Мәдениет

Айжанның айы оңынан туды

Айжанның айы оңынан туды


Ұлыстың Ұлы күні облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма Өскемендегі Республика алаңында «Полиглот» акциясын өткізді. Айтулы мерекеге орай ұйымдастырылған акцияға үш тілді меңгерген қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

– Бүгінгі шара Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Жолдауы мен «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Акцияны Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесіне орайластыруымыздың да өзіндік себебі бар. Өйткені, бұл шараға кішкентай баладан бастап, жасы ұлғайған қарияға дейін қатысуға мүмкіндік бар. Акция сұрақтары еліміз бен жеріміздің тарихына, салт-дәстүріне байланысты. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтарымыз да бар. Олар үшін ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бейнесі мен нақыл сөздері жазылған кружкалар мен тарелкаларды арнайы тапсырыспен жасаттық. Ал оза шапқандар акцияның бас жүлдесі – домбыраға ие болады, – деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.

Шынында да, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және дамыту, үштілділікті насихаттау, ұлттық құндылықты дәріптеу және қазақстандық патриотизмді нығайту мақсатында өткен шараға қатысып, өз бағын сынап көргісі келгендердің қатары өте көп болды. Сайыс форматында өткен акцияда қатысушыларға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сұрақтар қойылды. Үш тілдегі сұрақтарға тосылмай жауап бергендер де, мүдіргендер де көп болды. Осылайша, акция аясында екі жеңімпаз анықталды. Оның бірі – Ұлан ауданы, Қ.Қайсенов кентіндегі Р.Мәрсеков атындағы мектептің 9-сынып оқушысы Алтынай Қуанышбек. Ана тілінен бөлек, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеруді алдына мақсат етіп қойған Алтынай биылғы оқу жылында мектеп оқушылары арасында өткен облыстық «Полиглот» байқауында топ жарып, үшінші орынды иеленген көрінеді. Ал осынау акция барысында айы оңынан туып, ұлтымыздың қасиетті домбырасына ие болған екінші жүлдегер – Өскемен қаласындағы №7 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Айжан Қайсанова.

– Бүгінгі Наурыз мерекесі менің есімде ұзақ сақталатын болды. Акцияға қатысып, жүлделі болғаныма қуаныштымын, – дейді ол.

Осылайша, алаңға келгендер «Полиглот» акциясына қатысып, үйлеріне қуанып қайтты.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button