айтқандай, дала өркениетінің жоғары деңгейде болғандығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік берді, – дейді Зейнолла Самашев.

Осынау маңызды ашылулар шетел сарапшылары мен ғалымдарының қатысуымен болатын «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларында көпшілікке көрсетілді.

Қорыта айтқанда, жоғарыда аталған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды Елбасы жариялаған бағдарламалар мен мақалалар өтпелі кезеңдегі қазақ халқының жоғын жоқтап, барын түгендеді. Ұлы даланың ұлылығын танытатын тың бағытқа жол сілтеді.

Ерден Оралбай, Ә. Марғұлан атындағы археологиялық  институттың ғылыми қызметкері, археолог:

– Еліміз тәуелсіздік алып, әлем сахнасында жаңа қырынан көрініс тапқалы бері, отандық ғылым, оның ішінде Қазақстан археологиясы өзіндік сипатта дамуға мүмкіндік алды. Еліміздің территориясында жүргізілген түрлі археологиялық ғылыми зерттеулердің қара шаңырағы іспеттес Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты да ұзақ жылдық қалыптасу, даму тарихын бастан өткере отырып, тәуелсіздікпен бірге қайта жанданғаны белгілі. Дегенмен ұлттық мәдениеттің кедергісіз өркендеп, кібіртіксіз өмір сүруі үшін дұрыс көзқарас пен үлкен құрмет қажет. Осы ретте еліміздегі тарихи-археологиялық зерттеулерге «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды тарихи-мәдени бағдарламалар негізінде жағдай жасап, тарихи сананы жаңғыртуға мүмкіндік туғызу арқылы өз қолтаңбасын қалдырған Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаевтың еңбегін ерекше атай аламыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы әрбір азаматтың дүниетанымын өзгерткен бағдарлама болды. Бұл – халықтың рухани құндылықтарын сақтай отырып, болашаққа ұмтылуы. Елбасы атап өткендей, қоғам санасын жаңғыртудың негізі өзінің мәдениетін, ұлттық кодын сақтау және жаңа шындық жағдайында жаңаруға ұмтылуы болып табылады.

Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан зерттеу жұмыстары Шығыс Қазақстанның құпияға толы, ежелгі дәуірден өркениет ошағы болғанын көрсетіп отыр. 2016 жылдан бері  «Ежелгі қазына» жобасы аясында профессорлар Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаевтың бастамасымен Берел, Шілікті, Елеке сазы қорғандарына, Аблайкит бекінісіне, Қырықүңгір ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Үш жыл ішінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының барлық қорлары 20 мыңнан астам жаңа артефакттарға толықты.

Елбасы өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде отандық археологияның өзектілігіне ерекше назар аударады. «Тарихи жәдігерлер туралы, оларға деген көзқарас туралы айтқанда, менің көкейімде тұрған нәрсе – ұлттық рух деп аталатын, бірақ та анықтауы қиын «тарихтың затын» материалдық жағынан тұрлаулы етіп тұрақтандыру қажет», – деп атап өтеді. Расында да, археологиялық тұрғыдан зерттеліп, анықталған тарихи құндылықтар халықтың біртұтастығы мен ортақ тарихи сананың қалыптасуында, ұлттық идеяның жаңғыруында өзіндік маңызды орын алатыны сөзсіз.

Осы айдарда

Back to top button