Білім

Айжан САДЫҚОВА: – Апаттық жағдайдағы мектептердің көпшілігіне жөндеу жүргізілді

ЖЕДЕЛ СҰХБАТ

Айжан САДЫҚОВА: - Апаттық жағдайдағы мектептердің көпшілігіне жөндеу жүргізілді

Енді бірер күнде жаңа оқу жылы да басталып кетеді. Қазір Білім министрлігінен бастап ауыл мектептеріне дейін қарбалас шақ. Осы бір жауапты науқанның қарсаңында облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықоваға жолығып, облыс мектептерінің биылғы жаңа оқу жылына әзірліктері қандай, білім саласында айта қаларлықтай жаңалықтар бар ма? – деген сауалдарымызды қойғанбыз.

– Айжан Ерханқызы, облыс мектептерінің хал-ахуалы жайында қысқаша айтып берсеңіз. Қаншасы күрделі жөндеуден өтті, жаңадан ашылған мектептер бар ма және апатты жағдайда саналатын білім ошақтары қай аудандарда тіркелген?

– Бүгінгі күні жалпы облыс бойынша 12 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатқан болса, соның жетеуі осы жылдың соңына дейін құрылыстарын аяқтап, пайдалануға берілуі керек. Ал «Апатты жағдайдағы мектептеріміз мүлдем жоқ» – деп, айта алмаймыз. Ондай мектептердің барлығына дерлік жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір күн тәртібінде тұрған екі мектеп бар. Олардың мәселелері бірі сыйымдылығы төмен болғандықтан, екіншісі жер теліміне қатысты шешім таппай жатыр. Ол мектептің бірі Күршім ауданының Жолнұсқау ауылында. Бірақ сол ауылдың екі жағындағы екі ауылда да жаңа мектеп салынған. Мысалы, 50-ақ бала оқитын ауылға жаңа мектеп салу үшін жоқ дегенде 1 млрд. теңге қаражат жұмсалады екен. Осы сала мамандарының айтуынша, бұл қай жағынан болмасын тиімсіз. Енді бір апатты жағдайда деп саналатын мектеп осы ауданның Ұранхай ауылында. Ол жердің аумағы табиғатының ерекшелігіне байланысты мемлекеттік қорғауға алынғандықтан табиғатты қорғау органдары әзірге жер телімін бермей отыр. Дегенмен, бұл мәселе шешімсіз қалмайды. Болашақта екі ауылға да типтік үлкен мектеп болмаса да, өздеріне шақ білім ұялары салынатын болады. Жөндеу жұмыстарына келер болсақ, биыл облыс бойынша 3,5 млрд. теңгеге мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Облыста 5104 мұғалімнің орны бос тұр

– Облыс бойынша жекелеген пәндерге мұғалімдердің жетіспеушілігі қай деңгейде және мұндай өзекті мәселені қалай, қандай жолдармен шешпексіздер?

– Қазіргі таңда облыс бойынша 514 ұстаздың орны бос тұр. Бұл мәселемен біз жыл басынан бері айналысып келеміз. Білім басқармасының сол кезде өткен коллегиялық отырысында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Мұқашұлы арнайы жұмыс тобын құрып, кешенді жоспар әзірлеуді тапсырған. Сол жұмыс тобы құрылып, құрамына көпшілікке аттары мәлім, беделді мектептердің директорлары, С.Аманжолов атындағы университеттің білікті ұстаздары мен әкімшілік қызметкерлері енген. Осы жұмыс тобы кадр тапшылығына қатысты кешенді жоспар жасап, қазір сол жоспар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жоспардың іс шараларының ішіне кірген бір тарауы бойынша жаңағы мамандар жетіспейтін мектептер С.Аманжолов университетімен тікелей жұмыс істеп, оқушыларды ерте бастан педагогикалық мамандыққа психологиялық тұрғыдан әзірлеу. Өйткені мектеп бітірген көптеген түлектер педагогика мамандығына тек қана грант болғандықтан оқып шығады да, кейін ол мамандығы бойынша жұмыс істегілері келмей, басқа салаға кетіп қап жатады. Сондықтан да біз балаларға кішкентай кездерінен бастап ұстаздық жолды таңдауға әсер етіп, ұстаз мамандығының қыр-сырын үйретіп, оның қоғамдағы алатын орнына көңіл бөлдіріп, түсіндіру арқылы ерте бастан баулимыз. Бұл жұмысқа Семейдегі Шәкерім университеті де тартылатын болады. Одан бөлек кадрлық жәрмеңкелер жүйелі өткізіліп тұрады. Сонымен қатар білім басқармасының сайтында база құрылған. Сол базаға әр мектеп өздеріне қажетті маманды кіргізіп қояды. Бұл біріншіден білім басқармасының назарында болады да, екіншіден жұмыс іздеп жүрген жас мамандар базаға кіру арқылы өз резюмелерін сол мектептің директорына жібере алады. Тағы бір өзекті мәселе, ол жас мамандардың, сондай-ақ, қалаға ауысып келген мұғалімдердің баспана мәселесі. Ондай жас мамандардың саны бір ғана Өскеменде 318 екен. Олардың басым көпшілігі пәтер жалдап тұрады немесе таныс-тамырларын жағалайды. Ал баспаналы болғандарының өздері банктерден несие алғандар. Бір сөзбен айтқанда, тапқан-таянғандарының жартысынан көбін ай сайынғы пәтерақыға төлейді. Осы мәселені шешудің бір жолын әзірге Өскемен қаласынан бастап отырмыз. Өйткені осында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жүрген жастарға арналған екі жатақхана салынуда. Ол жерде жас мамандар бес-он жылға дейін тұра алатын болады. Яғни, өздері баспана мәселесін шешкенге дейін. Ай сайынғы арендалық төлемі бар болғаны екі мың теңге. Бірақ біз 318 маманның барлығына бірдей ол жатақханадан орын бере алмаймыз. Олардың арасында ең алдымен отбасылық жағдайын, білім саласындағы үзіліссіз еңбек өтілі мен жетістіктерін ескере отырып, іріктелген 40 адамның тізімін кезекке тіркетіп қойдық.

– Қазір қит етсе болды ата-аналар мұғалімдерге дүрсе қоя беріп, орынсыз айыптап, тіпті кей жерлерде сотқа берген жайттарды да естіп жүрміз. Осыны көріп өскен қайсыбір оқушылар ұстазға деген құрметсіздікке жол беріп, өздерін тым дөрекі, еркін ұстап жүрген жоқ па?

– Расында да ондай жайттар бар, тіпті көп кездеседі деуге болады. Осы тұрғыдан алғанда менің жеке көзқарасым бойынша қазіргі таңда баланы ғана емес қайсыбір ата-аналарды да тәрбиелеу керек секілді. Менің өзіме «Ана мектептің директорын алып тастаңызшы немесе пәлен деген мұғалім ұлтшыл, енді бірі баламның соңына түсіп алды, бағасын дұрыс қоймайды. Соларды жауапқа тартып, жазаласаңыз екен» деген сарында көптеген қоңыраулар түсіп жатады. Арнайы тексеріс жүргізілгенде бұлардың көпшілігі негізсіз, жай әншейін баланың ауызша шағымына бола көтерілген шу боп шығып жатады. Бүгінгі күні көптеген ата-аналар ондай жағдайларда ұстаздың өзімен жүзбе-жүз барып сөйлесіп, мәселенің анық-қанығына, қаншалықты растығына көз жеткізбейді. Осылай деп шағымданған қайсыбір ата-аналар біраз уақыттан соң қайталап телефон соғып, «Сізге рақмет! Мұғаліммен сөйлестік, бізден бір түсініспестік болған екен. Ешкімді жазаламай-ақ қойыңыз» деп жатады.

Жалпы, мұғалімдерге айтарым, бұрынғыдай емес, қазіргі ата-аналар интернет, газет-журнал арқылы көп нәрседен хабардар. Өзге мемлекеттердің мұғалімдері қандай жаңалықтар мен жақсылықтар енгізіп жатыр? Білім саласында қандай тың өзгерістер мен бағдарламалар бар? Бәрін біліп отырады. Сондықтан ондай талаптар мен тың идеяларды, жаңа жобалар мен ұсыныстарды біздің мұғалімдерден де күтеді. Болашақта талап ете бастаса да таңғалмауымыз керек. Олар ұстаздардан көп нәрсені күтеді, көп жақсылықтардан үміттенеді. Сол себепті де біздің ұстаздар көп ізденулері керек. Қоғамдағы ұстаз бағасын биікке көтергіміз келсе, ұстаздар қай жағынан болмасын білім, тәрбие, мәдениет, саясат дейсіз бе, өзгелерден бір бас жоғары, қоғамның бүгінгі талабынан бір қадам ілгері тұрулары тиіс.

Диплом алу үшін ғана оқитын жастар көп

– Бір кездері кез келген мектептерде қазіргіге қарағанда ер мұғалімдер анағұрлым көп болатын. Солардың арқасында мектептің ішкі тәртібі де көп сынға іліне бермейтін. Қалай ойлайсыз, қазіргі білім ұяларында ер мұғалімдер қатары неліктен азайып кетті және олардың мектептің ішкі тәртібінде, оқушылардың тәлім-тәрбиесінде атқарған рөлі қандай еді?

– Бұл жерде бір емес, бірнеше себептер бар. Көп балалар педагогика мамандығына жүрдім-бардым қарап, әйтеуір бір диплом алу үшін ғана оқиды. Сосын, отбасында ер адам үйдің асыраушысы саналатындықтан шамасы келгенше табысы молдау жұмысқа орналасқысы келеді. Әйтпесе, ер-азаматтардың мектеп қабырғасында жүруі ішкі тәртіпке оң әсер етері сөзсіз. Педагогтардың жалақысының төмен екендігін екінің бірі біледі. Осы себеппен жас мұғалім жігіттерді былай қойып, мектептерде бұрыннан жүрген көптеген ер мұғалімдер ұстаздық мамандықтарын тастауға мәжбүр болды. Қайта, соңғы бес-алты жылда ұстаздардың жалақылары әжептәуір көтерілді. Бірақ ол жоғары жалақыны алу үшін әрбір мұғалімнің категориясы мен еңбек өтілі көп болуы керек. Айталық, жоғары немесе бірінші санаттағы мұғалім, еңбек өтілі 15 жылдан асқан, үш деңгейлі курстан өткен болса ай сайын 150-170 мың теңге аралығында айлық алса, ауылдық жерлердегі ұстаздардың тұрмыстық жағдайлары ескеріліп 25 пайыз үстеме қосылған. Ал дипломын ала сап жұмысқа кіріскен жас мамандар 60-70 мың теңгенің арасында айлық алады.

– Тәуелсіздік алғалы бері мектепті де, мұғалімді де қоғамға сүйкімсіз етіп көрсетіп келе жатқан факторлардың бірі – «Мектептерде түрлі себеп-сылтаулармен оқушылардан, ата-аналардан ақша жинау» – деген, жағымсыз үрдіс. Осы мәселені ата-аналармен ақылдаса отырып, бір жылға белгілі бір соманы белгілеп, «мектеп қоры дейміз бе, басқа дейміз бе?» заңды түрде шешуге болмай ма?

– Бұл мәселеге қатысты әр мектепте қамқоршылық кеңес құрылған. Құрамына ата-аналардан бөлек жекелеген кәсіпкерлер мен кәсіпорын өкілдерін енгізуге де болады. Сосын, ата-аналар да әртүрлі. Қайсыбіреулері әсіре белсенділік танытып ананы ауыстыру керек, мынаны жаңартуымыз керек десе, енді бірінің ондай көмек беруге мүмкіндіктері болмай жатады. Кез келген ата-ана осы және өзге де мектеп өміріне қатысты шағымдары мен ұсыныстарын облыстық білім басқармасының телефонына (Whats App 8 771 202 85 25) жазып жібере алады. Аты-жөндерін көрсету міндетті емес, тек, мектебі мен сыныбын көрсетулері керек. Ол, ертеңгі күні сол мәселені тексеретін болсақ қажет болады. Біз жалпы облыстық білім жүйесіне жаңа көзқарас енгізудеміз. Ол түлектермен жұмыс істеу. Бұл әлем бойынша қолданылып келе жатқан әдіс. Мысалы америкалық кез келген оқу орнын алып қарасаңыз, олардың түлектерінен құрылған арнайы қор бар. Ол қорға қаражаттың көп түсетіндігі соншалық, олар өздерінің озат оқитын балаларына сол қор арқылы шәкіртақы да белгілеп отырады. Бұл жақсы үрдіс бізде де енді-енді жолға қойылып келеді. Мұның басында «Туған жерге – тағзым» акциясының тұрғандығын айта кетуіміз керек. Осы акция аясында қанша мектептерге күрделі жөндеулер жүргізілді, жиһаздар сатып алынып, компьютер сыныптары жабдықталды. Бірқатар ауылдарда спорттық кешендер салынды. Осы үрдіс үзіліп қалмай жалғасын табуы үшін біздер жұмыс істеп жатырмыз.

– Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ облыстық білім мекемелеріне қойып отырған талаптары мен тың ұсыныстары бар ма?

– Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының 2015 жылдан бері облыстық білім саласына қойып отырған ең негізгі талабы – үштілділікті енгізу. Үштілділік кешенді жоспар қабылданып, оның жүзеге асырылуына 1 миллиардтан астам қаражат бөлінді. Қазірдің өзінде біздің өңірде осы бағытта бірқатар мәселелер қолға алынып жатыр. Республика бойынша 2019 жылы барлық жоғары сынып оқушылары бірнеше пәнді ағылшын тілінде оқиды деп жатса, біздің бүгінгі атқарып жатқан іс-шараларымыз осыған белсенді әзірлік деп қарауымыз керек. Бұл жоспардағы негізгі бағыт ол қазақ, ағылшын және орыс тілі пәндері мұғалімдерін дайындау, олардың біліктілігін арттыру. Өйткені осы жылдың басында өткізген диагностикамыз көңіл көншітерліктей емес. Тіл мамандары өздері сабақ жүргізетін пәндерінің тілін жетік меңгермеген. Айталық, ағылшын тілі мұғалімдерінің тең жартысы ағылшын тілін білмесе, орыс тілі мұғалімдерінің үштен бір бөлігі, ал қазақ тілі мұғалімдерінің арасында алтыдан бір бөлігі өздері жүргізетін орыс-қазақ тілдерін дұрыс білмейді. Осы бағытта әлі де жұмыс жүргізуге мүдделіміз.

– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button