Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш эпиграмма жинағы

Шығыстағы танымал журналист, ақын, сатирик Мұратхан Кенжеханұлының «Қоңыр қалжың» атты эпиграмма жинағының тұсаукесері өтті.
Оралхан Бөкей атындағы Өскемен қалалық кітапхананың қонақжай залы ақынның қалың оқырманына лық толды.
Айта кетсек, бұл қазақ әдебиеті тарихындағы тұңғыш эпиграммалар жинағы. Кітаптың тұсауын облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы, Мұратхан ақынның өз тілімен айтсақ, Шығыстағы журналистиканың уәлиі һәм ханы Уәлихан Тоқпатаев пен қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков кесті.
– Мұратханның бұл жинаққа енген эпиграммалары әуелде газетіміздің бір жобасы ретінде қолға алынып еді. Міне, енді жеке жинақ болып шықты. Жазуы қанық, әрбір жанның ішіндегі пернесін тап басып айта білген, – дейді Уәлихан Тоқпатаев.
Жоғарыда атап өткеніміздей зал оқырман қауымға лық толы еді. Оның басым бөлігі жастар болатын. Аталмыш кітапхананың жанынан бой көтерген «Шабыт» ақындар мектебінің шәкірттері кеш иесіне жырдан шашу шашты. Тіпті көрші жатқан Керекуден келген студенттер бар-ды. Олар сол өңірдегі зиялы қауымның сәлемін ала келіпті.

Кештің қызығын «Шабыт» студенттер театрының жастары кіргізді. Жас әртістер ақынның кейіпкерлерінің бейнесіне еніп, оқырманды күлкіге қарық қылды, және қандай күлкі, көрерменнің өзі айтқандай, ойлы күлкі.
Оразай Жеңісұлы